Шарайна
Сенбі, 18 мамыр 2013 1:27
АҚШ Ресейден «өш алу» ниетінде
АҚШ елден Ресей дипломатын шығарып жіберу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл АҚШ елшілігінің үшінші хатшысы ретінде Ресейде жасырын жұмыс жүргізген Райан Фоглды елден қууға қабылданған шешімге жауап қадам ретінде қабылдануы ықтимал. Мұны АҚШ Мемдепартаментінің өкілі Патрик Вентрелл мәлімдеді.
Сенбі, 18 мамыр 2013 1:27
АҚШ Ресейден «өш алу» ниетінде
АҚШ елден Ресей дипломатын шығарып жіберу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл АҚШ елшілігінің үшінші хатшысы ретінде Ресейде жасырын жұмыс жүргізген Райан Фоглды елден қууға қабылданған шешімге жауап қадам ретінде қабылдануы ықтимал. Мұны АҚШ Мемдепартаментінің өкілі Патрик Вентрелл мәлімдеді.
Осының алдында АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Майкл Макфолға Орталық барлау басқармасының өкілі Райан Фоглдың Ресейдің арнайы қызметінің бірінің қызметкерін АҚШ-тың пайдасына құпия жұмысқа тартуға әрекеттенгені үшін наразылық білдірілген болатын. Осылайша қылмыстық пиғылы әшкереленіп қалған америкалық дипломатқа Ресей аумағын тез арада тастап шығуы тиістігі жөнінде ескертілген еді.
Сирия туралы қарар қабылдады
БҰҰ Бас Ассамблеясы Сирия жанжалын жазғырған қарар қабылдады. Құжатта қантөгісті бейбіт реттеу қажеттігі атап көрсетіледі. Ал қарар тек ұсынымдама сипатына ие болса, оны 107 елдің өкілдері қолдаған. 59 мемлекеттің дауыс беруден тыс қалғанын да атап өткен жөн.
Ресейді, Беларусьті, Қытай мен Иранды, Сирияны және Венесуэла мен Корея Халық-Демократиялық Республикасын қоса алғанда, 12 мемлекет қарарға қарсы дауыс берген. Тәуелсіз БҰҰ дипломаттарына сілтеме жасаған «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, былтыр мұндай қарарды 133 мемлекет қолдаған көрінеді. Бұл арада қарарға қолдау көрсету көрсеткішінің төмендеуі үкімет әскерлеріне қарсы жасақтар санының өсе түсуіне алаңдаушылықпен байланысты болып отырған сыңайлы.
Лаңкестіктің салдары өте ауыр
Иракта қатарынан жасалған жарылыстар салдарынан кем дегенде 35 адам қаза тапты. Ел астанасы – Бағдат қаласында жарылғыштар салынған бірнеше автокөлік жарылып, ол 22 адамның өліміне және ондаған адамның жарақат алуына соқтырды.
Лаңкестік әрекеттер, сондай-ақ, Ирак астанасының төңірегіндегі Садр және Заафарания аудандарында орын алған. Бұған қоса, Бағдаттың солтүстігінде мотоцикл мінген жанкешті өзін полиция патрулі жанында жарып жіберген. Екі полиция қызметкері қаза тапқан. Киркук қаласындағы үкімет ғимаратының жанында жасалған жарылыс салдарынан 10 адам о дүниеге аттанған. Мосулде автомагистраль үстінде жасалған жарылыстан бір полиция қызметкері құрбан болған.
Түрік премьерінің Америкаға сапары
Түркия премьер-министрі Тайып Ердоғанның Америка Құрама Штаттарына сапары мәресіне жетті. Сапардың басты мақсаты екі ел арасындағы қарым-қатынасқа соны серпін қосу, сондай-ақ, Сириядағы жағдай туралы пікір алмасу болған еді.
АҚШ президенті Барак Обама мен Тайып Ердоған арасындағы келіссөз барысында екіжақты қарым-қатынастарды белсенді ете түсу мәселесіне баса назар аударылды. Оның қорытындысына тараптар өздерінің қанағат сезімін білдірді. Тараптардың Сириядағы жағдайға қатысты ұстанымдары да ұқсас екені айқын көрінді. АҚШ пен Түркия басшылығының пікірлерінше, Сирия президенті Башар Асад «қызыл сызықтан» өтіп кеткелі біраз уақыт болған. Сондықтан бұл режімге тыйым салу керек.
Өзбекстандыққа күдік келтірілді
Өзбекстанның тумасы Фазлиддин Құрбанов АҚШ-тың Айдахо штатындағы Бойсе қаласында лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды. Оған лаңкестерге материалдық көмек көрсетті деген күдік келтіріліп отыр. Енді ол сот алдында жауап беретін болады.
Соттың Құрбановқа қатысты қандай жазалау шарасын қолданатыны әзірге белгісіз. Сондай-ақ, оның қандай жағдайда ұсталғаны, АҚШ-қа қандай мақсатпен келгені туралы да нақты мәлімет жоқ. Сырт құлаққа кең тарай қоймаған бір мәліметке қарағанда, Құрбанов Ауғанстан мен Пәкстандағы террорлық ұйымдар үшін жаңа жанкештілер іздеумен айналысқан секілді. Өткен жылдың шілде айында АҚШ соты тағы бір Өзбекстан азаматы Ұлықбек Кодировты Б.Обамаға қастандық ұйымдастырмақ болды деген айыппен 15 жыл 8 айға бас бостандығынан айырғаны белгілі.
Қасіреттің он жылдығына арналған шеру
Марокконың Касабланка қаласында осыдан тура он жыл бұрын лаңкестік ұйымдастырылған болатын. Қаланың үш жерінде жасалған жарылыстар салдарынан сол кезде 45 адам көз жұмған еді. Қасіретті оқиғаға байланысты кеше қала халқы шеруге шықты.
Осы арада атап көрсететін бір жайт – қанқұйлы әрекет жүзеге асырылғалы бері он жыл өтсе де кінәлілердің кімдер екені әлі күнге белгісіз күйінде қалып келеді. Әуелде көптеген исламшылар жаппай қамауға алынғандарымен, нақты дәлелдің жоқтығынан да болар, Марокко королінің жарлығымен түгелдей бостандыққа шығарылған еді. Бірақ халық жүрегіне салынған жара жазыла қояр емес. Кешегі шеруді осымен түсіндірген жөн болар.
Қысқа қайырып айтқанда:
Нигерия армиясы исламшыларға қарсы операция бастамақ. Осы мақсатта әскер бөлімшелері елдің «Боко харам» тобы исламшыларының бақылауындағы солтүстік штаттарына жеткізіліп жатыр.
АҚШ-тың Техас штатында жүріп өткен қатты дауыл мен торнадо салдарынан алты адам қаза тапты. Эй-би-си телеарнасы таратқан мәліметтерге қарағанда, жүзден астам адам жарақат алған. Дауыл 80 тұрғын үйді қиратып кетсе, электр желілері де үзілген.
Мексикада соңғы төрт жылда 1200-ден астам түрлі мемлекеттік қызметкерлер, олардың ішінде 34 қала мэрлері өлтірілген. Шамамен 2007 жылдан бері тұтастай алғанда елде 70 мыңнан астам адам кісі қолынан көз жұмған.
Якутиядағы тасқыннан республиканың 4 ауданындағы 10 елді мекен су астында қалды. Қазіргі кезде 1724 адам, оның ішінде 422 бала бар, тұрып жатқан 481 үйді топан су алған. Күні кешеге дейін ТЖМ қызметкерлеріне азаматтардан құтқару туралы 500 өтініш түскен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.