Аймақтар • 18 Маусым, 2019

Еңбек нарығында ескеретін ерекшелік көп

821 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жалақы дер кезінде төленбеcе, жұмысшының мүддесі мен құқығы тапталса, заң жүзінде еңбек адамын қорғайтын жалғыз ұйым – кәсіподақ. Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына қоғамдық бақылау жасайтын, әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер көзделген келісімдер, ұжымдық шарттар жасап, оның орындалуын қадағалайтын да әзірге осы ұйым. Сондықтан кәсіподақтың халықаралық ұйымдармен интеграциялануы өзекті мәселе.

Еңбек нарығында ескеретін  ерекшелік көп

Аталған саланың өкілдері біздің ел­дің бұл қадамға үлкен дайындықпен келгенін айтады. Бүгінгі таңда Қазақстан халық­аралық еңбек ұйымының 189 конвенциясының 24 конвенциясын, оның ішінде 8 негізгі конвенцияны бекітті. Халық­аралық еңбек ұйымдарымен ара­дағы тиім­ді ынтымақтастықтың дәлелі – Қазақ­станның ұлттық заңнаманы еңбек саласындағы халықаралық нормаларға сәйкестендіруі және еліміздің осы ха­лық­аралық ұйым­дағы ұстанымының ны­ғайғаны.

Жуырда Алматыда өткен ха­лық­аралық жиынға қатысқан Мемур-Сен ұйымының (Түркия) халықаралық қарым-қатынастар департаментінің директоры Осман Ти­муртастың пайымдауынша, бүгінге дейін «шешу керек» деп назар аударып жүр­ген түйткілдердің бәрі алдағы уа­қытта бізді күтіп тұрған мәселелердің қа­сында түк те емес екен.

– Оңтүстік Кореядағы, Жапо­ниядағы өндіріс орындары жасанды интеллектінің көмегіне жүгіне бастады, бұл жұмыс орындарының қысқаруына әсер етті. Бұған дейін еңбек адамдарының әлеу­меттік жағдайы, жалақысы толғандырып келсе, енді біз әлемдік деңгейдегі мәсе­лемен бетпе-бет тұрмыз. Жұмыс күші жұмыс көзі болса ғана керек. Егер адам­ның орнын робот басса, адам екінші орын­­ға ысырылып шығады. Сон­дықтан жұ­­мыс күшінің сақ­талып қалуы үшін кү­ре­суіміз керек. Жасанды интеллект, робот адам­ның орнын алмастыра алмай­ды. Роботтардың адамдарды бас­қаруына жол бермеуіміз керек, – дей­ді О.Тимуртас.

Ол өз кезегінде Түркия барлық ел­дер­дегі халықаралық еңбек ұйы­мы фе­дерациясының интеграциялануына кө­мек беруге дайын екенін айтып өтті. Түр­кия мем­­лекеттік қызметшілер кәсіп­одағы конфедерациясы жақында ғана Ыстанбұлда үлкен ғимаратқа кө­шіп­ті, штаттық кестесі де ұл­ғайыпты. Ендігі кезекте Орталық Азия елдерімен байланысты терең­детуге басымдық беріп отыр екен. Ол Қазақстан мен Түркияның осы саладағы жұмысын үйлестіре отырып жүргізуге ұсыныс жасады.

Ал Моңғолия Кәсіподақтар конфе­дерациясының бас хатшысы Горчинсурен Адьяаның айтуынша, жұмысшылардың жалақысының көтерілуі Моң­ғо­­лияда №1 мәселе екен. Себе­бі 2014 жылдан бері елдің мем­лекеттік бюдже­тінің әлеу­меттік шығыс бөлігінде өсім жоқ. Бұған Моңғолия билігіндегі эконо­ми­калық дағдарыс себеп болыпты.

– 2018 жылдан бері Моңғолия кәсіп­одағы Халықаралық валюта қоры бағдар­ламасының өздеріне қатысты бірнеше тар­мағының өзгеруін талап етіп ке­леді. Нәтиже бар. ХВҚ мен ел үкіметі 2018 жылы бюджет сек­­торы қызметкерлерінің жа­лақысын 8 пайыздан 43 пайызға дейін кө­теруге шешім қабылдады. 2019 жылы бұл көр­сеткіш 10 пайызға, зейнетақы 12 пайызға өсті, – дейді Г. Адьяа.

БАҚ беттерінде елімізде кейбір салаларда төленетін еңбекақының көлемі экономиканың әлеуетіне сай емес деген пікірлер жиі айтылатыны белгілі. Белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев мұн­дай пікірлерге салмақты себеп барын айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда тәуелсіздіктің алғаш­қы жиырма жылында негізгі қар­жы көзі елдің қалыптасуына, қорға­нысына, инфрақұрылымына және шекараның шегенделуіне жұмсалған. Сондай-ақ ол айлық жалақы көлемін есеп­теу кезінде біздің елдегі жағдайды Ресеймен және Беларусьпен салыстыру қа­жет деп санайды. Ресейде ІЖӨ-нің айлық көрсеткіші 2015 жылы 56 пайыз болса, қазір 48 пайызға түсіп кеткен. Беларусьте шамамен 48, ал бізде 26-25 пайыздың айналасында. Бұл да бізде айлық жалақыны белгілеуде барынша үнемдеуге басымдық берілгенін байқатады. Ал жалпы ТМД бо­йынша бұл көрсеткіш 46-48 пайыз шеңберінде.

– Тәжікстан мен Қырғыз­станның көрсет­кіші бізден төмен. Біз қазір­ эко­номикалық дамудың жаңа кезеңін­деміз. Кәсіподақ ІЖӨ-дегі айлық жалақы үле­сінің көрсеткішін қайта қарауды талап ету керек. Әлеуметтік жағдайды біз шеш­песек, онымен өзгелердің айналысатынын жан-жағымыздағы елдерден көріп жүрміз. Бұл да кәсіподақ ұйымдары шындап айналысатын мәселе, – деп атап өтті Ж.Құлекеев.

Оның сөзіне қарағанда, мем­лекеттің шығыс бөлігінде әлеу­меттік сала, денсау­лық саласына бөлінген қаржының үлесі бо­йынша Қазақстан ТМД елдерінде көш соңында қалып қойыпты. Өзбекстан мен Тәжікстан елде­рінде бұл көрсеткіш 10 пайыз шамасында болса, Қазақстанда 6-8 пайыздың айналасында ғана.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеу­меттік сала үшін Ұлттық қор­дан қосымша трансфер бөлуді, ел бюд­жетіндегі әлеу­мет­тік сектор­дың үлесін 10 пайызға жет­кізуді тапсырғанын білесіздер. Сөйтіп сәуір айынан бері көп балалы отбасыларға әр бала үшін 21 мың теңгеден жәрдемақы беріле бастады. Бұл да ішкі нарықтың сыйым­­­дылығына, халықтың әл-ауқатына әсер етеді, – дейді Ж.Құлекеев.

Кәсіподақтар федерациясы төраға­сының орынбасары Саты­балды Дәу­­ле­талин осы маңызды шара барысын­да кәсіподақ мәсе­лелерінің терең талқы­ланып, әлеу­меттік-еңбек қатынастарын жетілдіру, еңбекшілерге арналған кепіл­діктерді нығайту және әлеу­меттік тұрақ­тылықты сақтау тақы­рыбында тұшымды ойлар айтылғанын, мұның бәрі алдағы уақытта қаперге алынатынын айтты. Әлем жаңа жаһандық жағ­­даяттармен ұшы­расып жатқан кез­де әлеуметтік мәсе­лелердің шешімін табуға ықпал ету, кәсіп­одақтар жұмысын жетілдіру өте өзекті болмақ.

– Жаңа технологиялардың пайда болуы өндірістегі құрылым­ның жаңаша формаларын қалыптас­тыруға әсер етуде. Бұл өзгерістер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз еңбек нарығын жетілдіріп, кө­леңкелі жұмыс берушілермен күресіп, жұмыс күші сапасын арттыруға бар ынта-жігерімізді салуымыз керек. Қазір 2 миллионға жуық мүшесі бар кәсіподақтар федерациясы еңбек нарығын қауіпсіз ету­ді де басты назарға алады, – деді С.Дәулеталин.

Биыл наурыз айында еліміздің Кәсіподақтар федерациясы Үкі­метке Халық­аралық еңбек ұйым­дарының бес­ кон­венциясын рати­фикациялау мүм­­­кіндігін қарас­тыру туралы ұсы­ныс жасап, әлеуметтік әділетсіздік пен тең­сіздіктің артып отырғанына алаң­дау­шылық білдірген болатын. Соған орай ең­бек нарығының икемділігін арттыру, жұ­мысшы күшінің сапасын, еңбек қауіп­сізд­ігін қамтамасыз ету бағытында нақты іс-шаралар қарастырылуда.


АЛМАТЫ