Экономика • 18 Маусым, 2019

Экономикалық байланысты нығайтатын қадамдар сараланды

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Грузия, Литва және ТМД елдерінің дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.

Экономикалық байланысты нығайтатын қадамдар сараланды

Іс-шараға Беларусь, Ресей, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрік­м­енстан, Ук­раина, Қыр­ғыз­стан, Әзербай­жан, Грузия мем­ле­кет­тері­нің Қазақ­­стандағы Төтен­ше және өкілетті елші­лері, сон­дай-ақ Лит­­ваның Қазақ­стан­дағы үшін­ші хатшысы қатысты.

Жиында Жансейіт Түймебаев ал­дымен алқалы топ алдында жа­қында Қазақстан Президенті бо­лып сайланған Қасым-Жо­март Тоқаевтың мемлекеттер ара­сын­дағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

– Қазақстан түрлі салада біздің елдеріміздің қарым-қа­тынасын нығайтуға баса мән береді. Еура­зия­лық эко­но­ми­калық одақ­тың шең­берінде бар­лық бағыт бо­йынша екіжақ­ты және көпжақ­ты әріп­тестік белсенді дамуда. Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 29 сәуір­де өткен XXVII сессиясында Сыртқы істер министрлігімен бірге атқарылатын сыртқы саяси міндеттер белгіленді. Оның алғашқысы – ҚХА Кәсіпкерлер ассоциациясы арқылы шетел­дік инвесторлармен экономика­лық ынтымақтастықты кеңейту. Екін­ші тапсырма – іскерлік бай­ланыс­ты күшейту және елге ин­вестиция тарту үшін ҚХА-ның шетелдік достары клубын құру, – деді Ж.Түймебаев.

Сөйтіп жиналған қауым атал­ған клубты құру мәселелерін тал­қы­лады. Ж.Түймебаев оның бір­неше тиімді жақтарын айтып берді.

– Қазақстан көптеген елмен достық қарым-қаты­насын сақтап, түрлі салада әріптестік орнат­қан. Оның ішін­де экономикалық байланысты бөлек айтуға болады. Шетел аза­маттары мұнда келгенде алды­мен өздерімен туыс этностар орналасқан аймақтарға барады және өз бизнестерін де аша бас­тайды. Мысалы, шетелдіктер­ге инвестициялық тартымды өңір ретінде Түркістан облысын айтар едім. Қазір әзербайжан кәсіпкерлері осы аймаққа жиі-жиі атбасын бұрып, түрлі бизнес-жобаларды жүзеге асыру жа­йын қарастыруда. Бұл тұрғыда Ассамблеяның шетелдік достары клубын құру туралы бастама маңыз­ды рөл атқарады. Сондық­тан осы шаруаның жай-жапсары, тиімділігі жөнінде жан-жақты пікір алмасқанымыз дұрыс, – деді Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов.

Сонымен қатар басқосу барысында Беларусь елшісі Ана­толий Ничкасов, Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязход­жаев және Украина елшісі Иван Кулеба Қазақстан халқы Ассам­блеясының мемлекеттер ара­сындағы экономикалық байланысын нығайтуға қосып жатқан үлесі туралы пікірлерін жеткізді. Бұған қоса Ассамблея жанынан құрылатын шетелдік достар клубының жұмысын кеңінен талқылады.