Шарайна
Сәрсенбі, 22 мамыр 2013 1:23
Өзінікі дұрыс, өзгенікі бұрыс
Солтүстік Корея осы айдың соңында АҚШ сынақтан өткізгелі отырған құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырылымын арандату үшін жасалып отырған әрекет деп мәлімдеді. Ал бұл елдің өзі болса, өткен сенбі күні шағын радиустағы басқарылатын үш зымыран ұшырған болатын.
Сәрсенбі, 22 мамыр 2013 1:23
Өзінікі дұрыс, өзгенікі бұрыс
Солтүстік Корея осы айдың соңында АҚШ сынақтан өткізгелі отырған құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырылымын арандату үшін жасалып отырған әрекет деп мәлімдеді. Ал бұл елдің өзі болса, өткен сенбі күні шағын радиустағы басқарылатын үш зымыран ұшырған болатын.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Солтүстік Кореяның сол жолғы ұшырылымдарына алаңдаушылық білдіріп, мұны арандату әрекеттері деп мәлімдеді. БҰҰ Бас хатшысы Пхеньянды мұндай іс-қимылдан бас тартуға шақырып, ядролық проблема жөніндегі алты жақты пішіндегі келіссөз үстеліне отыруды ұсынды. Оңтүстік Корея да көршілерінің жақындағы іс-әрекетін айыптаған пікірін білдірді.
Құйын құрбандықтары арта түсуде
АҚШ-тың Оклахома штатына осы өңір тарихындағы ең күшті торнадо қайта айналып соқты. Табиғат апатының бұл жолғы салдары аса ауыр болып отыр. Сұрапыл құйыннан қаза тапқандар саны қазірдің өзінде 90 адамнан асып түскен. Олардың арасында балалар көп.
Торнадоның күшті болғаны соншалық, ағаштарды тамырымен қопарып тастаған. Оклахома ситидің маңындағы 55 мың адам тұратын Мур қаласы жермен-жексен болған. 100-ден астам адам ауыр жарақат алса, көпшілігі әл үстінде көрінеді. Аталған қаладағы бастауыш мектеп түгел қирап қалған. Электр желілері үзілген. Ел президенті Барак Обама табиғат апатын штаттағы ең сұмдық оқиға деп атап, жергілікті билікке апаттың салдарын жою үшін көмек көрсетуге бұйрық берген.
Жарылыстардан 43 адам опат болды
Ирактың Баакуба қаласындағы сүнниттер мешіттерінің бірінде жасалған екі жарылыстан кем дегенде 43 адам қаза тапты. Жараланғандар саны бұдан да көп. Лаңкестікке жауапкершілікті ешқандай ұйым өз мойнына алмаған. Бірақ, жарылыстарды радикалды көңіл күйдегі шииттер жасады деген пікір басым.
Соңғы айларда Иракта діни ауандағы лаңкестік шабуылдар саны күрт арта түсіп отыр. Олардың көпшілігін қазіргі шиит билігіне наразы сүнниттер жасауда. Өйткені, шииттер сүнниттерді іс жүзінде «екінші сорттағы» адамдар етіп тастаған. Ал мешіттегі жарылыстарға келсек, алғашқысы адамдар мешіттен шыға берген сәтте жасалса, екіншісі көпшілік оларға көмекке ұмтылған кезде орын алған.
Қылмыспен күрес күшейе түсті
Венесуэланың тағы үш штаты – Лара, Сулия және Карабобо штаттарына қылмыспен күрес жүргізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскер бөлімшелері енгізілді. Бұл жөнінде осы ел президенті Николас Мадуро хабарлады.
Сөйтіп, қазіргі кезде аталған штаттарда «Қауіпсіз отан» жоспарын жүзеге асыру жүргізіліп жатыр. Күрес нәтижелі болуы үшін ел басшысы бүкіл халықтың қолдауын өтінді. Өйткені, дейді Мадуро, тұрақтылықты қамтамасыз ету бүкіл ел үшін аса маңызды. Жалпы, жоғарыдағы үш штат аумағына шамамен 12 мың әскери орналастырылыпты. Ал Венесуэла әлемдегі ең қылмысты мемлекеттердің бірі болып саналады. Мысалы, өткен жылы елде 22 мың адам кісі қолынан қаза тапса, бұл адам өлтіру 2011 жылмен салыстырғанда 14 пайызға артып кеткенін көрсетеді.
Эр-Риядта алтын станса салынады
Сауд Арабиясының астанасында алтыннан метро стансасы салынады. Оның құрылысына ақшаны Саудия королі Абдалла өз қалтасынан төлейді. Бұл ақпаратты «Индепендент» басылымы таратты.
Эр-Риядтың қаржы ауданындағы жаңа стансаның аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын болады. Ол метроның әрі кеткенде 4 жыл ішінде салынуы жоспарланып отырған жаңа желісінде орналасады. Стансаның негізгі бөлігі мәрмәрдан салынса, қабырғалары алтыннан құйылған табақшалармен әшекейленеді. Сөйтіп, ол әлемдегі ең қымбат, әрі соңғы үлгіде жасалған стансалар қатарынан орын алмақшы.
Әскери база кім үшін тиімді?
Арменияның «Мұра» деп аталатын оппозициялық партиясынан депутат Заруи Постанджян республика аумағында орналасқан Ресейдің әскери базасы үшін жалгерлік ақы талап етті. Бұл жөнінде ол парламент отырысында мәлімдеме жасаған.
З.Постанджян өзінің талабын Армения сатып алатын Ресей газына бағаның өсуімен түсіндірген. «Біз өз тауарымызды тегін ұсынамыз, ал олар өз тауарлары үшін бағаны көтереді. Бұл – біздің сыртқы саясатымыздың қауқарсыздығын көрсетеді», дейді депутат. Сөз ретінде Ресейдің 102-ші базасы Арменияның солтүстігіндегі Гюмри ауданында 1990-шы жылдардың ортасында құрылғанын айта кетейік. Тұтастай алғанда, бұл база Армения қауіпсіздігінің мүддесіне сәйкес келеді.
Қысқа қайырып айтқанда:
Индонезияның шығысындағы шахтаның тіреулері опырылып құлап түсуінен қаза болған кеншілер саны 12 адамға жетті. Бұл әлемдегі алтын мен мыс өндіретін ең үлкен кеніш болып табылады. Үйінді астында кем дегенде 15 адам қалып отырған сыңайлы.
Сириядан қашқан босқындар саны қазіргі кезде 1 млн. 515 мың 639 адамды құрайды. Бұлар тіркелген босқындар саны. Сондай-ақ, Сирияның өз ішінде көшіп жүргендер саны 4 млн.-ға жетіп жығылады екен. Елде жанжал басталғалы бері 80 мың адам көз жұмған.
Қытайдың оңтүстік және орталық аймақтарына жауған нөсер жаңбыр 55 адамның өліміне соқтырған. 14 адамның тағдыры белгісіз. Ең көп зардап шеккен оңтүстіктегі Гуандун провинциясы делінуде. Соңғы күндері мұнда 30-дан астам адам көз жұмыпты.
Таиландтың оңтүстігіндегі Сунгай-Колок қаласындағы қонақ үйде жарылған бомба 1 адамның өмірін қиса, 5-еуін жаралап кеткен. Елдің бұл өңірінде негізінен мұсылмандар тұрады. Полицияның ұстанымынша, жарылыс сепаратистер қолымен жасалып отыр.
Солтүстік Корея теңізшілері ұстаған Қытайдың балық аулайтын кемесі Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми талабынан кейін босатып жіберілген. Кеменің иесі Юй Сюэцзюньнің сөзіне қарағанда, балықшылардың барлығы дін аман. Ал кикілжіңнің қалай реттелгені туралы нақты ақпарат жоқ.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.