Аймақтар • 18 Маусым, 2019

Алматыда «Ядролық ғылым және технологиялар» Халықаралық ғылыми форумы өтеді

589 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Форумның негізгі ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ядролық физика институты болып табылады.

Алматыда  «Ядролық ғылым және технологиялар» Халықаралық ғылыми форумы өтеді

Форум аясында «Ядролық және радиациялық физика» дәстүрлі 12-ші Халықаралық конференциясы, «Медицина, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы ядролық және радиациялық технологиялар» 1-ші Халықаралық конференциясы, сондай-ақ «Ядролық реакциялар бойынша Азиялық деректер базасын дамыту» 10-шы АЭХА (МАГАТЭ) семинары өтеді. «Ядролық және радиациялық физика» дәстүрлі Халықаралық конференциясы ядролық физика, атом энергиясы, қатты дене физикасы, радиациялық материалтану, радиациялық экология, ядро-физикалық талдау әдістері саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналады. Ядролық физика институтында көптеген жылдар бойы медицина мен өнеркәсіптегі ядролық және радиациялық технологиялар әзірленіп келеді. 2017 жылы мамандандырылған радиофармпрепараттарды өндіру корпусынан және радиациялық стерилизациялау корпусынан тұратын Ядролық медицина және биофизика орталығының объектілерін пайдалануға беру басталды. 2018 жылы радиофармпрепараттарды өндіру алаңы GMP тиісті өндірістік тәжірибесіне сәйкестігіне сертификатталды. Бір фотондық эмиссиялық томография және позитронды-эмиссиялық томографиясы үшін радиофармпрепараттар өндірісі ұйымдастырылып, оларды медициналық клиникаларға тұрақты жеткізу қамтамасыз етілді. Осы Орталықтың негізінде түрлі ауруларды диагностикалау үшін ғана емес, сондай-ақ олардың радионуклидтік терапиясы үшін радиофармпрепараттардың кең ауқымды өндірісіне барлық жағдай жасалған. Осыған байланысты форум аясында «Медицина, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы ядролық және радиациялық технологиялар» 1-ші Халықаралық конференциясы өтеді, ол Ядролық физика институтының, Қазақстан Республикасының медициналық орталықтары, өнеркәсіп және ауылшаруашылығы кәсіпорындары мамандары ынтымақтастығының одан әрі нығаюына ықпал ететін болады. Форум шеңберінде АЭХА қолдауымен «Ядролық реакциялар бойынша Азиялық деректер базасын дамыту» 10-шы семинары өтеді.

 Халықаралық консультациялық кеңес және Форумның ұйымдастыру комитеті құрамына әлемнің көптеген елдерінен ядролық физика, атом энергетикасы, қатты дене физикасы, радиациялық материалтану, радиациялық экология және ядролық медицина саласындағы жетекші мамандары, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері кірді. Форум жұмысына жақын және алыс шетелдердің 17 елінен келген 200 аса ғалымдар қатысады: Австрия, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Германия, Үндістан, Италия, Қытай, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия және Жапония.Форум 24-27 маусым арасында өтеді.           

АЛМАТЫ.