Еуропаның үкілі үміті ақталар емес
Жұма, 31 мамыр 2013 2:36
«Оңаша бұзаудан ортақ өгіз артық» екендігін дәлелдемек болған Еуроодақ интеграциялық ынтымақтастықтың ерен үлгісін көрсетіп, кәрі құрлықтың дамыған елдерін бір валютаға телміртіп, еуроаймаққа кіргізді. Интеграциялық бірігудің игілігін көруге ынталанған Еуропа елдерінің үкілі үмітін ортақ валюта – еуро ақтай алар емес. Еуроға тәуелді болып қалған Еуропа экономикасы тығырыққа тұншықты. Осы орайда, жаһандық қаржы жүйесін реформалау туралы идеяның пісіп-жетілгеніне тағы да тәнті боламыз.
Жұма, 31 мамыр 2013 2:36
«Оңаша бұзаудан ортақ өгіз артық» екендігін дәлелдемек болған Еуроодақ интеграциялық ынтымақтастықтың ерен үлгісін көрсетіп, кәрі құрлықтың дамыған елдерін бір валютаға телміртіп, еуроаймаққа кіргізді. Интеграциялық бірігудің игілігін көруге ынталанған Еуропа елдерінің үкілі үмітін ортақ валюта – еуро ақтай алар емес. Еуроға тәуелді болып қалған Еуропа экономикасы тығырыққа тұншықты. Осы орайда, жаһандық қаржы жүйесін реформалау туралы идеяның пісіп-жетілгеніне тағы да тәнті боламыз.
Соңғы бірнеше жыл қатарынан қарыз дағдарысына белшесінен батқан Грекия, Испания, Италия сияқты кәрі құрлықтың мүйізі қарағайдай елдері дағдарыс тұңғиығына белшесінен батып, жаппай жұмыссыздық кеселінен айыға алар емес. Үстіміздегі жылдың мамыр айында еуроаймақтың өнеркәсіптік және қызмет көрсету белсенділігін айқындайтын сатып алу жөніндегі PMI индексі 46,9 пункттен 47,7 пунктке ғана өскен. Іскерлік белсенділігінің өсімін көрсететін 50-ші пунктке бұл индекатор соңғы 16 айдан бері бірде-бір рет көтеріліп көрген жоқ. Өнеркәсіптегі құлдырау соңғы 2 жыл бойы жалғасып келеді. Еурокомиссияның баяндамасы бойынша, биылғы жылдың 1-ші тоқсанындағы рецессия күткендегіден де тереңдеп кеткен. Сонымен бірге, жұмыссыздық кеселі де төмендер емес.
Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Эдмунд Фелпстің айтуынша, Еуропалық одаққа кіргісі келетін мемлекеттердің үкіметі бұл экономикалық блокқа кіргеннен кейін болатын тәуекелдерді әлі де толық сезініп болған жоқ. Соңғы кезде көптеген мемлекеттер Еуропалық одаққа кіріп, еуро аймағына қосылудың тиімділігіне барынша күмән келтіре бастады. Мәселен, Исландия жалпыұлттық референдум өткізгенге дейін Еуропалық одақ құрамына кіру жөніндегі келіссөздерді тоқтату туралы шешім қабылдады. Соңғы жылдары барынша айқын көрініп отырғанындай, Ұлыбритания осы экономикалық блоктың құрамына кіруді «ұзын арқан, кең тұсауға» салып, еуроаймағына қосылу мәселесін барынша сөзбұйдалыққа салып келеді.
Еуроодақтың ең байырғы мүшелерінің бірінен саналатын Дания мемлекеті де бұл одақ құрамында аса белсенділік танытып жүрген жоқ. Даниялықтар сонау 1992 жылдың өзінде ортақ валюта – еуро аймағына кіруден бас тартты. Соңғы кезде жүргізілген сұрау салулардың өзі әлі күнге дейін көптеген даниялықтардың өздерінің төл валютасы – кронаға басымдық беретіндігін байқатады.
Колумбия университетінің профессоры, экономика бойынша 2006 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Эдмунд Фелпс жақында «Блумберг» телеарнасына берген сұхбатында еуроның ертеңіне, жалпы, Еуропалық одақтың болашағына сенімсіздігін ашық айтты. «Біз Еуропалық эксперименттің жағдайын жан-жақты бақылап келеміз. Менің ойымша, оның болашағы баянды болатындығы неғайбіл. Қазірдің өзінде Еуропалық одақтың ыдырамайтындығына ешкім кепілдік бере алмайды. Соңғы жылдары кәрі құрлықты құрсаулаған қаржылық қарыз дағдарысы еуроаймақтың үлкен құрылымдық қателіктерін айқын көрсетіп берді. Іс жүзінде Еуропалық одақ құрамындағы барлық мемлекеттер дерлік капиталдарын сыртқа шығарып әкетуге дайын. Біз бүгінде еуроаймақ елдеріндегі банк депозиттерінің бір елден екінші елге жиі «қоныс аударып» отыратындығын байқап келеміз. Нақ осындай ахуал қалыптасқан кезде, дәл қазір Еуропалық одаққа және еуроаймаққа кіруге ынталы мемлекеттерді табудың өзі оңай емес. Бұл – «Қандай әдемі үй екенін қараңыздаршы! Өкінішке орай, ол қазір өртеніп жатыр. Алайда, біз оны бәрібір сатып аламыз», деген асығыс даурықпамен пара-пар», деп атап көрсетті өзінің сұхбатында Эдмунд Фелпс.
Қалай болғанда да, дүние жүзінің өркениетті ақыл-ойы бүгінде Еуропаны дағдарыстан шығарудың тиімді жолдарын қарастыруда. Бұл ретте дуалы ауыз сарапшылардың пікірі кәрі құрлықты дағдарыс тұзағынан құтқарудың тиімді жолы экономикалық дамудың жаңа бағыттарын белгілеп, еңбек өнімділігін арттыруға барынша бетбұрыс жасау қажеттігіне саяды. Еуропа «шөміштен қысу» саясатынан құтылып, өндірістік даму жолына түсуі керек. Англияның премьер-министрі Дэвид Кэмеронның пікірінше, Еуропалық мемлекеттер экономикалық жағынан жылдам дамып бара жатқан мемлекеттермен әріптестік қатынастар жасап, өзара тиімді келісімдерге жол беруі керек. Еуропаның экономикалық ахуалын терең зерделеген сарапшылардың да, саясатшылардың да бірауыздан мойындап отырғанындай, бұл құрлықта белең алған экономикалық дағдарыстан шығудың тиімді жолдарының бірі қордаланған инвестициялық бағдарламаларға серпін беріп, еңбек өнімділігін барынша арттыру болып табылады.
Әлем экономикасын, оның ішінде Еуроодақты тұралатқан дағдарыстан шығудың тиімді жолдарын іздеу мәселесі күні кеше өткен VI Астана экономикалық форумы мен Елбасының бастамасымен тұңғыш рет өткізілген Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияда (БДҚК) да кеңінен талқыланды. БҰҰ-ның қолдауымен өтіп отырған БДҚК-ның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары Еуропа елдері ірі экономикалық, банктік, фискальдық және саяси дағдарысты бастан өткеріп жатқандығына тоқтала келіп, биылғы жылы Еуропадағы жұмыссыздар саны 26 миллион адамға жетіп, осыдан 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге өскендігін атап көрсетті. Ал, Халықаралық валюта қорының бұрынғы басшысы Доминик Стросс-Кан БДҚК отырысында сөйлеген сөзінде Еуропалық одақтың құрылымын қатты сынға алып, кәрі құрлықтың ұзаққа созылған қаржы дағдарысынан шығу жолдарын белгілеуге байланысты өзінің нақты пікірлерін ортаға салды. «Еуропа мемлекеттері жұмыссыздықпен күрес саясатын ұстанып отыр. Бірақ, соған қарамастан жұмыс орындары ашылған инфрақұрылымдық жобаларды қысқартып жатқандарын ойлап та отырған жоқ», деп атап көрсетті ол.
Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция қорытындысында арнайы декларация қабылданды. «Дағдарысқа қарсы бұл конференция дер кезінде өткізіліп отырған конференция. Шара барысындағы біздің ұсыныстарымыз дағдарысқа қарсы көптеген мәселелердің жауабын табатыны даусыз. Бұл конференция жаһандық дағдарыстан құтылуда өзінің ықпалын тигізетіні анық. Бүгін қабылданып отырған декларация шынымен де өте маңызды. Осы Астана декларациясы «мыңжылдық мақсаттарын» жүзеге асыруға серпін береді. Менің ойымша, Астана экономикалық форумы «ғаламдық шешімдер» қабылдайтын алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», – деді декларацияға қол қою рәсімінде БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары У Хунбо.
Әлемге белгілі сарапшылар мен мамандардың пікірінше, VI Астана экономикалық форумының жаһандық экономиканы дағдарыс құрсауынан шығару жолдарын іздеудегі пайдасы аса зор. Форумға қатысушылардың бірауызды пікірі бойынша, дағдарыстан құтылудың бірінші кезектегі тиімді жолы әлемдік қаржы жүйесін реформалау, қаржылық бақылау және реттеу шараларын күшейту, жаңа технологияларға инвестиция салуды барынша ынталандыру болып табылады. Сонымен бірге, дағдарысқа қарсы күрестің бірінші кезегіндегі әлемдік қоғамдастық жұмыссыздықты жоюдың барлық мүмкін болған шараларын іс жүзіне асыруы керек. Озық ойлы адамзат жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлемдік әлеуметтік әділеттілікті орнықтыру жолында қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».