Саясат • 19 Маусым, 2019

Әйел құқығын саясиландыру салдары

693 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүкіл жаратылысқа қарсы шы­ғып, адам­заттық құндылықтарды материал­дық құндылықтарға жығып берген кезде, тәңірдің таңдауы ғана емес, табиғаттың да тепе-теңдігі теңселеді.

Әйел құқығын саясиландыру салдары

Гендерлік саясат деген қайдан шықты өзі? Әйел мен ер-азаматтың өз міндеттерін ұмы­тып, бірдей болуы мүмкін бе? Отбасын ұмытып, бала тәрбиесін бір құдайға тапсырып, ерлі-зайыптылардың қатар жұмысбасты, анығырағы бірдей салық төлеуші болуы қай қоғамға тиімді? Біз осы сияқты жайт­тарға басымызды қатырып жатқан кезде, дамудың даңғыл жолына түскен елдер сая­саттан тыс әйел денсаулығы мен құқығын нығайтуға бағытталған халықаралық жобаларды қаржыландыруға кірісіпті. Өйткені дөңгеленген дүние қаншама өзгерсе де, кез келген мемлекет үшін дені сау ұрпақ пен әйел денсаулығын қорғау көкейкесті мәсе­лелер­дің басында қала бермек.

Мәселен, Канада федералдық үкіметі 2023 жылдан бастап сексуалдық, репродуктивтік, ана ден­саулығы, нәрестелер мен балалардың денсаулығына қатысты халықаралық жобаларды қаржыландырудың жылдық салымын біртіндеп 1,4 миллиард долларға дейін көбейте бастайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Канаданың Үкімет басшысы Ванкуверде 3-6 маусым аралығында өткен Women Deliver 2019 халықаралық конференциясында мәлімдеді. Аталмыш мәжі­ліске 160 елдің 8 мыңнан астам қоғам белсендісі мен сарапшы қатысқанын ескерсек, бұл әлемдегі ең ірі оқиғалардың бірі болғанын атап өткен жөн.

Өйткені мына жердің бетінде әр 2 минут сайын жүктілік пен босану барысында туын­даған дерттердің асқынуынан әйелдер көз жұмып жатады. Жыл сайын әлемде қауіпсіз медициналық көмектің жоқтығы мен теріс түсініктердің салдарынан 25 миллион  әйел ажалға бас тігіп, түрлі жағдайда  қауіпті абортқа барады.

«Әйелдердің құқықтарын саясилан­дырудың салдары бара-бара асқына түсуі мүмкін. Сондықтан да мұндай міндеттерді өз жауапкершілігімізге аламыз және қыз-келіншектердің денсаулығы, жыныстық және бала тууға қабілеттілік құқықтарын қорғауға инвестиция саламыз», деп мәлімдеген осы халықаралық мәжілісте Канада премьер-министрі Джастин Трюдо.

Қазіргі таңда бала сүюге қабілетті жас­тағы ерлі-зайыптылардың жасанды жол­мен жиі жүкті болуға жүгіне бастауы жеке-дара мем­лекет­­­­­­­терге ғана тән жағ­дай емес. Әйел­дер­дің репродуктивті денсаулы­ғын нашарлататын факторлар көбейіп бара­ды. Түсік жасату мен одан кейінгі асқы­нулардың, жыныстық жолмен берілетін жұқ­палардың, қауіпсіз заманауи контрацепцияларды пайдаланбаудың салдарынан гинекологиялық аурулардың көрсеткіші кө­бейіп келеді.

Бұл мәселеде жаһандану үдерісіне ілес­кен Қазақстан да бейтарап қала алмайды. Бұған мемлекет қана емес, қоғам тарапынан мүд­делілік пен белсенділік күн өткен сайын артып келеді.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының прези­денті әрі қоғамдық денсаулықты сақтау саласының  сарапшысы Бақыт Түменованың ойынша, біздің елімізде ерте бастан жүктілік пен 25 жасқа дейінгі қыз-келіншектер ара­сындағы түсік жасату көрсеткішінің жоға­рылығы өзектілігін жоймай отыр. Бала кө­теруге қабілетті жастағы әйелдердің басым бөлігі қажетсіз жүктіліктен құтылудың жал­ғыз жолы аборт деп есептейді. Ал оның соңы немен аяқталатыны баршамызға аян.

«Жасанды түсіктен кейін қойылатын ең ауыр диагноз – бедеулік. Қазір елімізде әрбір бесін­ші отбасы осы бедеулік мәселесімен бет­пе-бет келіп отыр. Сондықтан да репро­дуктивті денсаулық мәселесінде тәуекелдер факторларын басқаруға жүйелі түрде ке­лу керек. Бұл орайда профилактикалық шара­лардың маңызы орасан. Зияндылықты азайт­у жөніндегі тұжырымның бір қадамы да осы превентивтік және терапевтикалық араласулардың жекелеген түрлері болып табылады», дейді сарапшы.

Сол сияқты өсіп келе жатқан жас ағза­лар­ды жыныстық жолдармен берілетін түрлі инфекциялардан сақтау, жасөспірімдерді зорлық-зомбылыққа ұрындырмау сын­ды жайттар да осы мәселемен сабақ­тасады.

Әрине бағанға тамызық болып отыр­ған мәселеге қатысты, белгілі бір дәрежеде Үкімет те, қала берді қоғамдық ұйымдар да қол қусырып қарап отырған жоқ.

Бірақ қорыта келгенде, осының түпкі мәні  саясаттан тыс,  шын мәніндегі адамгершілікке құрылған ізгілікті бастамалар болғанда ғана баянды боларына сан түрлі соқпақ пен алмағайып замандардан өткен халықтардың түпкілікті көзі жетті.