Сайлау • 19 Маусым, 2019

Ертеңімізге сенім үшін дауыс бердік

486 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де елдің есендігі мен ертеңін ойлайтын әрбір қазақстандық үшін бір ғана айнымас ұстаным бар: бүгінгі береке-бірлігімізді ұдайы еселей түсіп, тәуелсіздігіміздің іргетасын нығарлап, тұғырын биіктете беруіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік әділдік пен зиялы диалог әрдайым мемлекеттің өркениетті дамуының өлшеуіші болып қала бермек.

Ертеңімізге сенім үшін дауыс бердік

Соңғы екі-үш ай көлемінде елімізде бой көрсеткен саяси жағ­дай Қазақстанның осы бағытта дамуға бейім екенін көрсетті. Президенттіктен үміткер болған тұлғалардың да сайлауалды бағ­дар­ламалары негізінен осы тұғыр­намадан тірек тапқан. Өйткені қалың жұртшылық әділдік пен дамуды қалайды.

Орталық сайлау комиссиясы «есептеп жатырмыз, қайта санап жатырмыз» деп көп сипақтатуға жол бермей, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сай­лауының қорытындыларын бірден жариялады. Ресми деректер бойын­ша 70,96 % дауысқа ие болған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Пре­зиденті болып сайланды. Сай­лаудың әділ, ашық әрі заң талаптарына сай өткендігін ТМД, ШЫҰ байқаушылар миссиясы шегелеп айтты. Ал ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы өз ескертпелерін айтқанмен, Еуроодақ сайлауды теріске шығарған жоқ, қайта алда­ғы уақытта да Қазақстандағы рефор­маларға қолдау жасап, өзара байланыстарды одан әрі дамытуға әзірлігін білдірді. Өз кезегінде жаңадан сайланған Қазақстан Пре­зиденті ЕҚЫҰ-мен арадағы ынты­мақтастықтың жалғаса беретінін мәлімдеді.

Осы орайда айтар болсақ, «май­шаммен қарап, тырнақ астынан кір іздегендер» болмаса, бұл сайлаудың Конституция мен заң­нама қағидаттары шеңберінде өткеніне дауласа кету қиын. Барды бар, жоқты жоқ деп айту да өркениеттіліктің белгісі.

Озған кандидаттан басқа үміт­керлердің барлығының жи­наған дауыстары 30 пайызға жуық­тайды. Тіпті бірлі-жарым сайлау ережелерінен ауытқушылық орын алды-мыс дей қалғанның өзінде бұл сайлау қорытындысына айта қаларлықтай өзгеріс енгізбейді. Бір жарым миллиондай халықтың қолдауына ие болған Әміржан Қосанов Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент болып сайлануымен құттықтады, демек сайлау қорытындыларын мойындады деген сөз.  Осы саяси додада екінші орын алған аталмыш саясаткердің және өзге де үміткерлердің бағдарламаларында айтылған көкейкесті мәселелерді биліктің алдағы уақытта ескеруі керек болады.

Сонымен кімді сайладық? Қазақ­стан халқы орнықты, салмақты сая­сат жүргізе алатын тұлғаны таң­дады деп білемін. Президент өзге елдердің басшыларымен қай тұрғыдан болса да теңдей дәре­жеде сөйлесе алатын, еліміздің лайықты өкілі бола алатын білімді де тәжірибелі танымал тұлға болуы керек десек, біз таңдау жасауда қателескен жоқпыз деп ойлаймын. Қ. Тоқаев мұхиттың арғы жағы-бергі жағы, алыс-жақын шетелдерге беймәлім тұлға емес. Көптеген шет мемлекеттердің басшылары оны жақсы біледі. Мұның өзі Қазақ елінің халықаралық қарым-қатынастарына оң сипат туғыза алады. Бұл жай ақиқат емес.

Ел ішіндегі көптеген проб­­­лемалық мәселелерді «ми­тингішілдікпен» шеше алмаймыз. Сөз бостандығы митингте ғана емес. Қайта шынайы ой мен сөз бостандығы дегеніміз билік пен қоғам арасындағы өр­кениетті пікір алысу, Қ. Тоқаев ұсы­нып отырғандай диалог форматында түсінісу, ұсыныс айта білу мен тыңдай білу, уәжді жауаптарға тоқтау және көкейге қонымды ұсыныстарды басшылыққа алу болса керек. Біз сөз жүзінде емес, іс жүзінде елде тыныштық, татулық, бақуаттылық, даму болуын қаласақ, осы қағидатты ұстанғанымыз ләзім. Бізге қандай да бір өзге жұртқа орынсыз еліктеуімізді доғарып, әр нәрсеге саналық биіктен, өркениет­тілік деңгейден қарауымыз керек шығар.

Бүгінде бәтуасыз уәделер мен ұзақ сөздердің ешкімге керегі жоқ. Бұдан да жақсы тұрмысты қаласақ, бізге керегі – пәрменді іс пен нақты нәтиже.

Қазақстан демократиялық даму жолында келеді. Ал демократия дегеніміз – ең әуелі заңның баршаға ортақтығы. Конституцияға сәйкес Президент осыған кепілдік береді. Бірақ бәрін Мемлекет басшысы жасап береді екен деген қате түсінік болмауы керек. Қазақ халқының даңқты перзенті Бауыржан Мо­мышұлы айтқандай, тәртіпке бас иген құл болмайды. Ендеше заң­нан, жалпыға бірдей тәртіптен ауыт­қымау ұлттық болмысымызда орныққан қасиет екенін таныта білуіміз қажет.

Ал өз кезегінде, қай заманда да ел басқарған ұлықтың өз міндетін мінсіз атқаруы,           айтқан сөзінде тұруы оның тұлғасын биіктете беретіні әмбеге аян. Біз жасаған таңдау ертеңгі күнге берік сенім ұялатады.

 

Кеңесбек Демеш,

қоғам және мәдениет қайраткері,

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері