Аймақтар • 19 Маусым, 2019

«Көкмайса» – туристік әлеуетті көтереді

141 реткөрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөй­леген сөзінде «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің бас­ты рухани бағдарымыз болып қала беретініне ерекше маңыз бер­ді. «Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білім­ге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойын­дағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бір­лігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабі­летті ел болуға жол ашады», деген болатын жаңадан сай­лан­ған ел Президенті.

Қарағанды облысындағы Ұлы­­тау ауданында «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында ұйым­дастырылған «Көкмайса» этно­фестивалінің Мемлекет бас­шысының жоғарыда айтқан сөзін толықтай қуаттаған шарапатты шараның бірі болғаны сөзсіз. Ұлттың ұясы атанған өлкеде осымен екінші мәрте жалау көтерген бұл мәдени мерекеге еліміздің барлық өңірлерінен делегаттар және алыс-жақын шетелдерден қонақтар келіп қатысты. 

«Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында ұйымдастырылған фестиваль Ұлытау аудандық мә­дениет үйінде өткен «Едіге тауы – ескі жұрт ескерткіші» атты ғы­лыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Алқалы жиынды аудан әкімі Әнуар Омар ашып, жүр­гізіп отырды. Конференция жұмысына қатысқан тарих ғы­лым­дарының докторы, профес­сор Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Тілеген Садықов, жа­зу­шы-өлкетанушы Кәмел Жү­ністегі, жазушы-этногроф Тө­рехан Майбас және басқалар Ал­тын Орданың атағы алысқа кет­кен әмірі Ер Едігенің ақиқат пен аңызға толы өміртарихы туралы тың деректерді алға тартып, көне тарихтың көм­бесі­нен суыртпақтап сыр тартты.

Жиыннан соң қонақтар қасиет қон­ған Едіге тауына барып, қат­парына тарих тұрған киелі мекенмен жақынырақ танысу мүм­кіндігіне ие болды. 

Түс ауа дәстүрлі және бард ән­дер байқауының іріктеу ке­зеңінде өнерпаздар бақ сынас­ты. Кеш түсе жастар үшін «Ал­ты­бақан әндері» мерекесі ұйым­дастырылып, алтыбақан тепкен жастар шырқаған қазақ­тың халық әндер жұлдызы жымыңдаған Ұлытау аспанында қалықтады.
«Көкмайса» этнофести­ва­­лі­нің екінші күні қонақ­тар театр­ландырылған көріністер­дің куә­сі болды. Мұнан соң қол­дан­ба­лы өнер бойынша шеберлік дәріс­тері ұйымдастырылды. Кеш­­ке қарай ән байқауының ше­шуші сайысына жолдама ал­ған орындаушылар өнер көр­сетіп, көрермен қауымның құлақ құрышын қандырды. Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүл­де­герлер жиналған қауым құр­метіне гала-концерт қойып, Ұлы­таудың даласын әнге бөледі.

Этнофестивальде ұйымдас­тырыл­ған садақ ату, мешкейлер сайысы, қатын күрес сынды сайыстар жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырғаны рас. Сонымен қатар айтулы ме­ре­­кедегі қызықтың көрігін қыз­­дырған аударыспақ, асау үй­рету, теңге алу, қыз қуу сын­ды­ ұлттық спорт ойында­ры­ның да өте жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылғанын да айта кеткен ләзім. Сонан соң, осы ойын­дарда топ жарған өрендердің бір де біреуі құр қол қайтпады. Жеңім­паз­дар мен жүлдегерлердің бәр­і ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Ал көкпар мен аламан бәйге дегенде жұрттың делебесі тіп­ті қозды. Көкпар додасында жаңа­арқалық Ерден Жаманов жетек­шілік еткен «Ақжол» және «Ақ­түбек» командалары бас жүлдені өзара сарапқа салды. Жеңімпаз атанған «Ақжол» ұжымының палуандары 300 мың теңге жүлдені тақымға басты.

Ал аламан бәйгенің 24 ша­қы­рым­дық сынына 18 сәйгүлік түскен еді. Бұл додада Шет ауда­нын­дағы «Ақой» ауылының аты­­нан қосылған жүйрік алдына қара салмады. Ат иесі Әлкен Жыл­­тыркөзовке бас жүлдеге деп тігіл­ген 500 мың теңге осылайша бұйыр­ды.

Фестивальдың соңғы күнінде қонақтар мен қатысушылар қа­сиетті Ұлытау тауларына атпен саяхат жасап, тарих тұнған өл­кенің тұмса табиғатын тамашалап, жанға шипа ауасымен тыныстады. 

Ұлт ұясына ат арытып жеткен жұрттың көңілінен шыққан «Көкмайса» этнофестивалінің жоғары деңгейде өтуіне еңбек сіңірген Ұлытау ауданының әкі­мі Әнуар Омаровтың аталған думан­ды шара мен өңірдегі туризмді дамытуды өзара байланыстырып, осы бағытта жасалып жатқан жүйелі жұмыстар туралы айтқаны жанды семіртті.

– Бұл этнофестивальдың басты мақсатының бірі – алыс-жақын шетелдерден келетін туристерді Ұлытаудың тағылымды тари­хы мен құнды ескерткіш-жәдігер­леріне қызықтыру. Осы арқылы ауданда туризмді кешенді түрде дамытуға болатынына деген сенім мол. Бұл дегеніңіз – туризммен бірге өркен жаятын инфрақұрылымның игілігін жер­гілікті жұрт көріп, жаңа жұ­мыс орындары ашылады деген сөз. Жалпы, бұл игілікті іс­тің Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президентті ұлық­­тау рәсімінде сөй­леген сө­зін­­де жаңа жұмыс орын­дарын ашу­ды және халықты лайық­ты жалақымен қамтуды алда­ғы уақытта ерекше назарда ұстай­тын бағыттың бірі ретінде атағанымен астасып жатқаны көңілге дем береді, – деді аудан әкімі Ә.Омаров.

Расында да, сырттан келген меймандардың риза көңіл, ыстық ықыласты лебіздеріне қарап, бұл «Көкмайса» этнофестивалі сынды рухани тұрғыдағы шарапаты мол шараны шетелдік қонақтарды қазақ халқының тасқа басылған тарихымен және әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан ұлы мәдениетімен таныстырудың өте ұтымды және аса тиімді мүмкіндігі деп айтуға толық негіз бар.

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы
Баннер
Соңғы жаңалықтар

Кей өңірлерде ауа-райы өзгереді

Аймақтар • 12 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ислам Қабылұлы

Руханият • 12 Қазан, 2019

Сенаторлар сенбілікке шықты

Қазақстан • 12 Қазан, 2019

Оралда «LATYN FEST» жастар форумы өтті

Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар