Президент • 19 Маусым, 2019

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді

451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді

Мемлекет басшысы осымен бесінші мәрте жалау көтерген «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Шарада, сондай-ақ Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев пен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов болды.

«Спасск» оқу орталығының полигонында еліміздің барлық өңірінен келеген әскери-патриоттық клубтардың 600-ден астам тәрбиеленушілері, «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері бас қосты. Апта бойы жасөспірімдер дене шынықтыру даярлықтарын жетілдіріп, жарыстар мен ойындарда әскери-қолданбалы машықтарын көрсетеді. Жиынға қатысушылар құрдастарымен жақынырақ танысып, жаңа достар табу мүмкіндігіне ие болды. Жас ұландар  үшін байқаулар, спорттық жарыстар және қызықты адамдармен кездесулер ұйымдастырылады.

Жастар алдында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық  күш-қуатты өмірдегі басты мақсаттарға жұмсауға шақырды.

–  Отанымызға адал, жауапкершілігі жоғары, қайратты және қайсар жастарымыздың басын қосқан бұл жиынның мән-маңызы ерекше. Біз Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Қазақстанның әрбір жетістігі өздеріңіз сияқты жас өрендердің алаңсыз, жарқын келешегі үшін жасалған қадам. Бүгінде елімізге барша әлем қауымдастығы құрметпен қарайды. Мемлекетіміз қарқынды дамуда. Мұның барлығы тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзімде атқарылған табанды еңбектің нәтижесі. Еліміздің абыройын арттыру сіздердің Отан алдындағы қастерлі борыштарыңыз. Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент өмірде ең бастысы – адамдық парасаттылық, білім, жоғары кәсіпқойлық және өз Отанына адалдық екенін атап өтті.

– Елімізде жас қазақстандықтар арасында патриотизмді қалыптастыру мен тәрбиелеуге үлкен мән беріледі. Осы мақсатта «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Әскери-патриоттық клубтар мен сыныптар саны 6 мыңға жетті, оларда 174 мың бала білім алып жүр, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанатында театрландырылған көрініс қойылып, онда батырлар  ұрпақтарының байланысы ұлықталды. Ал лаңкестерді залалсыздандыру бойынша шартты көрнекі операцияда көрермендерге заманауи қару-жарақ түрлерінің  мүмкіндіктерін көрсетілді. Бұл шараға артиллерия, танктер және әуе техникасы – тікұшақтар мен жойғыш ұшақтар қатыстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ дала лагерін аралап, оқу орталығының жағдайымен танысты.

Спасскіде Президент пен жас патриоттар 2050 жылғы қазақстандықтардың болашақ буынына жолдау жазылған «уақыт капсуласын» салды. Болашақ Отан қорғаушылар робот техникасы бойынша білімдерін паш етіп, сапер, барлаушы және басқа да роботтардың үлгілерін көрсетті. Жиын қатысушыларына «Голос. Дети» байқауының жеңімпазы Ержан Максим, ментальді арифметика бойынша әлем чемпионы Илья Тохтахан, кеуде көтеру бойынша әлемдік рекордшы Әмір Махмет, шахматтан бес дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаевамен әңгімелесу мүмкіндігі туды.

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны 22 маусымда аяқталып, сайыс қорытындысында үздік командалар мен ерекше көзге түскен өрендер анықталады. 

Қарағанды облысы