Спорт • 19 Маусым, 2019

Исландиялық Рунидің Қазақстандағы алғашқы сұхбаты

258 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Енді Астананың да өз викингі бар. Қазақстанның ең үздік клубы Чемпиондар Лигасы басталмас бұрын құрамын 29-жастағы Исландия құрамасының футболшысы Рунар Мар Сигурьонссонмен толықтырды, деп жазады "Астана" футбол клубының ресми сайты.

Исландиялық Рунидің Қазақстандағы алғашқы сұхбаты

– Рунар, Қазақстанға қалай ұшып келдің? Жол ауыр болмады ма?

– Бұл бір ұзақ күн болды. Исландиядан Франкфуртқа, Франкфурттан Нұр-Сұлтанға ұштым. Ұшу ұзақтығы 16-17 сағатымды алды. Оған қоса, Қазақстан уақытының бізден біраз айырмашылығы бар. Ұшу қиынға түспеді. Бірақ, жол алыс болды.

– Бұрын, Қазақстан туралы не білетін едіңіз?

– Аса бір көп нәрсе білдім деп айта алмаймын. Білетінім аз. Сіздердің мемлекеттеріңіздің тарихын оқыдым. Шынымды айтсам, алғашында картадан Қазақстанның қай жерде орналасқанын да білмедім. Артынша қазақ жерін көрген соң таң қалдым. Дәл мұндай үлкен мемлекет деп ойламадым. Сіздердің астаналарыңыз Нұр-Сұлтан қаласы жас, әрі әдемі қала. Енді, менде Қазақстанмен жақынырақ танысатын мүмкіндік те, уақыт та пайда болды.

– Сіздің есіміңізді айту адамдар үшін қиынға соғады. Сізді әріптестеріңіз қалай атайды?

– Бұл қиындықпен көп жерде кездесемін. Мені әріптестерім көбіне Руни деп атайды. Немесе, Сиги – Сигурьонссонның қысқартылған түрі. Бірақ, басым көпшілігі Руни деп атайды.

– Бұл Уэйн Рунимен ұқсастығығыз бар дегенді білдіре ме?

– Жоқ, менің есімім Рунар. Оны қысқартып Руни дейді. Ағылшындық шабуылшымен ешқандай ұқсастығымыз жоқ.

– Қазақстандық командалардың ойындарын көргенсіз бе?

– Иә. Қазақстан ұлттық құрамасының бірнеше ойынын көрген болатынмын. «Астана» футбол клубынан ұсыныс түскеннен кейін, ойындарын көріп шықтым. Тіпті, осы маусымдағы жетістіктерін бақылап отырдым. Көргендерімді қорыта мен үздік клубқа келдім деп айта аламын. Еуро-2016 турнирінің іріктеу кезеңінде мен Қазақстан ұлттық құрамасына қарсы ойнай алмадым. Өйткені, менде жарақат болатын. Исландияда өткен қарымта ойынды да жіберіп алдым.

– Исландия құрамасының ойыншылары Қазақстанмен өткен ойын тең нәтижемен аяқталғанына қарамастан қуанғаны, бізді біраз таңырқатты.

– Бізге сол сәтте әр ұпай маңызды болатын. Командамыз қорғанысқа көп көңіл бөлді. Барлығы да Еуропа чемпионатына шығу үшін жасалған еңбек деп білемін.

– Сіз Еуропа чемпионатында ғажайыпқа сендірген Исландияның құрамында болдыңыз. Бұл ғажайып қалай орын алды?

– Бұл жетістік құрамамыздың қажырлы еңбегінің арқасында келді. Біріміз бәріміз үшін күрестік. Біз үшін өте керемет турнир болды. Әсіресе, Англияға қарсы өткен ойын ерекше есте қалды. Бәрі білетіндей исландиялықтар ағылшын футболын жақсы көреді. Сол себепті Англия құрамасын жеңгеніміз ғажайып болды.

– Исландия құрамасының сапында әуесқой футболшылар бар деген сыбыс көп тарады. Біреуінің мамандығы тіс дәрігері, біреуі режисер тағысын тағы... Сол қаншалықты рас?

– Жоқ, біздің құрама ойыншыларының барлығы кәсіпқой футболшылар. Бір қызығы біздің құрамамыздың бас бапкерінің көмекшісі тіс дәрігері болып қызмет жасап жүрді. Алайда, оның өз себептері бар. Ұлттық құрамамен жұмыс жасаған кезде ойындардың арасында тым көп бос уақыт бар. Ол сол бос уақытында тіс дәрігері болып жұмыс атқаратын. Айтпақшы, сол көмекші көп уақыт өтпей ұлттық құраманың бас бапкері атанды. Бұл оның басты жұмысы болмағанмен, демалған кезінде жасайтын жұмысы, былайша айтқанда хоббиі. Барлық адамда хобби болуы керек деп ойлаймын.

– Ал, қақпашы шынымен режиссер ме?

– Иә, ол бейнеклип, фильм түсірумен айналысады. Исландия – кішкентай ел. Мұнда, футбол ойнай жүріп, тағы басқа да мамандықтың иесі атанатындар көп. Айтпақшы, Әлем чемпионаты кезінде біздің құрамамызда  Исландияда тұз өндіріс компаниясында жұмыс жасайтын футболшы болатын.

– Егер, футболшы болмасаңыз, кім болар едіңіз?

– Тіпті білмеймін. Әкем құрылысшы. Мүмкін, сол кісіге көмектесетін шығармын.

– Сонымен, Исландияның осындай жетістікке жету құпиясы не?

– Біз командамыз. Бізде көп жылдар бойы бір құраммен ойнадық. Жақын достар атанып та кеттік. Біз аянбай тер төктік. Оған қоса, біз кез келген қарсыласты жеңуге болатындығына сендік. Бастысы сенім дұрыс болуы керек.

– Эйдур Гудьонсен – Еуро-2016 турниріндегі сіздердің ең басты көшбасшыларыңыз болды дей аласыз ба?

– Әрине. Мүмкін, ол біздің құрама тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі. Командамыздағы көп футболшы үшін ол – кумир. Өйткені, көпшілігіміз енді футболға келіп жатқан кезде, Гудьонсен «Челси» мен «Барселона» сапында гол соғып жүрді. Эйдурмен бір құрамада ойнау мен үшін үлкен абырой. Ол кісіден үйренгенім көп. Гудьонсен исландия футболының қаһарманы.

– Сізде оның ұялы телефонының нөмірі бар ма?

– Бар.

– Эйдурмен қазақстандық клубқа ауысатындығың жөнінде сөйлестіңдер ме?

– Иә, осы жақында сөйлескенбіз. Бір-екі күн бұрын шығар. Ол менің агентіммен жақсы таныс. Эйдур Гудьонсен айтты: «Бұл мансабың үшін дұрыс жол екендігіңе көзің жетсе, онда тосылмай бар. Қазақстандағы футбол ойнаған уақытыңнан ләззат ал».  Гудьонсен Қазақстанмен жақсы таныс. Ол, осы жерде ұлттық құрама сапында гол соққан. Басқа да Исландия құрамасында бірге өнер көрсететін достарым сәттілік тіледі.

– Маусымның ортасында командаға қосылған киын емес пе?

– Білмеймін. Әрине, маусымның басында келген мен маусым ортасында келгеннің айырмашылығы бар. Бірақ, мен жаңа командаға тез үйреніп, клубтың жетістікке жетуіне көмектесетініме сенемін.

– Не үшін «Астанаға» ауысуға келісім бердіңіз?

– «Астана» көп уақыт бойы маған қызығушылық танытты. Бұл дұрыс шешім болды ма, оны уақыт көрсетеді. Менің жаңа маусымнан күтер жақсы жаңалығым көп. «Астанаға» келетін болсақ, бұл жақсы ойыншылары бар клуб. Еурокубокте өнер көрсетіп, мықтылығын дәлелдеп жүрген команда.  Бұл да менің «Астанаға» ауысуыма басты себеп болды.

– Алайда, Швейцарияға қарағанда Қазақстандағы жасыл алаң мен стадион мәселесі өте нашар екенін білесіз...

– Иә, білемін. Қазақстан чемпионаты ойындарын қараған кезде көргенмін және мен бұған дайынмын. Жалпы, жаңа елге бара жатқанда барлық қиын жағдайға дайын болуың тиіс.

– Қандай нөмірде өнер көрсететініңізді шештіңіз бе?

– 10-шы нөмірді алуды қалаймын. Жастар құрамаларында өнер көрсетіп жүрген кезде 10 нөмірмен ойнайтынмын. Алайда, кәсіпқой футболға келгелі бері 10-шы нөмір көп уақытта бос болмайды.

– «Астана» командасында қойған басты мақсатыңыз?

– Клуб қойған мақсаттарға жетуге көмектесу.