Қазақ қоғамында болып жатқан оқиғаларға назар аударған адам ел билігінің қалың бұқараның үнін естігеніне көз жеткізсе керек-ті. Көпшілік өзінің арман-аңсарын сайлауда дауыс беру арқылы да, ерікті бақылаушылардың қызметімен де ел тізігін қолға алған азаматтардың құлағына жеткізді. Бұл сөзімізге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews арнасына берген сұхбатында: «Негізінен наразылықтар әлеуметтік жағдайға байланысты туындады, олар үкіметтен әлеуметтік-экономикалық жағдайларын шешуді талап етіп отыр. Мен мұндай мәселелерді жоққа шығармаймын, олар бар. Билік олардың мәселесін естіді, енді шешу үшін жұмыс істейміз» дегені нақты дәлел.
Иә, дүрмекке еріп алаңға шығып кеткендердің де үні естілді. Бірақ, сол үнмен жеткен емеуірінді биліктің мұқият тыңдап, саралап, мәселелерді кеңесе шешуіне мүмкіндік бергеннен гөрі, біз тым тақымдап бара жатқанға ұқсаймыз. Кейбір отандастарымыздың әрекеті ел басқарушылардың ұстанған саясатына емес, мемлекетке қарсы бағытталып жатқандай көрінеді. Әрине, бұқараның арасында елдегі түрлі оқиғалар мен құбылыстарға, әлеуметтік һәм саяси ахуалға іштей наразы болатын азаматтар кездеседі. Тағы бір топ еліміздің тез гүлденіп, жаһандағы жақсы дамыған мемлекеттердің қатарына іс жүзінде қосылғанын да қалайтыны анық.Тез арада Жапония мен Корея, Финляндия мен Норвегиядай ел болсақ дейді. Ниет жақсы әрине. Бірақ, амалдарымызға абай болмасақ опық жеп қалуымыз әбден мүмкін.
Негізі қоғамдағы наразылықтардың эволюциясына үңілер болсақ, елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайға бәріміздің де азды-көпті айыпты екенімізді мойындауымыз керек. Мемлекетшілдік сананы толық қалыптастыра алмаған тәріздіміз. Ата заңда адам құқы, азаматтардың сайлану және сайлау, бейбіт түрде наразылық жасау құқының бар екендігі көрсетілгенімен, кейбір нормативтік құжаттарда бұл құқықты шектеу амалдары қарастырылғаны да шындық. Мұны атқамінерлердің қатесі дейік. Бірақ, сайлауда бақылаушы болып, дауыс беруге қатысып, елдегі саясат пен экономикалық үрдістерді көптің қалауымен өзгертуге біз, яғни қалың бұқара биылға дейін белсенді араласа қойған жоқпыз. Тым немқұрайлы болдық. Сөйттік те, ел іргесін шайқайтын жемқорлық дертінің дендеуіне, жалған есеп пен құр насихаттың кең тарауына жол беріп қойдық. Мемлекеттік қызметке елдің еңселі болуын мұрат тұтқан мамандар емес, жеке басының қамын күйттегендер еніп кетті. Соның салдарынан бұқара өзгеге, әсіресе, сырмақ шетінде жүргендерге сенбейтін болдық. Сол сенбестігіміз мемлекет пен билік деген ұғымдарды мидай араластырып жіберуге мәжбүр етті. Енді келіп, жылдар бойы жинақталған мәселелерді бір сәтте шешуді талап етіп жатқан тәріздіміз. «Қазан сындырамыз» дегендей сыңай танытқан азаматтар кездесті. Ал мұндай ұстаным елдің ертеңі үшін қатерлі еді.
Жалпы, білетіндер осы күнге дейін бұқараның жаппай наразылық танытуының екі себебін айтып келген еді. Олар: әлеуметтік мәселелер мен заң талаптарының бұзылуы. Еуропада, тып-тыныш болғандай көрінетін КСРО-да болған оқиғалар шежіресі мұны айғақтайды. КСРО да милиция қызметкерлерінің жүгенсіздігіне қарсы жүзден наразылық болыпты. Жалақының төмендеуі мен әлеуметтік мәселелер де бұқараның басшыларға ренжуіне себеп болса керек. Алайда, соңғы жылдары «тоқ баланың да» наразы бола қалуы оп-оңай екендігін байқатты. Оған Таяу Шығыс елдеріндегі оқиғалар куә. Яғни, наразы топтың қарасын көбейту үшін үшінші себеп те айтылуы мүмкін. Демократия, сөз бостандығы, адам құқы дегендей...Бірақ, сол демократияның әр халықтың таным-түсінігімен үйлесуі қажет екендігін ешкім айта қоймайды. Әрі бұл игілікке қол жеткізу үшін әр азаматтың жауапкершілігі болатыны тағы бар.
Оның үстіне 2014 жылдан бері «сыпайы адамдардың» ел ішіне еніп кету қаупі де байқалып жүр. Содан да болар Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына «гибридті күрес» деген ұғым енгізілген. Бұл тәсіл арқылы елді арандатуға ұмтылатындар сеператистерді, жеке азаматтарды, үкіметтік емес ұйымдарды, коммуникация құралдарын, түрлі қауесеттерді пайдалануы мүмкін екендігі де сол құжатта айтылған. Ал біздің халық ақкөңіл жұрт екені белгілі. Қызбалығы тағы бар, біреу аттандаса айқайға сүрең қосып кетуіміз мүмкін. Төңіректегі жұрттың көрші-қолаңына не істегенін ұмытып кеттік. Бірге туған бауырына жаны ашымағандар атасы басқа біз сияқты жұртты аяуы мүмкін емес екендігін назардан шығарып алдық. Сөйтіп, «ақырып теңдік сұрамақ» ниет байқаттық. Дәл осылай теңдік сұрасақ, ұтылып қалуымыз бек мүмкін.
Сөз басында елдегі келеңсіздіктерге бәріміздің айыпты екенімізді айттық. Санадағы стереотиптер де біраз игіліктен құр қалуымызға себепші болып тұр. Жасырып қайтеміз, ел ішінде қылмыскерлерге тән түсінік-пайымдар кездесіп тұрады. «Жақсылыққа үндеп, жамандықтан тый» десең, «тоқылдақ болмаймын» дейтін де өзіміз. Патшалық Ресей кезіндегі полициядан, КСРО-ның милициясынан талай дағдыны «мұра» етіп алып қалғанбыз. «Братва» деп қылмыскерлердің жаргонымен сөйлейтін полицейлеріміз де бар. Олардың біразы бұқараның төбесінде әңгір-таяқ орнатудан тартынайын деп тұрған жоқ. Сөйтіп, «бұйрық талқыланбайды» деп үйренген сарбаз бен полция қызметкерінің әрбір артық қимылы да, сөзі де наразылықтардың өршуіне себеп болуы әбден мүмкін. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан кейбір видеоларға қарап отырсаңыз сол сөзіміздің растығына көз жеткізесіз. Одан бөлек ел ішін дүрліктірмек болатындар да кездеседі. Қысқасы, қайшылығы тым көп қоғам құрып алыппыз. Енді келіп сол қалтарыс-бұлтарысы мол қоғамды бірер күнде өзгертпекке ұмтыламыз. Өзгеріс жасау үшін пайдаланбақ болып жатқан әдіс-айламыз да қарабайыр. Аттандап атқа қонып, ел ісін түзеткіміз келеді. «Үй артында кісі бар» екенін ұмытып кеткен тәріздіміз. Сондықтан, дәл қазір қалың бұқараның «ойнасақ та біраз жерге барыстық, енді қоялық» дегені жөн болса керек.