Осымен 16-шы рет өткізілетін сынақ 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеуде бақ сынаушылардың басым бөлігі – биылғы мектеп бітіруші түлектер, 17,8 пайызы – өткен жылдардағы мектептер мен колледждердің түлектері.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ҰБТ тапсыруға ниетті мектеп бітірушілердің белсенділігі былтырғымен деңгейлес. Былтыр тестілеудегі сұрақтардың 50%-ы жаңартылса, биыл 30 пайызы жаңартылды.
Грант бөлінісі. 2019 жылғы үміткерлерге 51 085 грант бөлінді, бұл былтырғымен салыстырғанда (53 594 грант) екі жарым мыңнан астам грантқа аз. Жалпы, грант бөлінісі болашақта қандай мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Соның бір айғағы биыл өнер саласын таңдағандардың айы оңынан тууы әбден мүмкін. 2018 жылы өнер саласы мамандықтарына небәрі 300 грант бөлінсе, биыл 1315 орынға, яғни бес есеге артқан. Бұл – тамаша мүмкіндік.
Есесіне биыл Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (5977) мен инженерлік мамандықтарға (15011) бөлінген грант саны былтырғы техникалық және технологиялық мамандықтарға берілген 24 737 орынға жетпейді.
Тағы бір көңіл қуантарлық өсім шетелден келген этностық қазақтарға бөлінген гранттарға қатысты.
2018 жылы мемлекеттік білім беру гранттарын шетелдегі қазақ диаспорасының 862 өкілі иеленсе, биыл осындай үміткерлерге 2450 грант бөлініп отыр. Өйткені білім алу арқылы елге бір табан жақындауды қалайтын қандастарымыздың қатары артып келеді.
Бір айта кетерлігі, биыл педагогикалық мамандықтарға берілетін грант саны былтырғыға қарағанда 4 мыңға жуық орынға азайды.
Төрт мәрте тест тапсырады. Биылғы жаңалықтардың ішіндегі ең негізгілері ретінде талапкерлердің жыл басынан бері 4 рет сынақ тапсыруға мүмкіндік алғанын атап өткен жөн. Былтыр бұл мүмкіндік тек екі рет берілді. Яғни, маусым айында грант үшін, ал тамыз айында шектік балл жинау арқылы ақылы негізде оқуға түсу үшін берілген болатын. Ал биылғы қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы тестілеуге қатысу үшін белгіленген соманы төлеп, сынаққа қатысып, сол арқылы еліміздегі ЖОО-лардың кез келгеніне ақылы оқуға түсуге болады. Соның нәтижесі бойынша арнайы сертификат беріледі, бірақ ол грант алуға жарамайды. Ал грантқа түсуді тек маусым айындағы сынақ қорытындысы ғана шешеді.
Тест тапсырмай түсетіндер. Тағы бір жаңалық: енді ақылы негізде оқуға түсетін колледж түлектері ҰБТ тапсырмайды. Біз жоғарыда биылғы үміткерлердің 20 862-сі, яғни 17 пайыздан астамы – өткен жылдардағы мектептер мен колледждердің түлектері екенін жаздық. Олар – грантқа таласушылар, сондықтан ақша төлеп оқуға мүдделілер ғана тест тапсырмайтынын ескерген жөн.
Мүмкіндік. Магистратурадағы кейбір талаптар енді бакалавриатта грант алуға пайдаланылмақ. Мәселен, магистрант атану үшін алдымен шет тілінен сынақ тапсыру керек. Ал егер үміткердің қолында IELTS секілді халықаралық сертификаты болса, бірден екінші кезеңге ең жоғары балл жинап өтеді. Осы талап бакалавриатқа түсу ережелеріне бекітілді, өйткені жыл сайын шет тіліне және соған сәйкес мамандықтарға сұраныс артып келеді, сондай-ақ ҰБТ-ны таза ағылшын тілінде тапсыруға ниеттілердің де қатары көбеюде. Осыны ескерген министрлік халықаралық сертификаттары бар немесе шет тілін білетіні расталған тұлғалар шет тілі пәнінен тест тапсырмайтынын, оларға автоматты түрде ең жоғарғы 40 балл берілетінін хабарлады. Қоса кетейік, биылдың өзінде халықаралық сертификат иеленген түлектердің саны 708-ге жеткен көрінеді.
Ерекше құжат. Барлық бітірушілерге тестілеудің қорытындысы көрсетілген сертификатпен қоса маңызды мәліметтер жазылған арнайы құжат берілмек. Осы арнайы парақшада құжат өткізуге болатын білім беру бағдарламаларының тізімі, бөлінген гранттар саны, өткен жылдары өткізілген орындар бойынша конкурстың қорытындысы көрсетіледі. Сондықтан бұл құжатқа ерекше назар аударған артық болмайды.
Тағы бір жаңалық – жаңа классификатор енгізілгені. Соған орай гранттар білім беру бағдарламаларының топтарына бөлінеді. Айталық, «Ақпараттық технологиялар» тобы бар, ол ақпараттық жүйелер, блокчейн, big-дата, информатика, жалпы компьютерлік білім беру бағдарламаларын қамтиды. Енді осы «Ақпараттық технологиялар» тобына 500 грант бөлінсе, гранттардың конкурсына жоғарыдағы топты таңдаған үміткерлер ғана қатыса алады. Соған сәйкес грант иегері университетке түскенде аталған топтың білім беру бағдарламасын таңдайды және сол бойынша оқиды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өткен сенбі күні болған Үкімет отырысында тестілеу өтетін барлық аудиториялардың ұялы байланысты бәсеңдететін құрылғылармен, бейнекамералармен 100% жабдықталғанын, ҰБТ өткізілетін пункттерде бейнетрансляция жасайтын мониторлар орнатылғанын мәлімдеген болатын. Еліміздегі бас педагогтың ескертуінше, талапкерлердің сырттан қандай да бір көмек күтуі немесе дайын жауаптарды пайдаланам деуі нәтижесіз болмақ. Сол себепті біліміне сенгендер ұтып, заң бұзғандар гранттан тұтылады. Айта кетейік, жедел ақпарат алмасу мақсатында министрліктің және Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары былтырғыдай тұрақты түрде жұмыс істейді.