Қоғам • 20 Маусым, 2019

Жарты жыл жиналыспен өтіп кеткен жоқ па?

602 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында ел Президентін ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ма­ңыз­ды ба­ғыт­қа тоқталып, 10-ба­ғыт­ты «Жастарға көбірек көңіл бөлу» деп атап:

Жарты жыл жиналыспен өтіп кеткен жоқ па?

«Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істей бастады. Біз «Жас кәсіпкер» жастардың бизнес-бастамаларын дамыту бағдарламасын іске асырудамыз, жастар стартаптарын қолдаймыз. Жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырамыз. Менің міндетім – сіздердің ең үлкен армандарыңызды іске асыруға және жеке «табысқа жету тарихын» жасау үшін бар­лық мүмкіндіктерді жасау. Біздің жастар мақсатты, еңбекқор, жігер­лі, сондықтан Қазақстанның болашағы жастардың қолында», деген еді.

 

Алыстағы ауылдарға барғысы келмейді

Шығыс Қазақстанда жас­тарға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Жастар жылы аясында олар қандай қолдауға ие бол­ды? Облыстық Ішкі саясат бас­қармасына қарасты облыс­тық Жастар ресурстық орта­лығының директоры Арайлым Есім­бекқызының айтуынша, бүгінде өңірдің қала-аудандарында 20 Жастар ресурстық орталығы жұ­мыс істейді. «Жасыл ел» бағ­дарламасы аясында жыл сайын аймақта жазғы маусымда 1475 студент жұмыспен қам­ты­лады. Ал биыл осы бағ­дар­ламаға облыстағы көп ба­лалы отбасылардың 166 баласы қосылмақ. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­­дарламасы бойынша 2019 жылы 12 жас кәсіпкерге 27 мил­­лион теңгенің гранты бө­лі­ніп­ті. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде биыл 256 жас маманға 969 миллион теңгенің несиесі беріліпті. Облыстық Жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен, Атыраудағы әріптестерінің қолдауымен «Ембімұнайгаз» АҚ-тың қаржылай көмегінің арқасында былтыр көктемде Алтай ауданында тасқыннан зардап шеккен 6 отбасы баспанаға қол жеткізіпті. Орталық өңірдегі жастар арасындағы қылмысты төмендету бағытында жергілікті полиция мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен тізе қоса жұмыс істеп, көңілге кірбің түсіретін көрсеткіштердің тө­мен­деуіне үлес қосыпты. Түзу жол­дан тайып, шалт қадам басып, темір тордың ар жағынан кел­ген азаматтарды қоғамға бейімдеу бағдарында да игі істерге мұрындық болыпты. Әке-шешесі жайсыз отбасы саналып, есепке алынған балаларды да назардан тыс қалдырмай, оларды мектепке даярлау жайын да естен шығармапты.

«Биыл елімізде – Жастар жылы, келесі жыл Еріктілер жылы деп жарияланып жатыр. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Біз Жастар жылында бір реттік емес, оларға ертеңгі күні пайдасы тиетін, болашақта кәдесіне жарайтын салмақты дүниелерді жүзеге асырсақ дейміз. Жақын арада әр саланың білікті мамандарымен бірге облыстың барлық аудан, қалаларын аралап шықпақ ойымыз бар. Қазір өңірде жастардың өз-өзіне қол жұмсауы, жас отбасылардың ажырасуы өзекті мәселеге айналып тұр. Осы бағытта жұмыс істемек ниеттеміз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы тағы бір жоба қолға алмақпыз. Қорға жұмыссыз жастардың тізімі берілді. Жоба аясында 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға 500 мың теңгеге дейін грант беріледі. Тек бизнес жоспар болуы керек», дейді жастардың жанашыры Арайлым Есімбекқызы.

Өңірде ауылға барып еңбек еткісі келетін жастардың қолын жіпсіз байлап отырған жайттар да бар. Ол – жолдардың на­шар­лығы мен шалғайлығы, инфрақұрылымның жеткілік­сіздігі, байланыстың жоқтығы.

«Жыл сайын аймақтағы аудан-қалалар өкілдерінің қаты­суымен еңбек жәрмеңкесін өткіземіз. Сонда байқайтыным, студент жастар облыс орталы­ғына жақын Ұлан, Жарма, Бес­қарағай, Абай аудандарына жүгіреді. Алыс ауылдарға аттап басқысы келмейді. Біз арнайы сараптама жасадық. Мәселен, шекара шебіндегі Катонқарағай ауданының Ақсу ауылындағы мектепте біраз жылдан кейін мүлде мұғалім қалмайтын секілді. Өйткені мұндағы ұстаздардың дені зейнеткерлікке шығуға жақын. Сондықтан шалғай ауылдардағы жол, байланыс мәселесі шешілсе көп мәселенің түйіні тарқайтыны анық», дейді Арайлым Есімбекқызы.

 

«Zhas project» жобасы жалғаса ма?

2018 жылы Қостанай, Қызыл­орда, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қа­зақ­­стан облыстарында Дүние­­жүзілік банк пен Білім және ғылым министрлігінің қол­дауымен «Zhas project» жобасы жүзеге асырылғаны белгілі. Жоба шеңберінде облыс жастарына 260 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, оның 130 миллионы гранттарды қаржы­ландыруға, 135 миллионы стипендия төлеуге жұмсалған еді. «Жобаға облыс аумағында тұра­тын 14-29 жас аралығындағы жастар қатыс­ты. Басымдық NEET категориясындағы, яғни жұмыс істемейтін, оқымайтын немесе жұмыс істеп аз табыс табатын жастарға берілді. Жобаның нәтижесінде облысымызда сүт және ет өнімдерін өндіру бойын­ша 37 жоба қолға алынып, 10 спорт үйірмесі, 21 тілдерді және компьютерді үйрету курсы, 14 волонтерлік жоба, 8 наубайхана, 7 шаштараз бен сұлулық салоны, 4 ателье, балаларды дамыту үйір­месі, 3 кіші құс фермасы, омарта, дыбыс жазу студиясы, полиграфия және коррекциялау сыныбы, иппотерапия курсы, аяқ­киім шеберханасы ашылды. Ай сайын өздерінің жобалары аясында 491 қатысушы мыңдаған шығысқазақстандыққа тегін қызмет көрсетіп келеді.

Бәлкім біреуге бұл жай ғана қарапайым сандар болып көрі­нетін шығар. Бірақ оның артында тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға көмек көрсетуді армандаған жастардың жеңістері тұр. Біз осы жастарға жоба кезеңінде игерген білімдері дара тұлға ретінде дамуына, көмекке зәру адамдарға пайдасын тигізуге, қаржыландыру аяқталған соң жобаны жалғастыруға көмектеседі деген сенімдеміз», – деген еді жыл басында Өскеменде өткен қорытынды жиында сөз сөйлеген аталған жобаның Шығыс Қазақ­стан облысы бойынша аймақтық үйлестірушісі болып жұмыс істеген Серік Жүнісов.

Газетімізде осы жоба арқылы грант ұтып алып, 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылды интернетпен қамтып отырған Тарбағатай ауданының шалғайындағы Қызыл­кесік ауылындағы жастар туралы «Үш жігіт ауылды интернетпен қамтып отыр» деп мақала жазған едік. Талапты жігіттердің қолға алған «Цифрлы ауыл» жобасымен танысуға Қызылкесікке арнайы барғанымызда: «Біздің ауыл шалғайда орын тепкеннен кейін бе, интернет әлі жетпей жатыр. Қазір интернетсіз жұмыс бітпейтін болды ғой. Мына жастар қолымызды ұзартып отыр. Үшеуіне рахмет. Енді олар отырған ғимаратты жақсылап жөндеуден өткізіп берсе дұрыс болар еді», – деп өтініш білдірген-ді грант ұтып алған үш жігіттің бірі Өміржан Мұқышевтің әкесі Серік ағамыз.

Расында, былтыр бұл жобаны өңір жастары зор қызығу­шылықпен қабылдаған еді. Семейлік жас жігіт 60 ананы балаға массаж жасауға үйретіп, оқытып, қолдарына сертификат беріпті. Зайсан қаласында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» жобасы арқылы 300 әйелге психологиялық-құқықтық көмек көрсетіліпті. Аяжан атты бойжеткен Глубокое ауданында 50 зейнеткерді компьютерлік сауаттылыққа үйретіпті. Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылының бір бозбаласы әкімдік берген тізім бойынша әлеуметтік аз қам­тылған отбасылардың аяқ-киімдерін жөндеп беріпті. Алтай қаласында бір жігіт өзінің жобасы аясында мүгедек жандардың көліктерін тегін жөндеп, алғыс­тарына бөленіпті.

Арайлым Есімбекқызы бұл жоба өңірдің жастарына үлкен қолдау болғанын, 2018 жы­лы «Zhas project» жобасы аясында грант ұтып алған жастардың 80 пайызы өз кәсібін дөңгелетіп әкеткенін айтады. «Облыс әкімдігіне осы жобаны аймақта жалғастыру жөнінде жастар тарапынан ұсыныс айтылды. Мәселен, шекарадағы Марқакөлде туризмді неге дамыт­пасқа?! Тарбағатайдың Қызылкесік ауылының жастары секілді Марқакөлдің де жас­тарына грант беріп, алты ай 60 мыңнан стипендия төлесеңіз көл жағасындағы туризмнің өркендеуіне үлес қосудан бас тартпас еді деп ойлаймын. Ар­найы тур жасап, бұрынғы аудан орталығы – Марқакөлден көлге дейін туристерді неге апармасқа?! Осыны қолға алсақ, шетелдік ту­ристер қызығушылықпен ке­летініне күмәнім жоқ» дейді ол.

 

Жастарға басқосу емес, бюджет керек

Облыстағы жастардың жай-күйін, оларды толғандырған мәселелерді жақсы білетін, өзі де жастар саясаты саласында жұмыс істеген Серік Жүнісов Жастар жылы республикада да, өңірде де өз деңгейінде өтпей жатқанына, нақты істерден гөрі пайдасы аз жиналыстардың көптігіне қынжылысын білдірді. «Жастар жылында менің ойымша, «Zhas project» жобасы секілді жастарға нақты, адрестік көмек көрсететін бағдарламалар жүзеге асырылу керек еді. Міне, жарты жыл өтті. Өкінішке қарай, мұндай жобалар жасалған жоқ. Мерекелік іс-шаралардан, форумнан басқа жастарға бюджет берілді ме? Бюджет берілмесе олардың мәселелері қалай шешіледі? Онсыз да алдын ала жоспарланған дәстүрлі шараларға Жастар жылының логотипін жапсырып жиындарды өткізіп жатырмыз. Өз ба­сым бұдан басқа ешқандай нәтиже көріп отырғаным жоқ. Жалпы республикалық арнайы бағдарлама, жалпы рес­публикалық бюджет болмаған соң бәрі бекер секілді. Шығыс Қазақ­станға қатысты айтар болсам, жоғарыда айтып өткенімдей көп бюджетті қажет етпейтін, құжат жұмыстары да жеңіл «Zhas project» жобасының баламасын өңірде қолға алу керек еді. Бұған 300 миллион теңге облыстық бюджеттен табылар еді деп ойлаймын. Есесіне 300 миллионға қаншама жоба қолға алынып, қаншама жас жұмыс табар еді. Ең бастысы, қаншама жастың идеясы жүзеге асар еді. Жұрттың көбі жастарды еріншек деп ойлайды. Жоқ, оларға тек мүмкіндік беру керек, жағдай жасау керек», деген Серік Жүнісов Жастар жылында жастардың мәселесі шешілмесе де, «жастардың арасында шынайы жұмыссыздық деңгейі қандай, жас отбасылардың табысы қанша, мемлекеттік бағ­дар­ламалармен несие алу қан­шалықты тиімді?» деген секілді оларды толғандырған мәсе­лелерді нақты анықтап алсақ жақсы болар еді деп есептейді.

С.Жүнісов қаладағы аула клубтарының жұмыстарын заман талабына сай қайта қарайтын кездің жеткенін де тілге тиек етті. Өйткені қазіргі жастардың, жасөспірімдердің көзқарасы, дүниетанымы, қызығушылығы басқа. «Аула клубтары кітапхана секілді. Мұнымен қазіргі жас­тарды қызықтыра алмайсың. Сондықтан аула клубтарын солардың қызығушылығына қарай бейімдеу керек» дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы