Ең ұлық мәртебе – ел сенімі
Сенбі, 5 қаңтар 2013 8:17
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру бағыты айқындалды. Бірақ бұл ұзақ мерзімді міндетті орындау үшін, алдымен, елдің барлық саласы төрт аяғын тең басуы керек.
Бұл дегеніңіз, қазіргі ақсап жатқан көптеген кемшіліктерден арылып қана қоймай, кез келген жаhандық сын-қатерлерге төтеп бере алатындай мәңгілік Ел болу жолында түпкілікті даму. Ал осы көздеген мақсатымызға жетудің жетекші салаларының бірі және бірегейі құқықтық саясатты жетілдіру болып табылады. Ендеше, Жолдауда айтылғандай, сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлатуға, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылтуға қайткенде, қалай қол жеткізуге болады? Оған қазір қандай келеңсіздіктер қолбайлау болып тұр? Міне, осы және басқа да мәселелерге жауап іздеп, біз Жоғарғы Соттың Төрағасы Бектас БЕКНАЗАРОВҚА жолыққан едік.
– Бектас Әбдіханұлы, аталған Жолдауда Президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктің бір тармағы – сот билігіне байланысты «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады», – деп атап өтті. Әрбір жеке және заңды тұлғаның өзінің құқығы мен заңды мүдделеріне нұқсан келген жағдайда сотқа жүгініп, соттан заңға сай қолдау әрі қорғау табуы тиіс екендігін көрсетті. Демек, енді тек сот арқылы, мейлі кім болсын, қорғалу құқы қашан түпкілікті жүзеге аспақ?
– Біздің елде әрбір адамның құқығын сот арқылы толық қорғау барысы түпкілікті орныққан. Бұған жеткілікті негіз де бар. Ал Елбасының сот жүйесінің алдына қойған басым міндеттері күллі халық үшін шын мәнінде өзекті де, маңызды екені сөзсіз. Сондықтан да, сот әділдігін алқа билердің қатысуымен атқару, мамандандырылған соттар жүйесін құру, дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізу, тергеу әрекеттеріне сот бақылауын жүзеге асыру, судья кадрларын даярлау мен біліктілігін арттырудың оқыту жүйесін жасау, соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысын түбегейлі өзгерту арқылы соттың ашық және түсінікті болуын қамтамасыз ету секілді істер отандық сот жүйесін ұдайы дамуға жетелейді.
Мәселен, Президент Жарлығымен алғаш рет тәжірибе ретінде Алматы және Қарағанды қалаларында мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылғаны белгілі. Ал 2002 жылдан бастап республиканың барлық облыс орталықтарында және Астана, Алматы қалаларында ресми түрде мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар ашылды. Жаңа жоба өзін-өзі ақтап, жақсы нәтижеге қол жеткізілгендіктен, республикамыздың барлық облыс орталықтарында экономикалық соттар ресми түрде шаңырақ көтерді.
Ел экономикасының жедел дамуына және халықаралық экономикалық, қаржылық байланыстардың кеңеюіне орай, қаржылық соттың құрылуы да заман талабынан туған шара. Сонымен қатар, 2007 жылғы шілдеден бастап алқа билер соты институты енгізіліп, қылмыстық іс жүргізуді алқа билердің қатысуымен жүзеге асыру үрдісі қалыптасты. Қазір Астана, Алматы қалаларында және барлық облыстарда әкімшілік қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттар құрылып, жемісті жұмыс жалғасуда. Сот арқылы адам құқын қорғаудағы тағы бір оң жаңалық – Елбасының Жарлығымен 2012 жылғы ақпаннан бастап барлық облыстарда кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын мамандандырылған соттар ашылды. Бұл соттар жасөспірімдердің істерін қарап қана қоймай, олардың құқықтық білімі мен мәдениетін жетілдіруге үлес қосады деп сенемін.
Қылмыстық заңды ізгілендіру мақсатында Қылмыстық кодекстің кейбір баптарына өзгерістер енгізілді. Қылмыстық сот ісін ізгілендірудің мәні білместікпен қылмыстық әрекетке ұрынған, абайсызда от басқан, бұрын қылмыс жасамаған адамға бас бостандығынан айырудан басқа айып салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу тәрізді баламалы жазалар түрін қолдану болып табылады. Сондай-ақ, азаматтық, әкімшілік істерді, кейбір ауыр емес қылмыстарға қатысты істерді бітімгерлік (медиация) жолымен, тараптарды татуластыру, келісімге келтіру, жәбірленушінің кешірім жасауы арқылы сотқа жеткізбей шешу де осы ізгілік қағидаларына негізделген.
– Бұл орайда, Президенттің сот ісін жүргізуді барынша жетілдіру және оңтайландыру жөніндегі ойлары да өз шешімін тауып келе жатқаны көңіл қуантады.
– Иә, бұл ретте тұтынушылар үшін сот шешімдерін қабылдаудың көпдеңгейлі жүйесін алып тастап, олардың құқығын қорғаудың жаңа жүйесін дайындауда көптеген нақты қадамдар жасалды. Өзіңіз білесіз, республика бойынша сан мыңдаған істер қаралады. Бұрын ол істер бойынша шығарылған, күшіне енген үкімдер мен шешімдердің заңдылығын облыстық соттардың қадағалау алқалары бірден тексеріп, қателерін тез арада түзеп отыратын. Үш буынды жүйеде заңды күшіне енген сот актілерін тексеру тек Жоғарғы Соттың ғана құзыретінде болды. Еліміздің басты сотына азаматтардың және заңды тұлғалардың шағымдарымен түсіп жатқан мыңдаған сот актілерінің заңдылығын сапалы тексеру оңай болған жоқ. Мәселен, 2011 жылы Жоғарғы Соттың әр судьясының өндірісінде, ай сайын, тұрақты түрде 70-80 істен кем болған жоқ. Әрбір судья апта сайын 20-30 шағымды сараптап, сот алқасында баяндауға тиіс болды. Ал егер осы істердің басым көпшілігін Жоғарғы Сотқа жолдамай, адамдарды Астанаға сабылтпай, облыстық соттарда қарап, қателіктерін дер кезінде жойып отырса, бұл халық үшін де, сот үшін де тиімді болар еді. Мен осы ой-ұсыныстарымды Елбасына баяндадым. Президент ұсынылған ақпаратты зерделей келе, облыстық соттардың әлеуетін толық пайдалану жөнінде тапсырмалар берді.
– Осының арқасында сот ісін оңтайландыру үшін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды ғой.
– Иә, өткен жылғы 1 шілдеден бастап соттар сот ісін жүргізуде, өзіңіз айтқан жаңа заңды қолдана бастады. Заңда апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларының істерді қарау тәртібі өте айқын белгіленген. Енді апелляциялық сатыдағы соттар аудандық (қалалық) соттарға істерді қайтадан қарауға жібермей, өздері сот актілерін тексеріп, жаңа шешім шығара алады. Тек алқа билердің қатысуымен қаралған істерді ғана жаңадан қарауға жіберуге жол беріледі. Әсіресе, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы жария болған сәттен бастап заңды күшіне енетініне назар аударған жөн. Бұл істерді сөзбұйдаға салмай шешуге және шешімнің орындалуын жеделдетуге жол ашты және бұл жөнінде биылғы Жолдауда «сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек», деп анық көрсетілді. Демек, біз уақытпен үндесе әрекет етіп келеміз.
Сонымен қатар, кассациялық сот сатыларының құзыреті кеңейіп, толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік беріліп отыр. Олар алты ай мерзім ішінде заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексеріп, түпкілікті шешім шығарады. Кассациялық сатыда істердің түбегейлі шешімін табуы халыққа қолайлы екендігі күмәнсіз. Енді тек облыстық соттың кассациялық сатысының шешімімен келіспеген тұлғалар ғана Жоғарғы Сотқа жүгіне алады. Жоғарғы Сот олардың өтініштерін орынды деп тапса, істі қадағалау тәртібімен қарайды.
– Дегенмен, соттар ақтау үкімінен гөрі айыптау үкімін жиі шығарады. Мұның себебі неде?
– Қылмыс жасаған адамға жаза қолдану заңның ғана емес, адамгершілік өлшемдерінің де талабы. Басқаның құқығына қол сұғу, өміріне қиянат жасау жазасыз қалмауы керек. Алайда, қылмыс жасаудың түрлері, тәсілдері, себеп-салдарлары бар. Қасақана қылмыс жасау бар да, абайсызда, білместікпен қылмыстық әрекетке ұрыну бар. Кәнігі қылмыскерді қоғамнан аластау керектігі күмән тудырмайды. Ал абайсызда от басқан, бұрын жаза баспаған адамды бірден темір тордың арғы жағына жіберу қаншалықты орынды болмақ. Түрме адамды тәрбиелей ме, әлде тағдырын теріс арнаға бұрып жібере ме?
Судьялар қылмыстық істерді қарағанда осындай сұрақтарға жауап іздеуге міндетті. Яғни қасақана, кәнігі қылмыстарға қатысты істерден басқа жағдайда, адамды бас бостандығынан айыруға соттамас бұрын ақтау амалдарын да жан-жақты қарастыру қажет. Алайда, бірінші сатыдағы соттардың судьялары осындай мүмкіндіктерді толық қарастырады деп кесіп айту қиын. Өйткені, шынында да бізде ақтау үкімдері аз шығарылады. Мысалы, республика соттарының 11 айдағы көрсеткіштерін алып көрейік. 2012 жылдың 11 айында 9 080 адам бас бостандығынан айыруға сотталған ( сот үкімі шығарылған адамдардың жалпы санының 43/4 %), 379 адам ақталған. 319 адамға қатысты сот үкімі алқа билердің қатысуымен шығарылып, оның ішінде 29 адам ақталған. Бұл үрдістің себебі неде? Меніңше, біздің санамызда сонау Кеңестік кезінен қалған кейбір сақтанудың сарқыншағы әлі бар. Себебі, батыс елдерімен салыстырғанда, ТМД мемлекеттерінің соттары ақтау шешімін шығаруға сараң. Еуропа елдерінде ақтау үкімдері 40-50 пайызды құраса, ТМД елдерінің көпшілігінде бұл көрсеткіш 2-3 пайыздан аспайды, Қазақстанда 8-9 пайыз ақтау үкімдері шығарылады. Тек көршілес Ресейде ғана бұл көрсеткіш 20 пайызға жетеді.
– Осының да салдары ма, кейде, бірқатар БАҚ-та судья шешімді дұрыс шығармады, іс бұрмаланды, әділетсіздік болды деп жатады. Мұны оқыған жұрт екі ойда қалады. Бұған не дейсіз?
– Расында, өкінішке орай, мұндай жағдай жиі қайталанып жатады. Мәселен, кейбір БАҚ өкілдері сот отырысы өтісімен, сол істі қарап жатқан судья бізге бірден сұхбат бермеді деп жазғырады. Өйткені, олар судья шешім қабылдады ма, ендеше, сол туралы өзі жедел түсінік беруге тиіс дейді. Тіпті, судья неліктен сондай шешім қабылдағанын айтып беруге тиіс деп заңсыз талап қояды. Ал енді осы журналистердің талабы дұрыс деп есептейсіз бе? Мұндай талап біздің Конституциялық заңымызға қайшы келеді. Бұл кәдімгі есеп беру деген сөз. Ал судья, заңдарымызда жазылғандай, нақты қандай шешімді қалай қабылдағаны жөнінде ешкімнің алдында ешқашан есеп бермейді. Ол – тәуелсіз.
Мәселен, өткенде КТК телеарнасынан З. деген азаматшаны біреулер тонап, одан кейін зорлап кеткен деп хабар берді. Бұл оқиғаны зерделеп, байыбына барып қарасақ З. ашынасымен бірге күні бойы ішкен, содан көшеде жатып қалған. Сол кезде олардың қасынан өтіп бара жатқан балалар жерде жатқан бір ұялы телефонды қызық көріп алып кетеді. Одан арғысы белгілі, әлгі балалар бір айдан соң З.-ны тонаған және зорлаған деген күдікпен ұсталады. З. телефонын жоғалтқан соң бір аптаға дейін полицияға еш арыз түсірмеген. Тексеру кезінде балаларды айыптайтындай нақты айғақ-дәлелдер табылмаған. Балалар, кетіп бара жатқанымызда бір мас әйел жатыр екен, қасында ұялы телефон жатыр, соны қызығып алдық та әрі кеттік дейді. Сол үшін олар сотталды, ал тонау, зорлық деген дәлелденген жоқ. Ал енді телеарнаға осылай неге шындықты ашып көрсетпейсіңдер десек, олар, судья шешімді қалай шығарғандығын айтпады дейді. Бірақ журналистер соттың баспасөз қызметінен ешқандай ақпарат сұрамаған. Сот дұрыс шешім шығармады деп айқай салып жүрген жәбірленушілерден сұхбат алған да, сол бойынша эфирден шындыққа сай келмейтін дүниені хабарлай салған. Ал бұл жерде егер судьялар заңдағы көрсетілген баптарды қолданбаса, онда қандай сот төрелігі туралы айтуға болады?
Сол сияқты Шымкент қаласында қыз баланы полиция қызметкерінің көлікпен қағып кеткенін, бірақ, ол жүргізушіге рақымшылық жасалғанын кейбір телеарналар қайта-қайта көрсетіп, сотқа күйе жағуға тырысты. Ау, бұл жерде судьяның қандай кінәсі бар? Адам қаққан жүргізушіге рақымшылық жасалмас үшін ең әуелі заңды өзгерту керек. Егер судья заңды басшылыққа алмаса, заңда көрсетілген баптарды сот ісіне сай қолданбаса, онда қандай тәртіп болмақ? Судья қолданыстағы заңды қолдануға міндетті. Егер заң бойынша рақымшылыққа жатуға тиіс адамды соттап жіберсе, судьяның өзі жауапқа тартылады.
– Сот төрелігін жүзеге асырған кезде заң бұзушылыққа жол берген, қате үкім, шешім шығарған судьяларға қандай шара қолданылады?
– Мәселе судья қателігінің сипатына байланысты. Егер қате шешім шығарған судьяны бірден жазалап, шаш ал десе, бас алатын болсақ, онда болашағымыздың қайыры болмайды. Судьяны жазаламас бұрын ол нақты бір істі қараған кезде заңды көрінеу бұзды ма, әлде дұрыс істеді ме деген сауалға жауап іздеу керек. Өйткені, аудандық, облыстық және Жоғарғы Сотта отырған судьялар нақты бір іс бойынша әртүрлі пікірде болуы мүмкін. Егер аудандық судья қылмыстық немесе азаматтық заңнамаға сай заң нормаларын қолданса, алайда, оның шешімімен жоғары тұрған сот судьялары келіспей, басқа шешім қабылдаса, аудандық сот судьясы қателік жіберді деп айыптау дұрыс емес. Ал судьяның салғырттығына, не оның төменгі біліктілігіне байланысты немесе қолданыстағы заңды білмеуіне байланысты өрескел кемшілік жіберілсе, мұндай судьяның жұмысына сараптама жасалып, атқарған жұмысы талқыға салынуы қажет. Егер судья жүйелі түрде қате жіберіп, өз қызметін жақсартуға талпынбайтын болса, мұндай адам судьялар қауымдастығынан аластатылады.
– Дегенмен, біздің қолымыздағы мәліметке сүйенер болсақ, сот шешімдерінің көбі күшіне еніп жатқан көрінеді. Бұл судьялардың шығарған шешімдеріне шағымданып жатқандар жоқ немесе өте аз деген сөз бе? Және осыған қарап сот жүйесіне баға беріле ме?
– Өткен жылғы он бір айдың қорытындысы бойынша, бүгінгі күнде қылмыстық іс бойынша әрбір қабылданған жүз үкімнің алпыс бесі қайта шағымданусыз күшіне еніп жатыр. Яғни жүз үкімнің алпыс бес пайызына жәбірленуші де, прокурор да, қорғаушы да, қарсы тарап жақ та қарсылық танытпай, келісіп отыр. Қалған отыз бес адамның ішінде я жәбірленушіден, я сотталушыдан, кейде прокурордан наразылық түседі. Ал азаматтық істер бойынша күшіне енген 88 пайыз іс бойынша ешкім наразылық келтірмейді. Сонда әр 100 азаматтық іс бойынша қаралған сот ісіне 88 адам шағымданбайды, яғни шешім нәтижесімен келіседі деген сөз. Бұл біле-білсеңіз, үлкен жетістік. Демек, бұл шешімдердің бәрі бірден орындалуға жіберіледі. Ал әкімшілік істер бойынша қаралған жүз істің 98,8 пайызына ешкім қайта арызданбайды. Бір пайыздай шағымданған арыздар қайта мұқият тексеріледі.
Міне, біздің еліміздің қазіргі сот жүйесіне нақты баға бергенде осы көрсеткіштерді ескеру қажет деп ойлаймын. Егер сот ісінде осындай нақты көрсеткіштер болып тұрғанда оны аттап өтіп, жоқ ол дұрыс емес, бізде бәрі өтірік, көзбояушылық, әділдік жоқ деп еш дәлелсіз болжаммен жалған айту адалдыққа жатпайды. Өйткені, жоғарыда айтылған деректер сот жүйесінің нақты бейнесін көрсетеді. Бұл сот реформасын жүзеге асырудағы, сот төрелігі мен әділдігін қалыптастырудағы орасан зор атқарылып жатқан жұмыстардың көрсеткіші. Көрмес түйені де көрмес дегендей, қалайша мұны аттап өтуге болады? Жоғарыда аталған сот жүйесіндегі үш дәрежеде: қылмыстық, азаматтық және әкімшілік процестер бойынша қаралған істер нәтижесіне, яғни 65, 88 және 98,8 пайыз істерге қайта шағым түспесе, қалайша оны бұрмалап, заңсыз дей аламыз?! Ал күші жойылған үкімдердің саны бір пайызға да жетпейді.
– Демек, бізде заңсыз сот шешімдерінің саны өте аз дейсіз ғой. Бірақ, бұл туралы шетелдік сарапшылар не дейді?
– Бізде БҰҰ бағдарламасы бойынша 640-тан астам тәуелсіз сарапшылар ел аралап «Қазақстандықтар сот билігіне қаншалықты сенім артады?» деген ең басты сұраққа жауап іздеді. Олар сот процесіне қатысу арқылы судьялардың бейтараптығын анықтады. Судьялар әділ ме, сыпайы ма, оларға сенесіз бе, сенбейсіз бе және т.б. көптеген мәселелер ортаға салынды. Ол тәуелсіз сарапшылар қазақстандықтардың басым көпшілігі сотқа сенім артатындығын биліктің де, соттың да араласуынсыз өздері-ақ айғақтап берді.
Мәселен, салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ресейдің бір ғана Мәскеу қаласы соттарында азаматтық істердің 13 пайызы заңда көзделген мерзімнен өтіп қаралады екен. Ал бізде республика бойынша бұл бір пайызға да жетпейді. Көрдіңіз бе, қаншалықты айырмашылық бар. Бізде ел бойынша заңды мерзімде күші жойылып қаралған істердің саны бір пайызға да жетпей тұрғанда, бір Мәскеуде 13 пайыз деген өте көп.
– Жалпы, судьялардың саны қанша? Бір айда бір судья шамамен қанша іс қарай алады?
– Бүгінде судьялардың саны 387 адамға қысқарды. Қазір бір айда әр судьяға 54 істен келеді. Бұрын-соңды мұндай ауыртпашылық судьяларда болған емес. Ал мұны айтасыз, Алматы, Астана және Қарағанды секілді қалалардағы судьяларға түсер ауыртпалық тіптен көп, оларға бір айда 150-ге дейін жетеді. Бір айдың ішінде мұншалықты том-том істі бүге-шігесін ақтарып қарап шығу деген мүмкін бе? Бір іс бойынша қаншама адам сотқа шақыртылуы тиіс: талапкер, жауапкер, куәгер, сарапшы т.б. Ал 150 іс бойынша соншама адамды шақыртып, олардан жауап алу, ақыр соңында істің бәрін бірдей қарап шығу сапаға әсер етпейді деп ойлайсыз ба? Егер бұл істерді уақытында қарап үлгермесе, яғни істердің заңда көрсетілген мерзімі бұзылып қаралса судья опық жейді. Ол тіпті жұмыстан да қуылуы мүмкін.
Біз, әрине, сот жүйесіндегі бар кемшіліктерді айтпай отыра алмаймыз. Әрбір қателікті дер уақытында көрсетіп отырмасақ, ертең кеш болады. Өйткені, жоғарыда айтылған 150 істі уақытылы қарау, оған байланысты дұрыс шешім шығару оңай нәрсе емес. Осы ірі қалалардағы судьяларда бос уақыт деген атымен жоқ. Олар жұмыс күндері үзіліссіз, үлгермесе сенбі, жексенбі күндері де таңғы сағат сегізден, кешкі сегізге, онға дейін тапжылмай отырып жұмыс істейді. Судьялардың отбасы жоқ па екен, олар да жұрт қатарлы дем алғысы келмейді дейсіз бе? Бірақ оларға қалайда, ең алдымен, жұмыстағы тапсырылған міндетті орындау қажет.
Еуропа елдерінде әр жүз мың адамға 30-40 судьядан келеді. Тіпті, мына іргелес жатқан алып ел Қытайда әр 100 мың адамға 14 судьядан келеді екен. Ал Қазақстанда әр 100 мың адамға 13 судьядан ғана келеді. Сонда әлем бойынша ең төменгі сан бізде. Бұдан әрі судьяның санын азайту түгіл, осы әр судьяға түсетін жүктемені алып жүруге мүмкін емес жағдайда тұрмыз. Өткен 9 айдың ішінде 97 адам қызметтен босады. Соның ішінде жиырма шақты судья қызметін атқара алмады деген ұйғарыммен жұмыстан босатылды. Бұған қоса тағы осынша судья міндетін атқара алмайтын болғандықтан өз еріктерімен қызметтен кетті. Бұл біздегі сот жүйесін ойы таяз, пиғылы теріс, қолы лас адамдардан тазарту мақсатындағы қатаң шаралардың жүріп жатқандығын көрсетеді. Осы қызметтен қуылған судьяларды дер кезінде анықтап, босатпағанда, қазіргі жағдайды көзге елестетудің өзі қорқынышты. Демек, біз сот жүйесінде келеңсіздіктер орын алмасын деген мақсатпен алдын ала халыққа қолайлы қадамдар жасап жатырмыз.
– Иә, еліміздің судьялары заңға сүйеніп, шешім шығаратыны ақиқат. Алайда, кейде жазылған заңның да «тісі» бата бермейтін жағдайларда судья мұны өз таразысына тартып, шешім шығара ала ма?
– Американың сот жүйесінде прецедентті құқыққа сәйкес жаңадан бір істі талқылағанда оны бұрын қандай заңмен қаралғандығына байланыстырып, яғни сол заңға ұқсастырып жүргізіп қана қоймай, алдыңғыға сай шешім де шығарады. Ал бізде Кодекс. Өйткені, бізде бұрын мұндай іс қалай, қандай заңға cәйкес қаралып, шешіліп еді деп емес, жаңа іс бойынша әрқашан заңға ғана сүйеніп, яғни Кодексте не жазылса соған сәйкес шешім шығарамыз. Сізге бір мысал айтайын. АҚШ та бір қылмыс жасаған адам заң тәртібімен жазаға тартылып, үлкен көлемдегі айыппұл төлеуі керек екен. Бірақ ол айлығын айлыққа әрең жеткізіп жүрген қатардағы қарапайым адам емес, миллиардер болып шығады. Оған сот қылмысы үшін қанша айыппұл салса да, ақша түк емес. Ал олардың заңдары бойынша, яғни прецедентті құқыққа байланысты бұрын қаралған іске сай бұл қылмыскерге де тек айыппұл ғана салынуы керек екен. Судья сонда не істеген? Қандай жаза болмасын ол өзінің тәрбиелік мәнін атқаруы керек, ал мына сотталушы өте бай адам, сондықтан оған қанша айыппұл салсақ та түк емес, яғни жаза болып есептелмейді, шыбын шаққан құрлы көрмейтінін судья түсінеді. Сондықтан мен оған айыппұл тағайындамаймын, керісінше, прецедентті құқықтан ауытқып оны 6 айға қамауға үкім шығарамын, дейді.
Демек, олардың заңды қолдану тәсілі өзгеше, судья істегі оқиға барысына сай заңнан ауытқып өз пайымы бойынша шешім шығара алады. Ендеше, біз де егер заңымыз мүмкіндік беретін болса, ана жас баланы қағып кеткен полицейді заңнан ауытқып, бірнеше жылға соттап жіберер едік. Амал, не олай істеуге Қылмыстық, Азаматтық, Әкімшілік кодекс жібермейді, біз тек жазылған заңға сәйкес үкім шығаруға міндеттіміз. Мәселен, бір адам екінші біреуге қарыз берді делік. Бірақ не қолхат, не ақша бергені ресми түрде куәландырылмайды. Содан қарызын қайтарту үшін сотқа жүгінеді. Екінші адам алған жоқпын, не беріп қойдым дейді. Заң бойынша талап арыз берген адам өзінің айтқанын дәлелдеу керек. Ол дәлелдей алмайды, өйткені, куә да, дәлел де жоқ. Ал шындығында, бірінші адамның қарыз бергені рас делік, бірақ сот бірінші адамның қарызын қанағаттандырмайды, өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, дәлел жоқ. Сонан бірінші адам міндетті түрде сот біліксіз екен, мен одан әділдік іздеп келсем өзіме дәлелде дейді, әділдік жоқ екен, деп шу шығарады. Міне, осындай жағдайларға байланысты талай адам сотқа риза болмай, заңды шешімді қанағат тұтпай, наразылық танытады. Оның бәрін мен жақсы білемін, алайда, заңнан атап өтуге ешуақытта болмайды.
– Жалпы, Сіздің ойыңызша, осы құқық тақырыбының жазылу барысы қалай? Кейбір сот отырыстарының жабық өтуі ақиқаттың ашылуына салқынын тигізбей ме?
– Сот процесінің қалай, қандай жағдайда өтуі маңызды емес, ең маңыздысы іс бойынша нағыз шындықтың ашылуы. Міне, соттың міндеті осы. Кейбір мекемелер, ұйымдар, БАҚ өкілдері бізді сот отырысына қатыстырмады дейді, біле-білсек, соттағы қос тараптың мүддесі үшін ең бастысы олардың сот отырысына қатысуы, қатыспауы емес, мәселе ақиқаттың ашылып, заңның үстемдік құруында жатыр. Кейбір жауапкерлер, куәлер, жәбірленушілердің өздері телекамера алдында ашылып сөйлей алмайды, айтарын бүгіп қалады. Сондықтан сот процесінің ашықтығы дегеніміздің өзі де «күректің басын бассаңыз сабы маңдайға тиеді» дегендей, ойланарлық мәселе. Ал біздің өмірімізде құқық араласпайтын сала жоқ. Заңсыз бірде-бір іс бітпейді. Үйде де, түзде де кез келген адамның құқы заңды қорғалуы тиіс. Ендеше, құқық тақырыбын жазатын журналистердің сот ісінен, заңнан, жалпы, құқықтанудан хабары болғаны жөн. Былтыр ҚазҰУ журналистика факультетінің студенттерімен кездескенде болашақта құқық тақырыбына қалам тартатын журналистерді қазірден бастап тәрбиелеу керектігін айттым. Сол құқық тақырыбына қалам тартуды көздейтін студенттерден топ құрып, оларға қазірден бастап ең әуелі, құқық дегеніміз не, ондай тақырыпқа мақала жазылғанда не ескерілуі және мақала қалай жазылу қажеттігі туралы практикалық дәріс оқылуы қажет. Оны тек құқық тақырыбын білетін, соған сай мақалалар жазып жүрген журналистер жүзеге асыруға атсалысса дұрыс болар еді. Қазір әр облыстық соттарда баспасөз қызметінің сұрақтарына толыққанды түсінік беретін бір судьядан бекітілді.
– Сотқа құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау бойынша қанша арыз түсті? Олардың қаралғандары, адамдардың қызметіне қайта орналасқандары қанша?
– Осы кезге дейін Астана қалалық сотына құқық қорғау органдарын кезектен тыс аттестаттау қорытындысына байланысты қырықтан аса талап арыз түсті. Олар қаралып, шешім шығарылды. 16 талап арыз қанағаттандырылмады, ал 7 талап арыз қанағаттандырылды, 6 талап арыз кемшілігіне байланысты қайтарылды, 4-і қараусыз қалдырылды, 3-і өндіріске алыну алдында тұр, 6-ы қаралу барысында. Жоғары аттестаттау комиссиясының шешіміне де байланысты бірнеше талап арыз түсті. Олар қанағаттандырылмады. Апелляциялық тәртіппен 5 іс қаралды, оның бәрі де өзгеріссіз қалдырылды. Әлі 9 іс қаралу үстінде.
– Кейбір заңсыздыққа қарсы күрес жүргізетін комиссия мүшелері Жоғарғы Сотты жабық мекеме деп танитыны ақпарат көздерінде ашық айтылады. Бұған не себеп?
– Расында, заңсыздыққа, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізетін, партиялық бақылау жасайтын кейбір комиссия басшылары өздеріне судьялар ісіне байланысты арыз түссе, біз сот жүйесін тексеруге тиіспіз деп есептейді. Бұл біздің заңымызға қайшы әрекет. Байқап қарасаңыз, олар сот қызметін өздеріне алмақшы. Судьялардың қараған істерін алдыртып, тәуелсіз заңгерлер арқылы төрелік жүргізбекші. Егер бір партия сондай құқыққа ие болса, ертеңгі күні екінші, үшінші партияларда да заңсыздыққа қарсы комиссиялар құрылып соттың қызметіне қол сұғуға, билік айтуға, сөйтіп, өздерінше шешім шығаруға ұласады. Мұның ақыры қайда апарады? Кімнің сот, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін айырып, білу мүмкін болмай қалады. Судьялар туралы арнайы заң бар, оған қол сұғуға ешкімнің қақы жоқ. Оның үстіне судьялар партия, ұйым, бірлестік мүшелігінде жоқ, онда кіруге құқы да жоқ. Ал әрбір тағайындалатын судья, сот төрағаларының аты-жөні сайтымызда, газетте үнемі жарияланып тұрады. Егер солардың біреуі туралы ақпарат білетін болса, кез келген адамға жазуға болады. Ондай пікір міндетті түрде ескеріледі. Бірақ жаңағы аталған комиссиялар тарапынан бірде-бір рет бір үміткер судья, яки сот төрағалары туралы пікір жазылмады. Әйтеуір тисе – терекке, тимесе – бұтаққа деп үнемі жалпылай жала жаба беру етек алған.
– Жолдаудағы сот жүйесі алдына қойылған нақты талаптардың бірі – бұл соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру болды.
– Иә дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру керектігін Елбасы қадап айтты. Бұл жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Отандық сот жүйесі қазіргі күні медиация (бітімгерлік) институтын тараптарды татуластыру, келісімге келтіру, жәбірленушінің кешірім жасауы институттарын заң шеңберінде барынша кеңінен қолдануда.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».