45 жастағы ерлі-зайыптылар Орал қаласындағы жетім балалар үйінен 15 жасар ер баланы патронаттық тәрбиелеуге алған еді. Алғашқыда бәрі де ойдағыдай көрінгенімен, уақыт өте келе әлгі баланың бейәдеп жүріс-тұрысы көбейеді, үлкендердің айтқанына көнбейтін мінездер шығара бастайды, тәрбиелеуге алған анасының айтқан ақылын басқаша қабылдайды.
Анасы бұған кешіріммен қарап, әлі жас қой, бара-бара түсінер, ақылға келер деген ойдың жетегінде жүре береді. Күйеуі үнемі тыста, күнкөрістің қамымен, нәпақа табу үшін жалданып жұмыс істейді. Сонан желтоқсанның соңғы күні таңертеңгілік бұл үйден сыртқа шыққан тірі жан көрінбеген соң, себеп-салдарын білмекші болып үйге бас сұққан көршілері қанға бөккен денелерді көргенде, естерінен танады. Қаныпезер ешкімді де аямапты. Біреу үй иесінің зайыбын, яғни 45 жасар Г. есімді келіншекті үш жасар қызымен қоса балталап тастаған. Үйдің іші астан-кестен, қызыл ала қан. Сөйтсе, кейін полиция анықтағандай, мұның бәрін істеген әлгі патронаттық тәрбиелеуге алынған В. есімді кәмелетке толмаған бала көрінеді…
Фатихолла МАШТАХОВ,
Батыс Қазақстан облысы
ішкі істер департаментінің қызметкері.