Қазақстан • 20 Маусым, 2019

Қарашақазға қамқорлық

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарашақаз Қазақстанның, сондай-ақ Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енген жыл құсы. Қызылжемсаулы қарашақаздардың ұя салатын жері Ямал түбегінің солтүстігіндегі орманды тундра және Гыдан түбегі, Батыс, Орталық Таймыр мен Анабар өзенінің бассейні.

Қарашақазға қамқорлық

«Ғылым Ордасы» Табиғат музейі мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы өткізген көрмеде мамандар қаздардың сирек түрі қызылжемсаулы қарашақазды қорғауға арналған жобамен таныстырды.  Көрме алдағы уақытта еліміздің басқа да қалаларында жұмысын жалғастыратын болады.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Склеренконың айтуынша, Қазақстан, Ресей, Болгария, Румыния, Украина ғалымдары кіріскен жобаға Еуразиялық Одақ және Life бағдарламасы қолдау көрсетіп отыр.   Life  «Қауіпсіз ұшу жолы»  дүниежүзі бойынша қарашақазды қорғауға арналған жоба. Бүгінде ондаған мемлекетпен әріптестікте жұмыс істейтін жобаның үйлестірушісі Болгарияның құстарды қорғау қоғамы.

Сергей Склеренко қарашақаздардың сонау 80-ші жылдары мүлде азайып кеткендігін айтады.  Қазіргі кезде дүние жүзі бойынша мұндай құс түрінің саны 50-60 мың шамасында. Осы сирек түрлерді қорғау жобасы аясында құс аулау әрекеттеріне тосқауыл қойылып, олардың қоректік аумақтары жетілдірілетін болады.  Бүгінде Ресейдегі мұнай-газ кен орындары алқаптарының ұлғаюына байланысты қарашақаздардың балапан басатын аймақтарына аса қауіп төніп отыр. Туризм дамыған аймақтарда да қоректену алаңдарына қамқорлықты күшейту аса маңызды. Мамандардың бағалауынша, соңғы жылдарда  көптеген сулы-батпақты алқаптардың жойылып кетуі де қарашақаздың тіршілігі үшін алаңдайтын жайт. Әзірге Қазақстанда қарашақазды қорғау шаралары өз деңгейінде жүзеге асып келеді. Аталған жоба аясында 10 қарашақазға спутниктік бақылау құрылғысы орнатылып, алдағы уақытта олардың ұшып-қону аймақтары дәлдікпен анықталатын болады. Қазақстанда олардың тұрақтайтын мекені Қостанай өңірі мен көктем айларында қолайлы өлке болып табылатын Солтүстік Қазақстан облысы.

Арктикалық тундрадағы үш ай мерзімнен кейін қарашақаздар Қазақстанға бағыт алып, қыркүйектің соңына қарай бір айға жуық  аймақ көлдерінде тұрақтайды.  Қазан айының соңына қарай оңтүстік-батысқа Калмыкияға, одан кейін батысқа Қара теңіз жағалауларына қарай қанат қағады. Бір бағытта алты мың шақырымды артқа тастайтын, яғни күніне орташа есеппен 400-500, кейбір түрлері 1500 шақырымға дейін ұшатын қарашақаздар үшін  адамзаттың қамқорлығы аса қажет.