Президент • 21 Маусым, 2019

Тарих жасаған тұлға

873 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Анкара қаласында Халықаралық Түркі академиясы шығарған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Tarih Yapan Adam» («Тарих жасаған тұлға») атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Туысқан ел астанасындағы аталған іс-шараны Академия Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Тарих жасаған тұлға

Тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Рес­публикасының Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркі Кеңесі Ақ­сақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов, елші Халил Акынжы, АНКАСАМ зерттеу орталығының бас кеңесшісі, профессор Синжер Имер, Анкара Саясат орталығының директоры Хасан Канболат, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, Саясат, экономика және қоғамды зерттеу қорына (SETA) қарасты Сыртқы саясатты зерттеу орталығының директоры, профессор Мұхиттин Атаман және Түркияның белгілі саясаттанушылары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам бел­сенділері, дипломатия мекемелерінің өкілдері қатысты.

Кітапта егемен еліміздің іргесін қа­лап, тәуелсіз мемлекетімізді бүкіл әлем­ге танытқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы мен қай­раткерлігі, парасат биігінен көрінер тұлғалығы мен адамгершілік асыл қасиеттері, еліміздің жарқын болашағы үшін жасаған әлемдік маңызы бар игілікті істері туралы баяндаған тол­­­ғаныстары мен естеліктері топ­тастырылған. Автор Қазақстан тәуел­сіздігінің іргесі қаланған сол бір шытырманы мен шырғалаңы мол күрделі тарихи кезеңді қызықты оқиғалары мен тарих кітаптарында кездесе бер­мейтін әлемдік саясаттың нәзік тұс­тары арқылы шебер жеткізеді. Жа­ңа мемлекеттің қалыптасу тарихын Елбасының тұлғалық қасиетімен, мем­лекетті басқарудағы қарымды қа­бі­летімен және жаратылысынан қайраткер болып туған болмысымен сабақтайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымен алғашқы танысқан кез­дерін еске алып, қоғамды сонау қиын-қыстау кезеңнен қалай алып шық­қандығын жазады. Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің ұстанған саясатында еуропалық реформизмді, азия­лық дәстүршілдікті, прагматизм мен демократиялық рәсімдерді сақтау сынды қоғамның дамуына негіз болатын маңызды факторларды қалайша синтездегендігін жеткізеді.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі кітап­қа арнап жазған алғысөзінде Қазақ­станның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктердің барлығы Ел­басы Н.Назарбаевтың есімімен байланысты екендігін айтып, Тұңғыш Пре­­­зиденттің қайраткерлігі мен ке­мең­­­герлігіне ұзақ жылдар бойы куә болған, бүгінде Мемлекет басшы­сы болып сайланған Қ.Тоқаевтың әлемдік саясаттың, ел басқарудың білгірі, түркі интеграциясының дамуына айрықша үлес қосқан мемлекет қайраткері ретін­де осындай құнды кітапты жазғаны ел­басытануға, қазақ саясатын тануға қосқан зор үлесі екендігін жеткізеді. Кі­­таптың түрік тіліндегі нұсқасын Ака­демия тарапынан шығаруын үлкен мәр­тебе санаймын деп жазады.

Жиынды ашқан елші А.Сапарбекұлы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың мемлекет тәуелсіз­дігінің беки түсуіне сіңірген зор еңбе­гін атап өтіп, биыл қабылдаған тағ­дыр­лы шешімнің нәтижесінде жаңа Мем­лекет басшысы болып Қ.Тоқаевтың сайланғанын айтты. Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясатының Елбасы салған сара жолмен дами бере­тіндігін, Қазақстан мен Түркия ара­сындағы қарым-қатынастардың жаңа деңгейге жеткендігін және әрі қарай қарқынмен күшейе беретіндігін жеткізді.

Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу өз сөзінде тұсауы кесіл­ген кітапты аса құнды еңбек деп баға­лады. «Біздер – түркі халықтары же­тіс­тіктерімізбен мақтануымыз керек. Мақтанып қана қоймай, болашақ ұрпаққа, өскелең жас буынға жеткізуіміз керек. «Тарих жасаған тұлға» атты кітап сол күрделі кезеңнен елін аман алып шыққан түркі әлемінің Ақсақалы Н.Назарбаевтың қажырлы қайратын, елге сіңірген ерен еңбегін, толағай жетіс­тіктерін, Қазақстанның сыртқы сая­­са­тының тарихын шебер баяндайды. Сондықтан Қ.Тоқаевқа алғыс айтамын!», деді Ялчын Топчу.

Құттықтау сөз сөйлеген профессор Ә.Ахметов түркі тарихының бүкіл әлеммен тамырлас екенін айтып, сол тамырдан нәр алған бүгінгі ұрпақ жаңа дәуір бастап жатқандығын баяндады.

Кітапты түрік тіліне аударған белгілі қаламгер, дипломат, Халықаралық «Жам­был» сыйлығының лауреаты М.Отарбаев өзінің арнайы баяндамасында Түркістан өңірінің дамуы туралы сөз қозғап, күні кеше ғана бір жылдығын атап өткендігін айтты. Сондай-ақ атал­ған кітаптың түркітілдес елдері үшін аса құнды екендігін жеткізді. «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кітап шығаруға келісімін алған Халықаралық Түркі академиясы былтыр аударуға ұсыныс жасады. Кітап қолыма түскеннен кейін мұқият оқып шықтым. Бұдан бұрын Елбасы туралы жазылған кітаптардан бөлек формада жазылған. Саясаттағы нәзік тұстарды шебер жеткізген. Аудар­ма барысында көптеген мәлімет алдым. Өйткені кітаптың авторы – тәжірибесі мол, тәуелсіздігіміздің дамуына зор үлес қосқан, интеллектуалдық деңгейі өте биік тұлға. Кітап түрік оқыр­ма­нының көңілінен шығады деп сенемін», деді аудармашы.

Сонымен қатар тұсаукесер рәсіміне қатысқандар «Түркі әлемі және Ел­басы», «Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті және Түркістанның дамуы», «Де­мократия процесінде орын алған 9 маусымдағы Президент сайлауы» және «Жаңа кезеңде Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары» тақырыптарында баяндама жасады.