Президент • 21 Маусым, 2019

Тағдырлы таңдау (соңы)

427 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Тағдырлы таңдау (соңы)

Назарбаевтың бұл кезеңде республикалардың біріндегі экономикалық сала жетекшісі деңгейінен асып кеткенін, жал­пы­одақтық ауқымда ойлай алатын саяси қайраткер биігіне жет­кенін атап айту қажет. Оның сол 1989 жылғы мамырда КСРО халық депутаттарының І съезінде қуатты және сенімді түрде қор­ғаған нақпа-нақ идеялық-саяси бағдарламасы мұны айқын көр­сетті. Бағдарлама бір-бірімен бай­ланысқан, экономикалық және қоғамдық-саяси блоктарды қамтитын 12 ұстанымнан тұра­тын. Олардың бәрі де негіз­делген әрі көкейкесті болатын, рес­публиканың түпкілікті мүд­де-лерін, Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтажын көздейтін. Ұста­ным­дардың ішінде тауардың зәрулігін жою, бағаның өсуін тоқтату, елдің қаржы жүйе­сі­нің ауытқымалығымен күре­су, шаруашылық есеп үлгі­лерін же­тілдіру, одақтық министр­ліктер мен ведомстволар өктемдігін бол­дырмау, Арал мен Семей өңі­рінің экологиялық апатына бай­ланысты проблемаларды шешу бар болатын. Оған қоса, Нұр­сұлтан Назарбаев түсімді одақтық және республикалық бюджеттер арасында әділетсіз бө­­летін жүйеден аулақ жүру қа­жетт­ігін айтты, жалпыодақтық стра­тегиялық нысандарда одақ­тық ведомстволардың жергі­лікті халықты кемсітетін дімкәс тәжі­рибесінен бас тартуға шақырды, жергілікті өзін-өзі басқару реформасын жүргізуді жақтады. Бағдарламада сондай-ақ ахуалды тұрақсыздандыру қаупінің алдын алу, халықтар достығын сақтау, республикалардың өкілеттілігін кеңейту, 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларынан кейін қазақ халқын ұлтшыл деген ресми айыпты алып тастау талаптары да бар еді.

Осылайша, біздің Көшбасшы­мыз Қазақстанның одан әрі дамуының кілті экономикадағы өз кезегін күткен міндеттерді шешуде, кең көлемді егемендікке қол жеткізуде, республикада тұ­рақ­тылықты сақтауда, ту­ған хал­қының жақсы атын қал­пына келтіруде деп білді. Бұл ай­тыл­­ғандардың көбі сол кезде әлі күшінде тұрған кеңестік басшылықтың көңіліне тіпті де жаққан жоқ. Мұндай жағдайда Назарбаев өзі тұрғылас басшылардан күні өткен дағдылардан, тап­таурын үлгілерден ада ауқым­ды көзқарасымен, сенім­ділігімен, сірескен соқыр сенімдер мен қатып қалған қасаң қағидалардың шеңберінен шығып, жаңаша ойлап, әрекет етуге ұмтылысымен айрықша бөлектеніп тұрды. Оның қуатты қайрат күші, харизмасы мен өзіне сенімділік серпіні бүкіл аудиторияны шарпып алатын. Назарбаев жұрттың бәрі ықылас қоя тыңдайтын және қуаттап қолдайтын одақтық деңгейдегі саясаткерге айналды. Біз бәріміз де сол кезде өтіп жатқан КСРО халық депутаттары съездерінде Нұрсұлтан Әбішұлының кеңестік басшылықтың ең жоғары қыз­меттеріне ұсынылғанын ұмытқан жоқпыз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы басшылардан біліктілікті, бастамашылдықты, темірдей берік ерік-жігерді, адамдармен жұмыс істей алуды талап ететін уақытқа барынша сәйкес келетін еді.

Сондықтан да Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық коми­те­ті­нің 1989 жылдың 22 мау­сымында өткен XV плену­мын Нұрсұлтан Назар­баевтың өміріндегі де, бүкіл республиканың тари­хын­дағы да бетбұрыстық белес деп санауға болады. Ол кезде партия пленумдарында ішкі партиялық жұмыстың неғұрлым маңызды мәселелері, саяси және экономикалық проблемалар қарастырылатын.

Бұл жолы пленумға қатысу­шылар республика Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысын, жаңаша ұғыммен қарағанда – Қазақстанның жаңа көшбасшысын таңдауға тиісті еді. Отырыстың басында КСРО Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып сайлануына байланысты Г.В.Колбин Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы және Бюро мүшесі міндеттерінен босатылды.

Алғаш сөз алған КОКП Ор­та­лық комитеті Саяси бюро­сы­­ның мүшесі, КОКП Орта­лық комитетінің хатшысы В.М.Чебриковтың сөзінен Ор­та­лықтың өткеннен тиісті тағы­лым алғаны, енді жергілікті пар­­­тия­ластардың пікірімен санас­пақ болғаны кәміл көрініп тұр­ды. Әртүрлі қызметтегі жи­нақ­таған бай тәжірибесін, жер­гілік­­ті пробле­маларды тамаша біле­­тін­дігін атап өте келіп, ол Қазақ­стан Компартиясы Орталық ко­­ми­­­тетінің бірінші хатшысы лауа­­­зы­мына Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевты сайлау жөніндегі ұсынысты қолдауды сұрады.

Мұнан кейін жарыссөз бас­талып, партия қызметкерлері, кәсіп­орын жетекшілері, жұмыс­шылар мен аграршылар сөй­ле­ді. Олардың әрқайсысы, әри­не, өзінше, Қазақстанның бола­шақ жаңа басшысын сипаттап шықты, оның өзіне тән ай­рық­ша іскерлік қабілеттері мен ұйым­дастырушылық дағдыларын, ең бастысы – жоғары адамдық қа­сиеттерін бөле атады. Мыса­лы, Қазақ КСР жергілікті өнер­кәсіп министрі И.Б.Еділбаев Назар­баевтың әділдігін, сындар­лылығын және жоғары кәсіби білік­тілігін атап өтіп, мұның бәрі­нен «жетекшінің, Үкімет басшы­сы­ның даналығы» көрінетінін айтты.

Өндіріс адамдары – Лениногор полиметалл комбинатының ди­рек­торы И.И.Думанов, Талды­қорған облысындағы «Октябрь­дің 40 жылдығы» аграр­лық фир­масының төрағасы Н.Н.Го­ловац­кий Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының жақсылық жасау­ға жақындығы, сондай-ақ Министр­лер кеңесі Төр­ағасының өнім өндіруді кө­бейту жөніндегі бастамаларға көрсеткен қолдауы, оның экономика мәселелерін шешудегі же­делдігі жайында айтты. Ду­ма­новтың Назарбаевты «байлығы, еңбексүйгіш халқы бар Қазақстан кемесін біздің Отанымыздың игілігі мен өркендеуі жолында алда тұрған барлық міндеттерді шешуге бағытталған түзу жолға бұратын көшбасшының нақ өзі болады» деген сөзі нағыз көріпкелдікке айналды.

Пленумға қатысушылар үшін республика партия ұйы­мының жаңа басшысының тиіс­ті тәжірибе мен қажетті әлеует­ке ие екендігіне көз жеткізу ма­­­­­ңызды еді. Бұл орайда Қа­ра­­­ған­ды облыстық партия ко­ми­­­те­­тінің бірінші хатшысы В.И.Локотунин Нұрсұлтан Назар­­баев­­тың Қарағанды металлур­гия комбинатында басталып, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде, одан кейін республиканың Министрлер кеңесінде жалғасқан еңбек жолының елеулі белестерін айшықтап айтып өтті.

Бұдан бұрын атап көрсет­кеніміздей, жаңа идеяларды жатсынбау, оларды жүзеге асыруға құлшына кірісу Нұрсұлтан Назар­баевқа бөлекше тән қа­сиет, ол республика халқына осы ар­қылы кеңінен танылған еді. Сон­дықтан да Жамбыл об­лыс­тық партия комитетінің бі­рін­ші хатшысы С.М.Байжанов оны «Қа­зақстандағы қайта құру автор­ларының бірі» деп атады.

Қарағанды металлургия ком­бинатының жайма илем цехы­ның аға біліктеушісі С.В.Дрож­жиннің сөзі есте қалды, ол Қазақ­стан Магниткасы партия ко­ми­тетінің хатшысы кезін­де Нұр­сұлтан Әбішұлының еңбек адамына ықылас бөле, қам­қор­лықпен қарағаны жөнінде әсерлі әңгімелеп берді. Ал Алматы жо­ғары партия мек­тебі­нің тың­даушысы Н.Е.Руснак Назар­баев­ты тікелей білмей­тінін айта отырып, оның партияластардың сұранымына сергек қарайтынын көрсететін бір мысалды келтірді. Руснак Орталық комитеттің 1987 жылғы пленумында Назарбаев­тың ол қойған сұраққа тез жауап бергенін, мәселенің көп ұзамай оң шешілгенін еске түсірді.

Жарыссөзде сөйлеген Алматы облысындағы «Каменский» асыл тұқымды зауытының сауын­шысы В.А.Кузьменко мен Пав­­­­лодар облыстық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Ю.А.Мещеряков Назарбаевтың Қазақ­станның барлық халық­тары­ның өкілдеріне бірдей қа­райтынын атап өтті. Мұның өзі әбден орынды еді, өйткені Тұң­ғыш Президент жас шағынан дос­тықтың, әртүрлі мәдениеттер мен этностарға құрметпен қарау­дың құндылықтарын бойына сіңірген, көпұлтты ұжымдарда қалыптасып, өзін танытқан.

Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековтің сөзіне арнайы тоқтала кеткен орынды болмақ. Бұл қызметке ол кісінің кандидатурасы да ұсынылады деп болжанған еді. Белгілі бір дә­режеде Орталық бірнеше пар­тия­лық жетекшілерге, соның ішінде Әуелбековке де көз тік­кен-ді. Алайда, мұның бәрі оңа­ша жағдайда, дәме ету мен уәде беру жолымен жасалып жатты, сондықтан да жергілікті партия мүшелерінің арасында жарасымсыз бәсекелестік пен өзара сенімсіздік тудырды. Көңіл толмаушылықтың, күрделі жеке қатынастың жаңғырығы ақыры оның мына сөздерінен сезіліп тұрды: «Естеріңізде бар шығар, талай рет сөйлегенмін, жасы үлкен адам ретінде сынға да алғанмын, алайда мен Нұр­сұл­тан Әбішұлы сыннан дұрыс қо­ры­тынды жасайтынын айту­ға тиіс­пін. Кейінгі жылдарда біздің ара­мызда бірде-бір рет келіс­пеу­ші­лік болған жоқ, бар­лық мәсе­ле­­лер­де тіл табысып жүрдік, ал қал­ған жайдың бәрі – жай сөз ғана».

Бәлкім, Әуелбеков әуелде Назар­баевтың жеке басының және кәсіби тұрғыдан өсуінің қуат­ты күшін жете бағалама­ған да болар, алайда сол пленум­да оны енді «көптеген мәсе­лені: экономиканы да, мәде­ниетті де жан-жақты қам­ти қарас­тыратын» «саяси жетек­ші» ретінде мойындады. Әуел­бековтің берген бағасымен айт­қанда, Назарбаевтың сөздерінде «кең ауқымдылық сезіледі». Былай­ша қарағанда, осындай күрделі адамның өзі, іштей қарсы бола тұрса да, қабылданатын шешіммен бәрібір келісті, Назар­баевты Компартия Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп таңдау турашыл шешім болатынын атап өтті. Осы ретте Ел­ба­сымыз әрдайым өз жұмы­сын­да кәсіби мүдделерді алдымен басшылыққа алатынын, жеке бас­тың қарым-қатынастарына онша қадалып жатпайтынын айт­қымыз келеді. Кейіннен Әуел­беков біраз уақыт Тұңғыш Прези­денттің кеңесшісі болып істеді.

Тұтастай алғанда, пленумда Нұрсұлтан Назарбаевтың атына айтылған бағалар мен пікірлердің бәрі де сол дәуірдегі партиялық форум­дарда жиі кездесетін бос­текі сөз бен ашықтан-ашық жа­ғым­пазданудан жырақ жатты. Шын көңілден және әділ айтыл­ған, бірлесе атқарылған жұ­мыс барысындағы жеке тәжіри­бе­мен, проблемалық мәсе­ле­лер­ді шешуде тізе қоса әрекет ету­мен тиянақталған сөздер жүрек­тен шығып, жүрекке жетті. Сөйлеу­шілердің барлығы да мына ойға тоқтады: Назарбаевтың кандидатурасына балама жоқ.

Жылдар өте келе Елбасымыз бұл жайында былай деп жазды: «Менің ойымша, дәл сол пленумда республикалық партия ұйымы кадрларының ұйысуы жүзеге асты. Мен осыдан бір жыл ғана бұрын өзіме қарсы айдап салынып жүргендердің тарапынан да қолдау таптым. Таңдау еркіндігі толық болып тұрған жағдайда бұл қолдаудың шынайы шыққандығы мені айрықша алғыс сезіміне бөлейді».

Осымен жарыссөз тоқ­татыл­ды. Нұрсұлтан Назар­баевты жақ­тап 154 адам дауыс берді, 4 адам қарсы шықты. Сөйтіп анық басым дауыспен Назарбаев Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сол жолы алғаш рет дауыс берудің жасырын түрде өткенін атап айту керек.

Сөз кезегі берілген Геннадий Колбин жаңа сайланған бірінші хатшыны құттықтады. Өз сөзінде ол пікірлердің түйіспей жатқан тұстары болғанымен, «әрдайым ортақ тұғыр табуға қол жеткенін» мойындады. Бірлесе атқарылған жұмысқа алғысын айта келіп, ол «еліміз аумағының әр қиырында жүрсек те, әлі бірге жұмыс іс­тейміз» деген үмітін де білдірді.

Пленумның соңында Назар­баев сөйледі. Партиялас­тарына жоғары сенімі мен қолдауы үшін разылығын танытып, ал­дағы реттелген жұмысқа көзі жете­тінін айтты. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның сөзі өзі республика басшы­лығы­на келіп жатқан шақтың барша маңыздылығын нақпа-нақ па­йымдауымен жүрек толқытты. Бұрын маңызы төмендетіліп немесе ауызға алынбай келген әлеуметтік-экономикалық, ұлт­ара­лық мәселелерді шешудің қа­жет­тілігін атап өте келіп, ол былай деді: «Бұл мәселелердегі менің ұста­нымым барлығыңызға аян. Ол КСРО халық депутаттарының І съезінде сөйлеген сөзімде ай­қын тұжырымдалған-ды. Мен қазақ­стан­дықтардың мүдделерін білді­руге тырыстым және ол біз­дің республикамыздан сайланған бір топ депутаттардың ортақ тұғыр­намасы болатын. Сол бағдар­ламаны жүзеге асыру бағытын табандылықпен ұстанамын деп сіздерді сендіргім келеді».

Ол басшылар бәрінен бұрын туған республиканың және өз халқының мүдделерін ұстануға тиіс­ті екенін қадап айтты. Елба­сымыз, біздің бәріміз сияқты, алдағы кезең Қазақстанның еге­мен­дігін еңселендіруге мүмкін­дік бере­тіндігіне сенді. Бұл өз хал­қының мәдениеті пен тілін, оның тарихы мен рухани байлығын сақтауға шынайы жан ауыртатын нағыз патриоттың сөзі еді: «Қайта құру республиканың егемендігін нығайтатынына, оны құқықтық және практикалық мағынамен толықтыратынына, қазақ халқының экономикасын көтеріп, ежелгі мәдениетін жандандыру үшін жағдай жасап, әрине, басқа тілдердің құқық­тарын шектемей, оның ана тілінің толыққанды өмір сүруін қамта­масыз ететініне күмән жоқ».

Біздің Елбасымыз жасампаз­дықпен жұмыс істейтін, қоғамның тұрақты және эволюциялық дамуын қамтамасыз ететін саясат­шы­лар санатынан екендігі бел­­гілі. Бұл ой түйіні оның сөзін­де сол кездің өзінде айтылды: «Біз­дің игілігіміз әркімнің ұйым­шыл­­д­ықпен, тәртіппен және заң­­дар­ды қатаң сақтау арқы­лы ет­кен ең­бегімен жасалады. Қа­уіп-қатерді өршіту, тұрақ­ты­лық­­ты бұзу тек революциялық жаң­­ғырту ісіне кедергі жасағысы ке­ле­тіндерге ғана пайдалы, сондық­тан біз ондай көріністерге батыл тойтарыс беріп отыруымыз керек».

Нұрсұлтан Әбішұлының атап өткеніндей, бұл міндеттер тек ұйысу жағдайында, қоғаммен үнқатысуды жолға қойғанда және тұрғындардың барлық әлеу­меттік топтарының қолдауы­ның арқасында ғана шешіледі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қ­азақ­стан­ның жаңа басшысы қыз­­ме­тін­дегі алғашқы сөзі осындай ма­ғы­налы, шымыр, нақты жұ­мыс­қа ба­ғыттайтын сөз болып шықты.

* * *

Бүгінгі таңда, арада аттай 30 жыл өткен кезде сол шақ­та­ғы құжаттарды қайтадан қарай отырып, біз былай деп то­лық сеніммен айта аламыз: Тұң­­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде қазақ­стан­дық­тар арман еткеннің бәрін де толық жүзеге асырды.

Кеңестік әскери машинаға ашық­тан-ашық қарсы тұрып, Се­мей ядролық полигонын жабу үшін жүрек жұтқан батылдық пен ішкі қайсарлық қуаты қажет еді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл қия­мет-қайым міндетті орындап, өз отан­дас­тарының алғысына бө­лен­ді және бүкіл әлемдік қоғам­дас­­тық­т­ың тарапынан мойындалды.

Туған тілді, мәдениетті қайта­дан өрлетуге, халықтың ХХІ ға­сыр­дағы рухани байлығын сақ­тауға және көркейтуге үлкен үлес қосты.

Әділеттілікке қол жеткізіп, жел­­т­­оқсан оқиғаларына қатысу­шы­­­лар­дың құқын қалпына келтірді.

Ең бастысы, тәуелсіз Қазақ­станның – әл-ауқаты артып, келер болашаққа ұмтылған мем­ле­кет­тің Елбасына айналды. Бұл елде ұлтаралық және дінаралық келісім, өзара құрмет пен достық мәнді құндылықтар, мемлекеттік саясаттың түбірлі негізі болып табылады.

Қазақстанның дамуын жаңа жолға салып берген Тұңғыш Пре­зидент – Елбасының өмір ор­нықтырушы ерік-жігерінің сал­танат құруы дегеніміз де дәл осы.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты