Жиын барысында министр бірнеше күн бұрын Қазақстан дәрігерлері өздерінің кәсіби мерекесі – Медицина қызметкерлері күнін атап өткенін тілге тиек етті.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін құттықтап, дәрігерлердің еңбегі адамдарға белсенді қызметке, көбінесе өмірге оралуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Соңғы 3 жылда елімізде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерді жақсартудың оң динамикасы байқалады. Олардың ішінде өмір сүру ұзақтығы 0, 85 жасқа ұлғайды, жалпы өлім 3 %-дан аса төмендеді, ана өлімі 9 %-ға төмендеді, нәресте өлімі 6,5%-ға азайды, туберкулезден болатын өлім 30 %-ға төмендеді. Жалпы, біздің 2018 жылдағы жұмыстарымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауларында берілген тапсырмалар негізінде және Үкімет басшысының тапсырмалары бойынша атқарылды. Оның біріншісі, Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша дайындық жұмыстары. Сонымен қатар біздің саладағы медициналық көмектің қолжетімділігі және сапасын көтеру бойынша мәселелерді шешу қолға алынды. Әрине біздің алдымызға қойған тағы бір мақсат – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмыстары. Бұл ең үлкен стратегиялық мақсаттар деп айтуға болады. Бірінші бағыт бойынша жалпы халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған арнайы шаралар енгізілді. Елбасының тапсырмасына сәйкес қоғамдық денсаулықты басқару бойынша шаралар жоспары қабылданып, мектеп оқушыларының денсаулығын қорғау жөніндегі жаңа стандарттар енгізілді. Толықтай алғанда, 12 миллионнан астам адам саламатты өмір салтын қалыптастыру шараларына тартылды. Вакцинация халықтың денсаулығын нығайтудағы маңызды шаралардың бірі саналады. Елімізде вакцинация алуға тиісті халықтың 97%-ына екпе жүргізілді. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сай келеді», деді Е.Біртанов.
Оның айтуынша, елімізде халықтың денсаулығын нығайту мақсатында ұлттық скринингтік бағдарлама жүргізіліп жатыр. Ол ересек тұрғындар мен балаларды жедел зерттеудің 7 түрін қамтиды. Биыл 7 миллионнан астам адамды қамтитын 12 миллионнан астам тексеру жүргізілді. 304 мыңға жуық ауру анықталып, шамамен 260 мың адам есепке алынған.
Сонымен қатар министр медициналық-санитариялық алғашқы көмектің сапасын жақсарту бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
«Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту бойынша шаралар жоспары қабылданды. Еліміз бойынша жалпы практикалық дәрігердің мыңнан астам, педиатриялық дәрігерлердің 79 жаңа учаскесі ашылды. Дәрігерге қаралуға және дәрігерді шақыруға онлайн жазылу енгізілді. Осылайша, 2018 жылы жалпы практикадағы дәрігерлерге түсетін салмақ 5%-ға азайып, емханаларда кезекке түсу екі есеге азайды», деді Е.Біртанов.
Баяндама барысында министр Қазақстанда бұрын-соңды әлем елдерінде болмаған толықтай жасанды жүрек отасы 3 адамға жасалғанын жеткізді.
«Осы ретте, өткен үш жылдың ішінде жоғары технологиялық қызметтердің саны, соның ішінде бірегей операциялардың үлесі артып келеді», деді министр.
Оның айтуынша, еліміздің Ұлттық кардиохирургиялық орталықта өткен жылы жүрек трансплантациясы бойынша 8 ота жасалған.
Денсаулық саласына қатысты осы және өзге де маңызды мәселелерді қозғаған ведомство басшысы министрліктің қоғаммен барынша ашық ақпарат алмасуды алға қойғанын атап өтті.
«Біз байланыс үшін ашықпыз, Сіздер бізге барлық мүмкін байланыс арналары, әлеуметтік желі арқылы хабарласа аласыздар, менің немесе орынбасарларымның жеке қабылдауына келуге мүмкіндіктеріңіз бар. Біздің кездесу денсаулық сақтау саласының барлық аспектілері бойынша ашық және өзара маңызды пікір алмасуға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін. Осы кездесуді пайдалана отырып, баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін», деді Е.Біртанов.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»