26 Қаңтар, 2013

Бұл дертке қарсы күрес күшейтілуі тиіс

317 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл дертке қарсы күрес күшейтілуі тиіс

Сенбі, 26 қаңтар 2013 7:40

Елді ұшпаққа шығарады деген мемлекеттік мекемелердің төрінде отырып, жымысқы әрекеттерін жалғастырып жатқан шенеуніктерді анықтау оңай емес. Тек олардың жасырын сыбайласқан әрекетінен ел әбден зардап шегіп, адал адамдар барынан айырылғанда ғана жемқорлардың жегені білініп қалады. Бірақ, мемлекеттің қаржысын талан-тараж қылғанды біреудің қалтасынан ұрлаған жоқпын ғой деп өзінше топшылайтын тоңмойын құныққандар еліміздің болашағы, яғни Елбасының «Қазақстан- 2050»

Сенбі, 26 қаңтар 2013 7:40

Елді ұшпаққа шығарады деген мемлекеттік мекемелердің төрінде отырып, жымысқы әрекеттерін жалғастырып жатқан шенеуніктерді анықтау оңай емес. Тек олардың жасырын сыбайласқан әрекетінен ел әбден зардап шегіп, адал адамдар барынан айырылғанда ғана жемқорлардың жегені білініп қалады. Бірақ, мемлекеттің қаржысын талан-тараж қылғанды біреудің қалтасынан ұрлаған жоқпын ғой деп өзінше топшылайтын тоңмойын құныққандар еліміздің болашағы, яғни Елбасының «Қазақстан- 2050» Стратегиясында айтылған ұлттық құндылықтар туралы мүлде ойламайтыны анық. Сондықтан да мұндай жемқорлыққа салынғандарды анықтау үшін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес елден ерек әрекет етіп отыр. Соның бір дәлеліндей, кеше Кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен бейне-конференция түрінде «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болды.

Онда тағы да сол, елдік сынға сына қағатын, етектен тартып елді есеңгірететін, сөйтіп, өзекті өртейтін өкінішті жағдай – сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғаны туралы айтылды. Отырысты ашқан О. Әбдікәрімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларына сәйкес елде үдемелі индустрияландыру бағдарламасын жалғастыру белгіленіп отырғанын, химиялық және жеңіл өнеркәсіпті белсенді қалпына келтіру мен дамыту үдерісі басталғанын айтты. Бұл үшін көптеген жоспарланған міндеттерді барлығымыз бірдей жұмыла іске асыру алға қойылды. Бұл орайда, Елбасының халыққа арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы  жария­ланды. Онда басқа мекемелерге секілді келеңсіз жағдайлармен күресуге Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікке де үлкен міндеттер жүктелген, деді төраға.
Алайда, арнайы құрылған сараптамалық комиссия қорытындысы осы жоғарыда аталған қолданылып жатқан шараларға қарамастан, Төтенше жағдайлар министр­лігінде сыбайласқан жемқорлық деңгейі жоғары екендігін көрсетіпті. Осындай ке­леңсіздіктер салдарынан ТЖМ  сыбайластық жөніндегі мемлекеттік органдардың алғаш­қы бестігінен  орын алған. Бұл біле-білген адамға жақсы көрсеткіш емес екені айдан анық. Бірақ, оны елейтін жан, тыңдайтын құлақ, ескеретін басшы болса бір жөн ғой. Баяғы жартас – бір жартас күйінде қалмаса екен дейміз. Өйткені, құқықтық статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2011 жылы ТЖМ қызметкерлері тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыс көрсеткіші 37 деректі құрады. Енді келесі жылы бұл жағымсыз көрсеткіш төмендеген шығар деп ойлайсыз ғой. Жоқ, төмендемек түгілі сол күйінде де тұрмады, керісінше, көбейіп кетті. Төтенше жағдайлар жемқорлары «Құласаң нардан құла» дегендей, 2012 жылдың 11 айы ішінде сыбайлас жемқорлық әрекетті 46-ға өсіріп жіберген. Міне, бұдан асқан сорақылық болмас енді.
Бұл орайда сөз алған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко министрлікте жемқорлықты болдырмауға байланысты шаралар қамтылып жатыр, деді. Мұндағы жемқорлықтың белең алуы кадрларды дұрыс реттемеуден  туындаған көрінеді. Бұған кінәлі кадр қызметі екен. Соған орай жемқорлық қылмыстары үшін 2011 жылы 11 қызметкер және түрлі саланың 3 басшысы қызметтен қуылса, бірнеше адам тәртіптік жауапқа тартылған, ал 2012 жылы да осындай кемшіліктері үшін тағы 11 қызметкер және түрлі саланың 9 басшысы лауазымдарынан босатылып, 16 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бірақ, мұның бәрі дендеген жемқорлықты жоюға жеткілікті ме? Әрине, жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа салынғандарды тойып алған соң жұмыстан шығару бір басқа да, жегендерін құстыру бір басқа ғой. Өйткені, сараптамалық комиссияның құжатына көз жүгіртсек, Атырау, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жемқорлық қылмыстары жиі орын алады екен. Және жемқорлық сипаттағы қылмыстардың басым бөлігін қымқыру, жымқыру парақорлық, қызметтік жалғандық, лауазымды қызметін орынсыз пайдалану, т.б. құрайтын көрінеді.
Мәселен, ТЖМ лауазымды тұлғалары заңмен белгіленген мемлекеттік сатып алу үрдістерін өз пайдаларына қолданған. Көп жағдайда мемлекеттік өрт инспекторлары лауазымды өкілеттіктерін асыра пайдаланып, бақылау жүргізу іс-шараларында пара беруге мәжбүрлеу қаракеттерімен айналысқан. Мұндай озбырлықтың себебі, регламенттеуші  нормативтік-құқықтық актілерде бақылаудың нәтижелері бойынша қорытынды жасаудың нақты мерзімі көрсетілмеуінде жатса керек. Соның салдарынан, бақылау жасаушы органдардың деректері бойынша, 6 442,4 млн. теңгенің құқық бұзушылығы анықталған. Бұл министрлікте және оған қарасты мекемелер мен ұйымдарда қаржылық тәртіптің төмендігін және бюджет қаражатын басқаруда орын алған кемшіліктерді көрсетеді.
Сондай-ақ, «Мұнай-газ өнеркәсібінің техникалық қауіпсіздігі, мұнай және газ геологиясы  жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы» ЕМК-да  жеу еш қиындық туғызбайтындай, дейді сарапшылар. Мұның нақты дәлелі, өткен жылы осында жұмыс істеген үш директор және бір орынбасардың жемқорлық әрекеттері әшкереленген.
Отырыста мұндай заңсыздықтардың аз еместігі айрықша аталды. Сондықтан жиналғандар бірауыздан талқылау нәтижелері бойынша Төтенше жағдайлар  министрлігінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты күшейтуге бағытталған тиісті ұсынымдар қабылдады.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».