Экономика • 21 Маусым, 2019

Мұнай-химия кешені: отандық мамандар – басты назарда

432 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орта Азиядағы бірегей мұнай-химия кешенінің іске қосылатын уақыты да алыс емес. Атырауда «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС қолға алған жобаның құрылыс жұмыстарына 36 мердігер тартылған, оның 33-і отандық компаниялар.

Мұнай-химия кешені: отандық мамандар – басты назарда

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесовтің айтуынша, кешен жұмысы басталған алғашқы кезеңде жылына 500 мың тонна полипропилен өндіріледі. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін жобаны жүзеге асыру көрсеткіші 6 пайыз ғана болған еді, жаңа менеджмент жүйесі енгізілгеннен кейін 34 пайызға көтерілді. Айта кету керек, бұл - «Самұрық Қазынаның» отандық компания күшімен жүзеге асырып жатқан алғашқы жобасы. 

Қазір нысанда екі мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жобада қазақстандық қамтуға басымдық берілген. КРІ атқарушы директоры Дамир Әшімов: «Жұмысшылардың түгелге жуығы қазақстандық мамандар, - дейді. - Отандық кәсіпорындардың жұмыс сапасы шетелдік компаниялардан кем түспейтінін уақыт көрсетіп отыр. Мысалы, құрылысқа қажет ең үлкен құрылғы – колоннаны «АтырауМұнайМаш» зауыты дайындауда. Мұндай үлкен құрылғы бұрын-соңды біздің елімізде жасалған жоқ».

Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталады. Жоба сәтті жүзеге асса, 50-ден астам жаңа өнім шығарылады. Еліміздегі тұңғыш мұнай-химия кешені шағын және орта бизнесті дамытуға да тың серпін бермек.

АТЫРАУ