Руханият • 21 Маусым, 2019

«Басты барометр – бәсекеге қабілеттілік»

1066 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бәсекелестік бар жерде білім сапасының жоғарылайтыны, сол арқылы білікті мамандардың еңбек нарығына келетіні қуантады. Бүгінде отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі – басты барометр дейді Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова.

«Басты барометр – бәсекеге қабілеттілік»


– Гаухар Төремұратқызы, ғасырға жуық уақыт бойы ұстаздардың бірнеше буынын дайындап шығарған іргелі университеттің жетекшісі ретінде, қазіргі кезде ең әуелі мұғалімге нені үйрету керек? Ал мұғалім оқушыларға нені үйрету қажет деп санайсыз?

– Қай заманда да мұғалім – ізгілік пен білімнің басты символы. Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесіне арналған орта білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы педагог даярлайтын жоғары оқу орындарына да, ұстаздар қауымына да зор міндеттер жүктеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, «табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әрқайсысымыз терең түсінуіміз керек… Себебі  құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Заман өзгерген сайын мұғалімге қойылатын талап та күшейетіні белгілі. Бұрын мұғалімдерге қойылатын басты талап терең теориялық білім мен жақсы әдістемені игеру болатын болса, қазіргідей  жылдам ақпараттар ағыны заманында  мұғалімге теориялық біліммен қоса, озық технология, түрлі электрондық құралдар мен компьютерді жетік білу маңызды болып отыр. Сонымен қатар педагог мемлекеттік тіл, орыс тілімен қоса, ағылшын тілін терең меңгеру, білім менеджментінен де хабардар болуы қажет.

Екіншіден, мамандарды жас ұрпақтың рухани өсуі мен танымының кеңеюіне, қазақстандық патриотизмді дамытуға  қажетті барлық ақпаратты меңгерген шығармашыл тұлға ретінде даярлап шығуымыз  керек.

Үшіншіден, заман өзгерсе де, өзгермейтін қағидат – тәрбие мәселесі. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» қағидасы әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіздіктердің түп тамыры тәрбиенің жетіспеуінен болып жатқанын аңғару қиын емес. Бұл мәселелер арнайы пәндермен қоса, түрлі клубтар мен үйірме жұмыстары, түрлі кештер мен эдвайзерлік сағаттар арқылы шешімін табады деп ойлаймын. Мысалы, күні кеше ғана университетімізде  өткен «Қыз Жібек» клубының онлайн форматтағы форумы өзіндік азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен  ұштастыра  білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін ұйым идеясын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. G-global платформасында өткен бұл шара республикамыздың өзге де жоғары оқу орындарында аталған мәселеге айрықша назар аударылып отырғандығын көрсетті.

Ал мұғалім оқушыларға пәндік білім берумен шектеле алмайды. Өйткені жаңартылған білім беру бағдарламасының басты қағидаты –  жалпыадамзаттық және этномәдени құндылықтарға негізделген, оқушыларға өмірдегі проблемаларды шешуіне мүмкіндік беретін білім беру, әр оқушының қабілетін ашып, оны тұлға ретінде қалыптастыру.  Мысалы, оқушы «Қазақ тілі» не «Орыс тілі» пәнінде бұрынғыдай ережелерді жаттап, оны мысалдан іздемейді. Керісінше өзінің күнделікті өміріне қатысты «Киім. Сән. Талғам», «Бос уақыт және хобби» сияқты түрлі  тақырыптар аясында әрі өзіне қажетті білім алады, грамматикалық формаларды осындай мәтіндердегі қолданысына қарап игереді.

Білім беру процесіндегі оқушы мен мұғалімнің рөлінде де айтарлықтай өзгерістер бар. Бүгінде «Мұғалім – үйретуші, оқушы – үйренуші» позициясынан «мұғалім – бағыттаушы, оқушы – «жаңалықты» іздеп табушы» рөліне ауысты. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Бұл мәселелер мұғалімге, жоғары оқу орындарына жаңаша білім беруді, жаңаша ізденуге  ұмтылуды талап етеді.

– «Педагог мәртебесі» туралы заң әзірленіп жатыр. Сіздің ойыңызша қандай мәселелерді ескеру керек?

– «Педагог мәртебесі туралы» арнайы Заң қабылдау қажеттігі туралы Елбасы ұсынысын педагогтар қауымы зор қуанышпен қабылдады. Шынын айту керек, қазіргі қоғамда  ұстаздардың әлеуметтік жағ­дайы, мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қаты­нас, қағазбастылық сияқты көптеген проблемалар қордаланып қалғаны жасырын емес. Педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орны ретінде біз де бұл мәселені талқылап, тиісті ұсыныстарымызды жібердік. Соладың бірқатарына тоқталар болсам, алдымен, жас педагогтарды қолдау мәселесі. Әрине, ұлттық біліктілік тестісін ұйымдастыру олардың жалақы мәселесінде бірқатар оң қадам жасауға септігін тигізеді. Бірақ олардың кәсіби тұрғыда шыңдалуы үшін  жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын құру, аға буын тарапынан шеберлік мектептерін қалыптастыру, жаңа бастамаларына, мансаптық өсуіне қолдау көрсету, жас балалы аналарға жеңілдетілген жұмыс графигін қарастыру, сондай-ақ орта және аға буын педагогтардың да әлеуметтік мәселелерін, тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы банктердің жеңілдетілген несие бөлуі, зейнеткерлік жасы мен емдеу-сауықтыруға қатысты мәселелер де Заңнан көрініс табады деп сенеміз.

Сондай-ақ ұстаз мәртебесі деген мәселеде тек мектеп мұғалімдері ғана емес, білім берудің барлық буындары, атап айтсақ, мектепке дейінгі мекемелерден бастап, жоғары оқу орындарында қызмет ететін педагогтардың да құқықтық мәртебесі назардан тыс қалмауы тиіс. Бірқатар шетелдік мемлекеттерде, атап айтсақ,  Франция, АҚШ, Австрия, Бельгия, Италия, Порту­галия, Финляндия, Канада сияқты елдерде  мұғалімдер мемлекеттік қызметкер болып саналады. Шетел тәжірибесіне сүйеніп, мұғалімдерді мемлекеттік қызметкер санатына жатқызу мәселесі де қарастырылар деген үміттеміз.

– «Жоғары оқу орындары алдына өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде мәселе қою керек. Егер түлектері жұмыс таппаса, онда оқу орны өзінің міндетін атқармай отыр деген сөз» деп Назарбаевтың былтыр айтқаны бар. Сіздің университет сол міндетті қаншалықты дұрыс орындап келеді?

– Елбасының отандық жоғары оқу орындары алдына өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде мәселе қоюы өте орынды деп ойлаймын. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары оқу орындарының алдына қойған талаптарына сәйкес және білім беру бағдарламаларының соңғы 5 жылда жыл сайын 30 пайызға жаңартылуына жұмыс берушінің тікелей қатысуы түлектердің жұмысқа орналасуына өз ықпалын тигізеді.

Яғни, жұмыс беруші нарықтағы сұранысқа байланысты нұсқаулықтар береді. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында білім бағдарламалары дайындалғанда университетте құрамында жоғарғы оқу орны оқытушылары, Назарбаев зияткерлік мектебі, жалпы білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер бар арнайы жұмыс тобы құрылады. Білім бағдарламалары еңбек нарығының сұранысы бойынша талқыланып, жасалады. Сәйкесінше, университет өз кезегінде жұмыс берушілердің сұранысын ескеріп маман дайындайды. Осылай түлектердің біліктілігі жетілдіріліп келеді.

Айта кетейін, бүгінде елімізде мектеп мұғалімдеріне деген сұраныс жоғары. Ал біздің университет педагог мамандарын дайындайтын болғандықтан түлектеріміз жұмыспен толықтай қамтылады. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімі түлектермен тығыз байланыс орнатқан. Бұл бөлімде түлектердің және еңбек нарығында сұраныс жасайтын білім мекемелерінің базасы қалыптасқан. Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан мектептерден пән мұғалімдеріне сұраныс түскен жағдайда, университет түлектеріне бірден жаңа ақпарат беріліп, хабарландыру жіберіліп отырады.

– Жұмысқа орналасу демекші, қазіргі күнде Қыздар университетінің бітіруші түлектерін жұмыспен қамту бойынша қандай шаралар жүргізіліп жатыр?

– Университетте түлектерді жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты түрде ұйымдастырылады. Шара отандық педагогикалық жоғары оқу орындарының бірыңғай қазақстандық білім беру кеңістігін қалыптастыру, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ортақ диалог алаңын құру, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат беру және түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында қолға алынған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екендігін атап өтті. Осы орайда педагогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің механизмі болып отыр, бүгінде. Басты ескеретін нәрсе, аталған шара тырнақшаның ішінде ғана өтіп қоймайды, университет түлектері шын мәнісінде жәрмеңкеден «екі қолға бір күрек тауып», оларға жұмыс берушілер тарапынан нақты сұраныс түседі. Биылғы жылғы жәрмеңкеге 700-ге жуық студент пен 150-ден астам жұмыс беруші қатысты. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қыздар университетінің ұйытқы болуымен жәрмеңке педагогикалық мамандықтар бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамтуға арналған. Бастама жастарға бүгінде білім беру ошақтарында қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға септеседі. Сондай-ақ шара «дипломмен – жұмысқа» жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Жәрмеңкеде жұмыс берушілер өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Студенттер бұл мүмкіндікті пайдаланып түйіндемелерін жолдады. Сондай-ақ білім, ғылым, өнер және спорттағы жетістіктері жайлы арнайы портфолиолар көрмесін өткізіп, презентация жасады.


Осы орайда айта кетейін, өткен оқу жылында университетті 1548 студент тәмәмдап, олардың 95 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал 2017 жылы «екі қолға бір күрек тапқандардың» үлес салмағы 88 пайызды құрайды.

– Университеттерге академиялық дербестік берілді. Осылайша талапты күшейтті. Осыдан кейін оқу орындарының жұмысында оң өзгеріс бар деп санайсыз ба әлде қазіргі таңда қандайда бір нәтиже жайлы айту ертерек пе?

– Академиялық дербестік – арнайы өз саласы бойынша білім беру бағдарламаларына студенттердің, жұмыс берушінің сұраныстарын ескере отырып, халықаралық стандарттарға тез жақындасуына мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – Болон жүйесі бойынша мамандықтарды қайта қарастыру, студенттер мен жас оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық және тәжірибе алмасуының жеңілдеуі және университеттің нақты нарықтық талаптарға бейімделуі. Былайша айтқанда, бәсекелестіктің артуы. Мысалы, қазіргі жекеменшік университеттердің құрылымдық, әкімшілік, оқу үдерісі мейлінше батыстың жоғары оқу орындарының үдерісіне жақын. 

Университеттің академиялық дербестігі білім жүйесінде бәсекелестіктің жоғарылауына да өз әсерін береді. Бәсекелестік бар жерде білім сапасының жоғарылайтыны, сол арқылы білікті мамандардың еңбек нарығына келетіні қуантады.

– Сіз басқарып отырған университетке былтыр «ұлттық» деген мәртебе берілді. «Ұлттық» деген ұғымға лайықты болудың қазақстандық өлшемі қандай деп ойлайсыз?

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – әлемдегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Екінші дүниежүзіліктің аумалы-төкпелі уақтысында – 1944 жылы ашылған білім ұясы 75 жылға жуық уақыт аралығында үздіксіз жоғары білікті мұғалім мамандарын даярлап келеді.  Халқымыздың қабырғалы қаламгері Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі  сөнбесін дейік» деп айтқанындай, Қыздар университеті бүгінде расында да отандық жоғары білім берудің көшбасшысына айналып отыр. Бұл сөзімізге айқын дәлел – университетке «Ұлттық» мәртебесінің берілуі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» мәртебесінің берілуі оқу орнының дамуына зор серпін береді және ұжым алдына зор жауапкершілік жүктейді. Бұл мәртебе – тарихы терең қарашаңырақтың әлемдік білім кеңістігіндегі беделінің артуына да септігін тигізбек.

Нұрсұлтан Назарбаев университетімізге келген сапарында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өтіп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған Қыздар университеті өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды. Сонымен қатар оқу үрдісінде ұлттық салт-дәстүріміз бен халқымыздың менталитетін пайдалану біздің университеттің басты ерекшелігі деп айтар едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жандар АСАН