Қазақстан • 21 Маусым, 2019

ҰБТ-ның бірінші күні 3434 түлек шектік балды жинай алмады

391 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы легінде 3400-ден астам түлек ең төменгі балды еңсере алмады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі хабарлады.

ҰБТ-ның бірінші күні 3434 түлек шектік балды жинай алмады

Білім және ғылым министрлігінің Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, ҰБТ-ның алғашқы күнінде республика бойынша 12 772 түлек бақ сынаған. 

«Жалпы бірінші лекте тест тапсыруға 13068 түлек  өтініш берді. Соның 97 пайызы сынаққа қатысты. Оның ішінде 11 361 түлек - қазақ тілінде, 1411 түлек - орыс тілінде. ҰБТ еліміздің 6 өңірінде өтті. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында барлығы 39 тест тапсыру бекеті жұмыс істеді», - деді министрлік өкілі. 

Әділет Тойбаевтің айтуынша, биылғы тестілеудің қорытындысы бойынша мектептер мен өңірлердің орташа көрсеткіші есептелмейді және рейтингі құрылмайды. 

«Министрдің Үкімет отырысында ҰБТ нәтижелерін рейтингтерге қоспау ұсынылғанын білесіздер. Жергілікті әкімдіктер арасында негізсіз бәсеке болмау үшін осындай қадамға барып отырмыз. Өйткені, ҰБТ нәтижесі қандай да бір рейтинг түзу үшін өткізілмейді. ҰБТ-ның шектік деңгейінен сүрінбей өткен түлектер саны - 9338. Бұл 76,5 пайыз деген сөз. Ал шектік балды жинай алмаған түлектер саны - 3434», - деді департамент басшысы.