Қазақстан • 21 Маусым, 2019

Сенаторлар көлік-логистика қызметін дамыту мәселелерін талқылады

476 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенатта «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру аясында ел экономикасын тиімді дамытуды қамтамасыз ету аясындағы көліктік-логистикалық қызметтердің келешегі» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар көлік-логистика қызметін дамыту мәселелерін талқылады

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев шараны аша келіп, Қазақстан көлік логистикасын дамыту арқылы Орталық Азия өңірі арқылы өтетін тиімді және қауіпсіз бағыт ретінде халықаралық деңгейде танылғанын атап өтті. Бұл ретте Орталық Азияның, Еуропа мен Африканың 60-тан астам елін байланыстыратын әрі  іске қосылған сауда-көлік дәліздерін жетілдіретін және жаңа дәліздерді қалыптастыратын «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасының іске асуы Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесінің дамуына зор ықпал еткені айтылды.

Сонымен қатар сенатор Тұңғыш Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Парламенттің көлік саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ел экономикасының тиімді дамуын қамтамасыз етуді көздейтін жұмыстарын атап өтті.

Дөңгелек үстел отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев еліміздегі көлік саласының қазіргі жағдайы мен оны дамыту жоспары туралы баяндама жасады.

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысынан келген сенатор Ерік Сұлтанов бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Мәселен, көлік-логистикалық қызмет көрсету саласының едәуір жақсарғанына қарамастан, автопарктердің көбі ескіргені, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, логистикалық желі мен өңірлердегі қойма шаруашылығының кенже қалғаны айтылды. Одан басқа, теміржолға зияткерлік жүйені енгізу, контейнерлік тасымалдарды дамыту, магистралдық теміржол желілерінің техникалық және технологиялық деңгейін көтеру мәселелері шешімін таппағаны сөз болды.

Шара барысында қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басшысы Қанат Әлмағамбетов, Қазақстанның «KAZLOGISTICS» көлікшілер одағының басшысы Юрий Лавриненко сөз сөйлеп, еліміздің көлік-логистика қызметін одан әрі дамыту жөнінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы, сенатор Асқар Бейсенбаев дөңгелек үстелді қорытындылай келіп, көлік-логистика жүйесін дамыту барысында тасымалдауға байланысты жиынтық шығындарды төмендету, отандық көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, көлік-логистика саласын дамытудың инновациялық, әлеуметтік және экологиялық саласын күшейтуді қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, еліміздің Үкіметіне, жергілікті атқарушы органдарға және басқа да мүдделі ұйымдарға жіберілетін болды, сондай-ақ Сенат депутаттарының бұдан былайғы заң шығару жұмыстары барысында ескеріледі.