Дж.Ассанж 2010 жылдары әлемге әйгілі тұлғаға айналды. WikiLeaks сайтына АҚШ тікұшақтарының Бағдат қаласындағы бейбіт тұрғындарға оқ жаудырғаны бейнеленген видеосын жариялағаннан кейін көп ұзамай Дж.Ассанжға қарсы шағымдар түсіп, оны қамауға алу шаралары жүргізіле бастады. Ол Швейцарияны қауіпсіз санап, сол елге қоныс аударады.
Швеция соты Дж.Ассанжға қарсы іс қозғап, оны Ұлыбританиядан экстрадициялауға шешім шығарады. Дж.Ассанж сот шешіміне қарсы шығып, Ұлыбританиядағы Эквадор елшілігінде осы жылдың 11 сәуіріне дейін, яғни 7 жылға жуық уақыт бой тасалады. Бұған дейін белгілі болғандай, Ассанж өз сайтында Эквадор Президентінің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген ақпарат жариялады. Бұған ашуы келген Эквадор президенті оған саяси баспана беруден бас тартқан еді. Ұлыбритания үкіметі бұл жағдайды пайдаланып, оны қамауға алды.
Ал Ассанждың кінәсін дәлелдейтін айғақтардың жеткіліксіз болуы себебінен ол әлі күнге дейін Ұлыбритания абақтысында тұтқында. АҚШ Әділет министрлігі 23 мамырда 17 бап бойынша айып тағып, оны 175 жыл бас бостандығынан айыруды ұсынған еді.
Бұған дейін Британия ІІМ басшысы Саджид Джавид айыпталушы Ассанжды АҚШ-қа экстрадициялау туралы ұсынысқа келісімін берген-ді. ВВС ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, экстрадиция үкімі қабылданған жағдайда Дж.Ассанж АҚШ-қа 2020 жылдың ақпан айында жөнелтіледі.Аустралия үкіметінің басшысы Скотт Моррисон өзінің отандасы Дж.Ассанжға арнайы көмек көрсетілмейтінін, мемлекет тек консулдық жәрдеммен шектелетінін мәлімдеді. Кейбір шетелдік ақпарат құралдары мен сарапшылар АҚШ үкіметі Д.Ассанжды расымен кінәлі деп таныса, өз Конституциясында ойып жазылған ой мен сөз бостандығына қарсы келетінін айтады.
Politico газеті АҚШ прокурорларының қажетті айғақтар мен дәлелдер ұсынуға уақыты жетпейтінін жазады. Заңға сәйкес, айыпталушы алғаш қамауға алынған күннен 60 тәулік ішінде тиісті құжаттар берілуі керек екен. Ал оның кінәсін дәлелдеуге қажетті кейбір ақпараттар, тіпті құпия. Мұны сот залында талқылау олардың жария болуына алып келмек.
Дәл осы оқиғаға қатысты әлем сарапшыларының пікірі екіге жарылғандай. Бірі Ассанжды жақтап жатса, енді бірі айыбын өтесін дейді. Бір қызығы, дәл Ассанждың сайты жариялаған ақпараттарды New York Times газеті де Дональд Трамп үкіметінің рұқсатынсыз жариялағанын, алайда басылымға еш айып тағылмағаны айтылуда. Бұл жерде екі түрлі стандарттар байқалады.
Кейбір сарапшылар оны «заманауи ақпараттық соғыстың қолбасшысы» дейді. Олар өзінің жеке бас бостандығынан шындықты биік қойған Дж.Ассанжды қолдауға шақырып жатыр. Бүгінде Ассанждың АҚШ үкіметіне берілуіне наразылар қатары көбеймесе, азаймай тұр. Сидней, Киев, Берлинде Ассанжды қолдаушылар оның босатылуын талап етіп, шеруге бірнеше рет шықты.
Дж.Ассанждың денсаулығына алаңдаушылар да аз емес. Кей ақпараттарға қарағанда, Эквадор елшілігіндегі 7 жыл мен Ұлыбританияның Белмарш абақтысындағы 7 апта айыпталушының денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймаған көрінеді. Оның қорғаушылары Пер Самуэльсон, Гарет Пейрс және БҰҰ-ның адамға зәбірлік көрсету, қанау мәселесі бойынша арнайы баяндамашысы Нильс Мельцер Ассанждың денсаулығы нашарлағаны туралы ақпаратты рас деп танып, түрмеде оған психологиялық қысым көрсетіп жатқанынын мәлімдеді.