Қоғам • 24 Маусым, 2019

Басты мақсат – қоғаммен байланысты жақсарту

419 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың халық алдында есеп беру кездесуі Қазақстан полициясы күні қарсаңына сәйкес келіп, онда құқық бұзушы­лықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес проблемалары және ішкі істер органдарының құзыретіне кіретін басқа да өзекті мәселелер көтерілді.

Басты мақсат – қоғаммен байланысты жақсарту

Министрдің айтуынша, еліміздегі кри­миногендік жағдай өткен жылдар­дағыдан еш өзгеріссіз – тұрақты. Е.Тұр­ғым­баев бұл тұрақтылықты нақты цифр­лармен өлшеп берді. Жыл басынан бері қылмыс саны 9 пайызға оның ішінде, аса ауыр қылмыс – 7,7 пайызға, ауырлығы ор­таша қылмыс – 12,4 пайызға және ауыр емес қылмыс саны 4,7 пайызға азай­ған.Кісі өлті­ру, қарақшылық шабуыл, тонау, ұр­лық, бұзақылықтар да төмендеген. Соны­мен қатар жасөс­пірімдер тарапынан, мас кү­йінде жа­сал­ған және атыс қаруын қо­л­дан­­ған қыл­мыстардың саны да қысқар­ған.

– Биылғы жыл министрлік үшін – ерекше жыл. Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз саланы жаңғырту бағыттарында біршама жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді Е.Тұрғымбаев.

Министрдің пікірінше, біріншіден, саланы жаңғырту қоғаммен өзара іс-қи­мылды жақсартудан, полиция қыз­метінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етуден, сервистік үлгіге көшуден құралады.

Сала басшысы полиция департа­мент­тер­і­­­нің басшыларына халыққа етене жа­қын болуды да бұйырған. Енді поли­ция­ның жоғары шенділері тұрғындармен кө­ше­­лерде, алаңдарда кездесу өткізулері тиіс.

Е.Тұрғымбаев халыққа есеп беру барысында биыл ұрлықтың 12 па­йызға азайғанын айтты. Алайда, басқа қыл­мыс­қа қарағанда ұрлықтың үлесі әлі де басым – 65 пайыз. Оның ішінде қалта ұр­лығы, автокөліктер мен ұялы телефон ұрлығының көрсеткіші жоғары.

Есеп беру жиынының барысында министр жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаз айларында суға кетудің алдын алу, қылмыстық атқару жүйесін цифрландыру, ІІМ органдарын оңтайландыру, ведомствоға қарасты оқу орындарын жетілдіруге байланыс­ты жаңашылдықтарды жария етті.

– Елбасының тапсырмасы негізінде ішкі істер органдарын 2019-2021 жылда­ры жаңғырту бойынша Жол картасы әзір­леніп, алғашқы кезеңде біршама құ­ры­лым таратылды. Оның ішінде, 105 бө­лім­шесі таратылып, органдар мен құ­ры­лымдық бөлімшелер саны 10 мың бірлікке қысқарды. Артық деп таныл­ған басқарушылық бөлімдер қысқар­ты­лып, 1180 басшылық лауазым жойыл­ды. Осы өзгерістердің артынша 100 мың халыққа есептегенде полиция қыз­мет­кер­лерінің саны 471-ден 393-ке азайды. Оңтайландырудан түскен қаражат пат­руль­дік полиция қызметкерлерінің ай­лы­ғын 65 пайызға, жедел уәкілдер мен тер­геу­шілердің айлығын 55 пайызға, уча­скелік полицейлер мен ЖОО мұға­лім­дерінің айлығын 25 пайызға, өзге де қыз­меткерлердің айлығын 20 пайызға арт­тыруға жұмсалады, – деді Е.Тұрғымбаев.

Өткен жұма күні Ішкі істер ми­нистрі халыққа есеп беру кездесуінің қоры­­­тындысы бойынша Орталық ком­му­ни­кациялар қызметі ұйымдас­тыр­ған бри­фингте осы іс-шараның қоры­тындыларын жа­риял­ап, журналистердің сауалдарына жауап берді.