Биылғы жиын Жастар жылының аясында өтті. Отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаңға айналған «Айбын» аясында жастар әскери-қолданбалы байқаулар, атап айтқанда, белтемірде тартылу, жалпыәскери қорғаныс жиынтығын кию, пневматикалық мылтықтан оқ ату, граната лақтыру, АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау, қысқа және алыс қашықтыққа жүгіру сынды сайыстарға қатысты.
Сонымен, төрт күнге созылған байқау қорытындысы бойынша республикалық «Жас ұлан» мектептері мен мамандандырылған лицейлер арасында «Жас ұлан» мектеп интернатының (Семей қаласы) оқушылары бірінші орынға шықты. Екінші орынды Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы республикалық мектебінің (Нұр-Сұлтан қаласы) командасы иеленді. Ал үшінші орынға Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рахымов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің (Шымкент қаласы) командасы шықты.
Қазақстан Қарулы Күштері және өзге де әскери құрылымдарға қарасты әскери-патриоттық клубтар арасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының «Шығыс» әскери-патриоттық клубы бірінші орынды, «Сағадат» әскери-патриоттық клубы екінші орынды және Әскери полиция бас басқармасының «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы үшінші орынды иеленді.
Өңірлік әскери-патриоттық клубтар арасында «Жігер» (Батыс Қазақстан облысы), «Жас Қыран» (Шығыс Қазақстан облысы), «Айбын» (Ақмола облысы) командалары жүлделі орындарды бөлісті.
Ал Семей қаласынан келген «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы «Айбын-2019» әскери-патриоттық жиынының Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Жиынның қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер командаларға грамоталар, медальдар, кубоктар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.