Қоғам • 24 Маусым, 2019

Көкке қол созған саңлақ

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнері мен мәнері халық алдында қалыптасып, алуан көңілдің биігін баураған Денис Тен өзі өлердей сүйіп, өміріне балаған ақ айдынға шықпағалы да жылға жуықтапты. Небәрі 25 жыл ғұмыр кешкен ол жаһандық спорт тарихына өшпес із қалдырды. Жарқ етіп сөнген жасын ғұмырдан кейінгіге қалғаны сағынышқа толы естеліктер ғана. Ақ баласын мәңгілік құшағына алған Алматыда даңқты спортшыға арналған ескерткіш бой көтерді.

Көкке қол созған саңлақ

Мәнерлеп сырғанаушының Сочи Олим­пиадасының финалдық бағдар­ламасын орындап тұрған сәтін өрнектеген еңселі ес­керт­кіштің мүсіні қоладан, тұғыры гранит­тен құйылған. Биіктігі – 2,4 метр. Ес­керткіш қаладағы Денис Тен қапыда қаза тапқан Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында орын тепкен. Ақ айдында аққудай қалықтаған айбоз ұлдың жарқын бейнесін көз алдыңа әкелетін өнер туындысын сомдаған санктпетербургтік мүсінші Матвей Макушкин. Өнер иесі бұған дейін шаһардағы жастар жиі бас қосып ән салатын орынға айналған Виктор Цойдың айрықша мүсінін кейіптеген еді.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Денистің өнері мен өмір жолын бағалайтын Алматы тұрғындары, сондай-ақ танымал спортшы­лар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар тас тұғырға гүл шоқтарын қойып, тас мү­сінге айналған таңғажайып талант ие­сін құр­метпен еске алды.

 Денис өзінің бір сұхбатында алға қойған мақсаттарының көптігін, өзі құрас­тырған сценарийдің желісі бойын­ша фильм түсіруді армандайтынын айт­қан еді. Алайда оның ең үлкен арманы төртжылдықтың басты бәсекесінде қазақ­тың туын көкте желбірету болатын. Спортшының ауыр қазасынан кейін әйгілі жаттықтырушы Фрэнк Кэрролл да карьерасын осымен тәмамдайтынын хабарлады. Денис Теннің өнерін тамашалаған миллиондаған адам карта бетінен Қазақ­станды іздеді. Оның жарқын бейнесі мәң­гі көз алдымызда. Еске салсақ, осыған дейін Алматыда Денис Тен тұрған үйдің қабырғасына мемориалды ескерткіш тақта орнатылған болатын.

 

АЛМАТЫ