Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның халықаралық беделді ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуы еліміз үшін үлкен абырой екендігіне тоқтала келіп: “Біз қауіпсіздіктің негіз қалаушы мәселелері бойынша, сондай-ақ Ұйымның өзін дамыту мәселелері бойынша консенсустық алаңды кеңейту және нығайту ниетіндеміз... ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жоспарларына, сонымен қатар, үстіміздегі жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы менің ұсынысыма қолдау білдірді”, – деп атап көрсетті.
Үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында Вена қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуін Ұйымға қатысушы 56 елдің делегациясы аса ықыласпен тыңдады, сондай-ақ Үндеу Хофбург сарайындағы Нойер залынан Интернет жүйесі арқылы бүкіл әлемге тікелей эфир бойынша таратылды. Қазақстан басшысы Үндеуінде ЕҚЫҰ саммитінің он жылдан бергі үзілісі Ұйымның консенсустық дағдарыс жағдайында болмаса да, тоқырау ахуалында тұрғанын аңғартатынын айта келіп, 2010 жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының жоғарғы деңгейдегі саммитін шақыру туралы бастамасын қолдауға шақырды.
Жолдауда Президент атап өткендей, бүгінде Қазақстанның бастамасын Ұйымға қатысушы мемлекеттердің басым көпшілігі қолдайтындарын мәлімдеп те үлгерді. Өйткені, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты күрделі мәселелер жеткілікті, оның үстіне Ауғанстанды саяси және экономикалық жағынан тұрақтандыру проблемасы ұзақ жылдардан бері әлі шешімін тапқан жоқ. Бұлардан басқа да өзекті де өткір мәселелер баршылық. Сол мәселелер мен проблемаларды шешу жайы Ұйымға мүше елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының қатысуымен өтетін жоғарғы деңгейдегі саммитте қабылданған құжаттарды іс жүзіне асырудан басталады. Сондай-ақ, биылғы жылы Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылғанына – 35 жыл, Париж хартиясының қабылданғанына – 20 жыл, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл толады. Осынау айтулы мерекелер аталып өтілетін 2010 жылы олардың қатарына ЕҚЫҰ-ның жоғарғы деңгейдегі саммиті қосылатын болса, ол еңселі елордамыз – Астана қаласында өтетін болса, мұның Қазақстан үшін, барша қазақстандықтар үшін орны бөлек үлкен тарихи оқиға болатыны даусыз.
ЕҚЫҰ-ның басты органы – Жоғарғы деңгейдегі кездесулер, яғни Ұйымға мүше елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының саммиті. Саммитте өңірдегі жағдайларға баға беріліп, Ұйым қызметінің негізгі бағыттары айқындалады. Ал ЕҚЫҰ тарихында Ұйымның жоғарғы деңгейдегі бес кездесуі өткен екен. Олар өткен ғасырдың соңғы онжылдығының еншісіне тиеді әрі талқыланған мәселелерімен және қабылданған құжаттарымен тарихта қалды. Енді жоғарғы деңгейдегі кездесулер мен онда қаралған мәселелер, сондай-ақ қабылданған құжаттар жайына тоқталайық.
ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғарғы деңгейдегі алғашқы саммиті 1990 жылдың 21 қарашасында Парижде өтті. Осы кездесуде жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына қол қойылып, “қырғи-қабақ соғыстың” бұлты сейілді. Саясаткерлер мен сарапшылардың бағалауынша, сол жылдардан бастап Ұйым қызметінің жаңа тынысы ашылып, ол келіссөздер мен үнқатысуларды белсенді жүргізетін халықаралық құрылымға айналды. Ал Париж хартиясы жаңа Еуропаның қауіпсіздігі үшін ЕҚЫҰ алдына тың мақсаттар қойып, “қырғи-қабақ соғыстан” кейінгі кезеңдерде көрініс беруі мүмкін жаңа қауіп-қатерлердің алдын алуға міндеттеді. Осы міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін Ұйым жанынан бірнеше институттар мен мекемелер құрылды, кездесулерді тұрақты негізде өткізіп тұру ұйғарылды. Париж хартиясында “Еуропаның жіктелуі аяқталды. Мемлекеттер арасындағы қатынастар өзара құрметтеушілік пен ынтымақтастыққа негізделетін болады” деп атап көрсетілді.
Саммитте, сондай-ақ саяси консультациялар жүргізудің үш сатылы механизмі құрылды. Оның біріншісі – Ұйымға қатысушы елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының кездесуін екі жылда бір рет өткізіп тұру. Саммитте өңірлік және жаһандық басты проблемалар талқыланып, Ұйым қызметінің принципті бағыттары айқындалуы және Ұйымның негізгі құжаттары қабылдануы қажет. Екіншісі – Ұйым аясында саяси консультациялар өткізетін орталық форум – Сыртқы істер министрлерінің кеңесі. Бұл кеңес Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға қатысты мәселелерді қарастырады және тиісті шешімдер қабылдайды. Ал саяси үнқатысулардың үшінші құрылымы – аға лауазымды тұлғалардың комитеті. Комитеттің функциясына Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарын әзірлеу, оның шешімдерін орындау және ағымдағы мәселелерге шолу жасау кіреді.
Жоғарғы деңгейдегі алғашқы саммитте, сондай-ақ Ұйымның хатшылығы, жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталық және еркін сайлау жөніндегі бюро құрылды. Париж хартиясында көрсетілген аталған құрылымдар Ұйым кеңістігінде көрініс берген қауіптерді жедел реттеуге ықпал етті, ал тұрақты қызмет ететін органдар болашақта Еуропадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жүйесін ұйымдастыруға негіз болды. Сонымен қатар, хартияда Ұйым қызметіндегі негізгі үш өлшем – қару-жарақты бақылау, қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту; экономика, ғылым мен техника, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты дамыту; гуманитарлық және басқа салалар бойынша өзара іс-қимыл жасау да көрініс тапты. Бұлардан бөлек кездесуде мемлекет басшылары мен үкімет басшылары 1990 жылғы 19 қарашада 22 мемлекет қол қойған Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа қолдау білдірді.
Осылайша ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғарғы деңгейдегі алғашқы саммитінде қабылданған Париж хартиясы жаңа Еуропа үшін жанжалдардың алдын алып, оларды бейбіт жолмен реттеуге күш салатын және жалпыеуропалық ынтымақтастықты дамыту мақсатын көздеген құрылымдардың дүниеге келіп, олардың жұмыс істеуіне негіз қалап берді. Сонымен қатар, хартия “қырғи-қабақ соғысты” қорытындылаған, Еуропа құрлығында Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастардың жаңа дәуірін бастап берген көпжақты тұңғыш әрі тарихи құжат болып табылады.
Ұйымға қатысушы елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының жоғарғы деңгейдегі екінші кездесуі 9-10 шілдеде Хельсинки қаласында өтті. “Хельсинки-2” деген атаумен тарихта қалған бұл саммитте еуропалық қауіпсіздік тұжырымдамасының жаңа архитектурасын әрі қарай дамыту жайы айқындалды. Өйткені, сол кезеңде бірқатар өңірлерде кикілжіңдер мен жанжалдар көрініс бере бастаған болатын. Сондықтан да құрлықта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көптеген мәселелерді қайта қарастыру қажеттігі туындады. Осы саммитте қабылданған Хельсинки декларациясында осы мәселелер атап көрсетіліп, ЕҚЫҰ алғаш рет БҰҰ Жарғысының ҮІІІ тарауына сәйкес Ванкуверден Владивостокқа дейінгі еуроатлантикалық кеңістікте ынтымақтастықты дамытуға және әскери-саяси тұрақтылықты қолдауға жауапты өңірлік ұйым ретінде танылды.
Саммитте Ұйымның әлеуеті мен мол мүмкіндігі ескеріліп, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссар қызметін құру туралы шешім қабылданды. Ал 1993 жылғы Римде өткен сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Ұйым қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар көтеріліп, нәтижесінде Ұйымның атқаратын жұмыс жүйесіндегі орталық саяси рөлі нақтыланды. Жалпы, бұл саммитте қабылданған қорытынды құжатта жаңа қауіп-қатерлердің жедел алдын алуға, жанжалдарды шұғыл реттеуге және бітімгершілік мүмкіндіктерді толық пайдалануға ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының 1994 жылы желтоқсанда Будапеште өткен кездесуінде негізінен ХХІ ғасырда Ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздік моделінің қандай болу қажеттігі туралы мәселелер талқыланып, Будапешт декларациясы қабылданды. Өткен кезеңдерге назар аударатын болсақ, сол жылдары Ұйым кеңістігіндегі кейбір аймақтарда әскери қимылдардың тұтануы, адам құқығының бұзылуы секілді жағдайлар әлі басылмай тұрған-ды. Кездесуге қатысушылар осындай өзекті проблемаларға алаңдаушылық білдіре келіп, оларды Ұйымның қағидалары мен міндеттемелеріне сүйену арқылы шешу қажеттігін таныды.
Будапешт саммитінде, сондай-ақ қауіпсіздіктің әскери-саяси аспектілеріне қатысты мінез-құлық кодексі бекітілді. Онда демократиялық қоғамдағы қарулы күштердің рөлін анықтайтын қағидалар мазмұндалған. Бұл жылдары Ұйымның халықаралық қоғамдастықтағы рөлі артып, ол қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ауқымды іс-шараларға белсенді араласа бастаған болатын. Қатысушы мемлекеттер осы жағын ескере келіп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің (Ұйым 1995 жылғы 1 қаңтарға дейін осылай аталған) атауын өзгертіп, оны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым деп атауды ұйғарды. Ұйымның атауы өзгергенмен, оның мәртебесі мен институттары, атқаратын қызметтері бұрынғысынша қалатын болды. Сөйтіп, Будапешт саммитінде Ұйымды 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзінің жарғысымен және құқықтық базасымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл Ұйым жұмысына жаңа саяси серпін берді және оның институттық дамуына жарқын жол ашты.
ХХІ ғасырда қауіпсіздік моделінің қандай болу қажеттігі жөніндегі мәселелерді талқылау ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының 1996 жылғы желтоқсанда Лиссабонда өткен кездесуінде де жалғасты. Кездесуде ХХІ ғасырда Еуропа үшін жалпы және бәрін қамтитын модель туралы декларация қабылданып, қару-жарақты бақылау негіздері және қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл бойынша форумның күн тәртібін дамыту бекітілді. Бұл құжаттарда алдағы уақытта ЕҚЫҰ-ның рөлін арттыру арқылы барлық үш өлшем бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту шараларына баса назар аудару қажеттігі көрсетілген. Лиссабон декларациясында, сондай-ақ Ұйым кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қатысушы елдердің барлығы өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарау керектігі аталған.
Ал ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының жоғарғы деңгейдегі бесінші саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда өтті. Онда еуропалық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты қабылданған Ыстамбұл хартиясы Ұйым тарихында маңызы ерекше зор құжат ретінде бағаланады. Өйткені, бұл саммитте жоғарыда аталған Еуропадағы қауіпсіздік моделі туралы пікірталастың қорытындысы шығарылып, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 30 мемлекет Ыстамбұл декларациясын қабылдады және Еуропадағы бейімделген кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа қол қойды. Ұйымға мүше көптеген мемлекеттердің басшылары Ыстамбұл кездесуін “соңғы жүзжылдықта аса маңызды құжаттар бойынша келісімге қол жеткізген ұлы кездесу” деп атауы сондықтан.
Ұйымға қатысушы елдердің басшылары осы саммитте сондай-ақ елдердегі халықтардың еркін және достық жағдайда өмір сүріп, Ұйым кеңістігінде өркендеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш салатындарын мәлімдеді. Осы мақсат-мүддеге қол жеткізу үшін ЕҚЫҰ аясында бірқатар жаңа қадамдар жасау қажет деп шешті. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар арасындағы іс-қимылды жандандыруға бағытталған Қауіпсіздік тұғырнамасын қабылдау, бейбітшілікті қолдаудағы Ұйымның рөлін арттыру, көмек сұрауына байланысты жергілікті жерлерде өткізілетін ірі азаматтық операцияларға жедел сараптамалық қолдау көрсететін топ құру, заң үстемдігі мен құқық тәртібінің сақталуына көмек көрсету мақсатында полициялық қызмет саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту, Ұйымның жергілікті жерлердегі операцияларын жоспарлайтын орталық құру және ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің жанынан әзірлеу комитетін құру арқылы Ұйым аясында саяси консультациялар үдерісін нығайту қажет деп табылды.
Осылайша Ыстамбұл саммитінде қабылданған Еуропадағы қауіпсіздік хартиясы әскери одақтарды шектеуді саяси жағынан бекітіп берді. Құжатта бұл үдерістер ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздігіне зиян келтірмейтіндігі, хартия ынтымақтастықты нығайтуға негізделген қауіпсіздік тұғырнамасы болып табылатындығы атап көрсетілді. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының келесі, яғни алтыншы саммиті Ұйымның Іс басындағы төрағасы Қазақстанда өтуі әбден мүмкін. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жоғарғы деңгейдегі кездесуде қандай мәселелер талқылануға ұсынылатынын да атап өтті. “Мен саммитте ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағында қауіпсіздіктің көкейкесті проблемаларын, Ауғанстандағы жағдайды және төзімділік мәселелерін ұсынатын боламын”,– деді Елбасы осы жайында.
Ауғанстан демекші, Ауғанстан ЕҚЫҰ-ға мүше емес. Бірақ, Ұйымның жиындарына байқаушы мемлекет ретінде тұрақты қатысып келеді. Оның үстіне Ұйымға қатысушы бірқатар елдердің әскерлері Ауғанстан аумағында осы елдегі қалыптасқан қиын жағдайларды шешіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына қатысуда. Жалпы, бұл елдегі жағдайға әлемдік қоғамдастық қатты алаңдап отыр. Егер Ауғанстанда тыныштық орнап, тұрақтылық қамтамасыз етілсе, Азия мен Еуропадағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең күрделі проблемалар шешілуі мүмкін. Өйткені, дүние жүзіне таралатын есірткінің басым бөлігі осы Ауғанстан аумағында өндіріледі. Қазақстан Президентінің халықаралық жиындарда Ауғанстан проблемасына баса назар аударып келе жатқандығы сондықтан.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.