Форумның ашылуында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Президент құттықтау хатта: «Ұлы дала – Еуразия кеңістігін мыңдаған жылдар бойы мекендеген халықтардың тарихи шежіресінің куәсі, батыс пен шығыс өркениеттерін тоғыстыратын үндестік пен үйлесімнің бесігі», дей келе қонақтардың қадамы мен ауқымды шараның жұмысына сәттілік тілеген. Әрі бүгінгі форумдағы талқыланатын тақырыпты ауқымы кең, мағынасы терең, болашақ ұрпақ үшін тағылымы мол болатынына кәміл сенімін жеткізген. Сонымен қатар: «Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен дәстүрге айналған бұл форум ғылыми интеграцияға тың серпін береді. Ашық пікір алмасулар мен салиқалы сараптаулар түркітану ғылымының одан әрі дамуына зор үлес қосады деп сенемін», делінген құттықтау хатта.
Жиында сөз алған Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі биылғы форум түркі өркениетінің адамзат дамуына қосқан үлесі жөнінде жазылған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласынан кейін қолға алынғанын айтты. «Осыған қоса биыл ұлы ойшыл, ақын Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтты білік» дастанының жарық көргеніне 950 жыл толып отыр. Талас құрылтайы және Моғолстан мен Алтын орданың құрылғанына 750 жыл, түркі халықтарының ұлы ақыны Насимидің 650 жылдығы, Едіге дастанына 600 жыл. Бұл жиын Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен өтіп отыр», деді Д.Қыдырәлі.
Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұл форумның өте бір орнықты, дер кезінде өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Өйткені үшінші мың жылдықтың басында көп ғасырлар бойы түркі әлемінде бірлік азайып кетіп еді. Енді, міне егемендіктің арқасында түркі елдері бас қосуда. Бұл түркі халықтарының жалпы мәдениет, өнер, ғылым мен білім тұрғысынан болсын, бірлігін нығайта түседі», дейді О.Смағұл. Оның айтуынша, географиялық жағынан да, тарихының тереңдігі, тілінің ортақтығы жөнінен де қазақ жері түркі әлемі қара шаңырағының иесі атануға лайық. 80 миллион түркі халықтарының туып өскен жері де бір, сондықтан қазақ елінің иелік етуіне қарсылық білдірмейді деген ойда.
Ал Әзербайжаннан ат терлетіп келген сол елдің парламент депутаты, Философия ғылымдарының кандидаты Жабаншер Фейзиев жылдан-жылға форумың ғылыми бағытқа бет бұрып келе жатқанын, сондай-ақ ғалымдар тарапынан түркі әлемінің тарихына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын жеткізді. «Түркі халықтарының тілі, тарихы мен дәстүрлерін әлемге үйретудің оңай әрі тиімді жолын табу – түрік халықтарына ортақ мәселе. Бұл форумның маңыздылығы да осында», дейді Фейзиев. Оның айтуынша, дүние жүзі тарихын түркі халықтарының тархынсыз, сол секілді әлем мәдениетінен түркі мәдениетін бөліп қарастыруға келмейді. Өйткені түркілердің тарихы мен мәдениеті әлем өркениетінің дамуына үлес қосты. Оған біздің Орхон-Енисей жазбалары сынды тарихи-мәдени мұраларымыз, Күлтегіндей ескерткіштеріміз бен қаншама ғасырлық тарихы бар «Манас», «Едіге» жыр-дастандарындай фольклорымыз дәлел бола алады.
Айта кетейік, форумның ашылу салтанатында Моңғолияның тұңғыш президенті Пунсалмаагийн Очирбатқа, Әзербайжанның тұңғыш премьер-министрі Гасан Гасановқа, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкуловқа, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Дүниежүзі татарлар конгрессі Атқару комитетінің Этнологиялық мониторинг орталығының басшысы Дамир Исхаковқа, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, антрополог, Оразақ Смағұлға Халықаралық Түркі академиясының алтын медальдары табыс етілді.
Шараның салтанатты ашылуынан кейін қатысушылар өздерінің қызығушылықтары мен зерттеу жұмыстарының бағыттарына қарай «Түркі мемлекеттігінің қалыптасу мен даму тарихы», «Түркі әлемінің генезисі – Ұлы дала тарихындағы жаңа дәуір», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелер», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түркітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер» және «Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері» атты 6 тақырыптық секцияға бөлінді.
Халықаралық басқосу әлемдік танымал мамандар арасындағы ғылыми байланыстарды нығайту, пікір алмасу, жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңестер ұсынылған алаңға айналды.