Қазақстан • 25 Маусым, 2019

Қаржы секторында жаңа агенттік құрылады

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева­ның төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Қаржы секторында  жаңа агенттік құрылады

Борыштық жүктеменің  өсуіне жол берілмейді

Отырыста негізгі баяндаманы жасаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың ай­туын­­ша, заң жобасы аясында қаржы нары­ғын реттеу және дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Президентке тікелей есеп беретін жеке мемлекеттік органға беру ұсынылып отыр. Осы себепті заң жобасында екі ауқымды бағыт қамтылған.

– Бірінші бағыт – қаржы секторын реттеудің және дамытудың тәуелсіз органын құру. Елдің экономикалық өсуін ынталандыру үшін Ұлттық банк орталық банктің классикалық қызметтеріне шоғырлануға ниетті. Бұл – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақша-кредит сая­саты, валюталық реттеу және төлем жүйелерін дамыту. Ал қаржы нарығын реттеу мен дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылып отыр, – деді Е.Досаев.

Сонымен қатар экономиканы сапалы дамыту үшін Ұлттық банк мемлекеттік-қаржылық қолдау бағдарламаларын, оның ішінде экономиканың басым салаларын несиелеу бағдарламасын, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын және басқа да бағдарламаларды екінші деңгейлі банктер арқылы іске асыруды жалғастыра бермекші. Ал агенттік өз тарапынан қаржы нарығындағы қаржы ресурстарын бөлу тиімділігін арттыруға, жаңа қаржы өнімдері мен қызметтерін енгізуге, олардың халық пен бизнес үшін қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Қызметшілерінің мәртебесі Ұлттық банк қызметкерлерімен теңестіріледі.

– Агенттік Ұлттық банкті қайта ұйым­дастыру арқылы құрылады. Оның барысында қызметтер, өкілеттіктер мен штат бірліктер қайта бөлінеді. Ұлттық банктен агенттікке ауысуы болжанып отырған қызметкерлерінің жалпы саны шамамен 500 адам болады, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Өз кезегінде заң жобасының екінші бағыты тұтынушылық кредиттеу нарығында реттеуші арбитраж және жүйелік проблемаларды жоюға арналған. Сондықтан да халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбай өсуіне жол бермеу мақсатында барлық кредиттеу субъектілеріне қатысты тиісті реттеу мен қадағалау құралдарын енгізу талап етіледі. Қазіргі уақытта реттелмейтін субъектілердің саны шамамен 2 мыңға жеткен.

Бүгінде тұтынушылық кредиттер порт­фел­інің неғұрлым белсенді өсуі реттелмейтін секторда байқалады – ол онлайн-кредиторлар, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар. Со­нымен қатар реттелмейтін субъектілер тарапы­нан қарыз алушылардың құқықтары мен мүд­делерінің бұзылуы байқалады, – деді Е.Досаев.

 

Депутаттық сауалдардың  жауабы мұқият қаралады

Жалпы отырыста сенаторлар Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялады. Осы Шартқа сәйкес мүше мемлекеттің аумағында ядролық қаруды және/немесе ядролық жарылғыш құрылғыларды өндіруге, сынауға, сатып алуға, беруге, сақтауға және орналастыруға, сонымен бірге ядролық қаруды қолдануға, сондай-ақ оны қолдану қатерін төндіруге тыйым салынады.

Шарт Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 72-сессиясы аясында 2017 жылғы 20 қыркүйектен бастап қол қоюға ашылды және 50 мемлекетте ратификациялағаннан кейін күшіне енеді (қaзipгi уақытта шартқа 70 мемлекет қол қойды, 23 мемлекет ратификациялады).

Осы Шартты ратификациялай отырып, Қазақстан ядролық қарудан азат әлемді құру және сақтау ісіне зор үлес қосады, сондай-ақ еліміздің ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылығын нақтылайды.

Палата 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-тех­никалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төр­тінші хаттаманы ратификациялады.

Қолданыстағы Келісімге сәйкес, жеткізілетін әскери өнімге бағалар ұлттық бөлімшелердің өз мұқтаждары үшін сатып алатын ішкі бағалары бойынша белгіленеді. Осы Хаттаманың қабыл­дануымен мұндай жеңілдікті баға өндіруші тарап өз мұқтаждары үшін сатып алмайтын, бірақ Келісім талаптарына сәйкес ҰҚШҰ-ның басқа мүше мемлекетіне жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімге қолданылады.

Отырыс барысында сенаторлардың бірқатар депутаттық сауалы жария етілді. Онда сенатор Нариман Төреғалиев Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университетінің спорт кешенін күрделі жөндеу үшін қаржы­лан­дыру қажеттігі және мүгедектікті ресімдеу туралы, сенатор Еділ Мамытбеков «Ғылым қоры» АҚ қызметі, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтын «Зере холдингі» АҚ коммерциялық ұйымының құрылымына беру, Чернобыль АЭС-і апаты зардаптарын жоюға қатысушыларды әлеуметтік қолдау туралы, сенатор Ғұмар Дүйсембаев ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау қажеттігі туралы, сенатор Нұржан Нұрсипатов әскерилерге тұрғын үй төлемі мәселелері жайында, сенатор Ерік Сұлтанов Қызылорда – Жезқазған – Есіл – Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы жолын жөндеу жұмыстарын аяқтау туралы, сенатор Владимир Волков отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде, сенатор Бірғаным Әйтімова лотерея қызметі мәселелері туралы, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов балық шаруашылығы кешенін дамыту жайында, сенатор Қайрат Қожамжаров қолданыстағы «ҚР мемлекеттік арнаулы органдары туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдардың ережелеріндегі қайшылықтарды жою қажеттігі туралы, сенатор Мұрат Бақтиярұлы заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу жөнінде, сенатор Динар Нөкетаева отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері туралы, сенатор Мұратбай Жолдасбаев мемлекеттік тапсырмаларды орындауда жеке секторға қатысты кемсітушілік қағидаларын болдырмау жайында сауалдары болды.

Депутаттық сауалдардың маңызына назар аудара келіп, Сенат Төрағасы депутаттарды мемлекеттік органдар басшылары тарапынан берілетін жауаптарға мұқият қарауға ша­қырды. Депутаттар көбінесе бірсарынды жауаптар алады, ал көтерілген мәселелер шешіл­мей жатады.

«Сауалдарыңыз бос сөз ретінде қалмауы тиіс. Өзіміз нақты жұмыс жүргізбесек, ешқандай өзгерістер болмайды», деді Дариға Назарбаева.

 

Соңғы жаңалықтар