Қоғам • 25 Маусым, 2019

Орган алмасқаннан өмір тоқтамайды

455 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Донорлық орган­­ арқа­сын­да мына жалғаннан үміті үзілердей болған қанша жан отбасына­ оралып, қуаныш құ­шағына бөленді десе­ңізші?! Дәрігер мен донор сый­лаған өмір олар­ды қатарға қосып қа­на қоймай, спортпен шұ­ғылдануына да жол ашады. Керемет емес пе! Нұр-Сұлтан қаласында диа­лиздегі емделушілер және ішкі органдарына трансплантация жасалған адамдар арасындағы Ұлт­тық спорттық ойын­дар­дың ашылу салтанаты өтті.

Орган алмасқаннан өмір тоқтамайды

Дүниежүзілік спорт федерация­сы­­ның трансплантация жасалған адамдар арасында спорттық жарыстарды өткізуді қолға алғанына 35 жылдың жүзі болыпты. Әрине ол кезде елімізде спорттық ойындар түгіл, орган алмастырудың өзі­ қиялдай көрінетін. Отандық меди­цинаның қарқынды дамуының нә­ти­жесінде мұндай халықаралық спорттық шараларға Қазақстан командасы да қатысуға мүмкіндік алып, команда мүшелерінің жүл­делі орынға ие болғанын бұрын хабарлаған болатынбыз. Енді міне, елордада халықаралық дәре­жеде 3 күн қатарынан жарыс өт­пек­ші. Ресей, Польша және Қазақстанның барлық аймағынан 100-ден аса қатысушы бақ сынайтын сайыстың негізгі мақсаты – донор болу мен ішкі органды трансплантациялаудың маңызын түсіндіру және оның физикалық мүмкіндіктерін көрсетіп, дене мәдениеті мен спортты насихаттау.

 «Осы сияқты спорттық ойынды 2017 жылы Ақтау қаласында да ұйымдастырғанбыз. Оған 30-дан астам адам ғана қатысып еді. Біздің ұйым Дүниежүзілік спорт федерациясы және еуропа­лық спорт федерациясының қа­зақ­стан­­дық өкілі болып санала­ды. Мақ­­­сатымыз – ішкі ағза мүшесіне трансплан­тация жасалған адамның от­басын құрып, балалы болып, жұмысын істеп толыққанды өмір­ сүре алатынын дәлелдеу. Сон­дай-ақ осы ойындардың өтуі­мен бір­ге Мәдениет және спорт ми­нистр­лігіне спорт федерациясы ре­тінде тіркелсек дейміз. Тіркелген күн­де халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіміз көбейеді. Жал­­­пы, орган алмастырғандар үшін спортпен айналысу өте пайдалы. Осы шараны ұйымдастыруға көмек­тескен Мәдениет және спорт министрлігіне, Спорт және дене- шынықтыру істері комитетіне, Ұлт­тық кардиохирургиялық орта­лыққа, серіктестерімізбен осында келген шетелдік қонақтарға ай­рықша алғыс айтқым келеді», дейді трансплантация жасалған науқастардың қоғамдық бірлес­тігінің өкілі, аталған шараны ұйым­дастырушы Жәнібек Оспанов.

Трансплантологияның дамуы па­циенттер өмірін ұзартумен қа­тар, осы саладағы көптеген басы ашық проблемаларды да анық көр­сетті. Соның бірі – мәйіттік донор мәселесі. Бүгінде елімізде 300-ден аса адамға трансплантация жасалса, соның 20%-ы мәйіттік донор, ал қалғаны науқас адамның туған-туыстары екен. Ал бұл ішкі органдары толық емес адамдардың санын көбейтеді. Көзқарас өзгермей, мәселе осы қалпында өрби берсе, келешекте халқының едәуір бөлігі жарым-жарты органды ұлтқа айналу қаупі бар.

Ашылу салтанатында сөз алған Спорт және денешынықтыру істері комитетінің Олимпиадалық емес спорт түрлерінің басшысы Се­­рік­жан Омарханов: «Сіздерге Мә­де­ниет және спорт министрлігі аты­нан алғыс білдіремін. Қош кел­ді­ңіздер, зор денсаулық, мол табыс, отбасыларыңызға амандық ті­­леймін! Саламатты өмір салтын насихаттап жүргендеріңізге рах­мет!», десе, трансплантациядан ке­йінгі және диализде емделушілер арасындағы Еуропалық спорт фе­дерацияның президенті Юдит Бе­ренте: «Сіздер ауқымды жұ­мыс атқ­арып жатырсыздар. Транс­план­та­ция жасалған және диализден кейінгі адамдар үшін спортпен шұ­ғылдану өте маңызды. Менің осы шараға келіп сөз сөйлеуім Қазақстан медицинасының қарқынды дамып, алға қарай үлкен қадам жасағанын білдіреді. Жәнібек Оспанов мырзаны алғаш рет 8 жыл бұрын, Еуропалық ойындар уақытында кез­дестірдім. Оспанов ол кезде жалғыз болатын және спорттық ойын түрлерін ұйымдастыру туралы көптеген сұрақ қойған еді. Ал аз уақыт аралығында осындай үлкен жұмыс атқарылғаны ел меди­цинасының жетістігі. Соңғы рет Еуропада өткен олимпиа­дада Қазақстан құрамасы 8 алтынды же­ңіп алды. Алдағы уақытта Қазақ­стан құрамасы әлемдік дең­гейдегі жарыстарға қатысады деп ойлаймын. «Өмір тынысы» қоғам­дық бір­лестігіне ерекше алғыс айт­қым келеді», деді.

Ұлттық ойындарға қатысушы­лардың әрқайсысының тағдыры ойландырарлық. Шымкент қала­сынан келген қатысушы Меруерт Бекзатова 1 жыл 4 ай диализде жү­ріпті. Туған ағасының донор болуымен 2017 жылы опера­циядан өткен ол 2 айдан соң-ақ спортпен айналыса бастаған. «Күніне 4-5 ша­­қы­рым жүгіремін. Бұл жолы боу­лингтен сайысқа тү­семін. Осындай жағ­дайға түс­кен адамдарға айтар кеңесім, бі­рін­шіден, үміт үзбеу керек. Екін­шіден, жаныңа жақын жан­да­рың үшін күресе білуінің маңыздылығы. Үшін­шіден, Алла тағаланың берген өмірін лайықты сүруге тырысу қажеттігі. Мен өзім ауырғанға дейін мұндай дерттің түрі бар екенін де білмегенмін. Қазіргі уақытта Қа­зақстан бойынша 3500-ге жуық адам бүйрек жетіспеушілігі дертіне шал­дыққан. Оларға донорлардың көмегі ауадай қажет. Донор болудан қорқудың қажеті жоқ. Мысалы, менің сіңлім бір бүйрегі ғана болса да өмірге алты бала алып келді. Өзімнің бір ұлым бар, дәрігерлер екінші бала өмірге әкелуге рұқсат етіп отыр», дейді.

Ольга есімді ана­­ның да қуанышы бөлек «Менің үлкен ұлымның бүйрегі ауырды. Дәрігерлер бізге диализ жасау туралы ұсыныс жасады. Бірақ біз одан бас тартып, орган алмастыру қажет деген шешімге келдік. Мен ғана емес, туыстарымның да донор болғысы келді. Бірақ менікі ға­на сәйкес кел­гендіктен, ойланбас­тан тәуекел ет­тім. Балам да, өзім де тез қалыпқа келдік. Ұлыма жа­ным­ның бөлшегін бергенім үшін қуанамын», деді ол.

Үш күнге созылатын жарыс спорттың бес түрінен – суда жүзу, үс­тел теннисі, боулинг, дартс және волей­болдан өтеді. Қатысушылар бес жас ерекшеліктері бойынша – 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60-69 жас аралығында сынға түседі.