Қазақстан • 25 Маусым, 2019

Сырттан қаржы тарту қарқыны үдеді

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына 24,3 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Оның ішінде Нидерланд –7,3 млрд доллар, АҚШ – 5,3 млрд доллар, Швейцария – 2,5 млрд доллар, ал Ресей мен Қытай 1,5 млрд долларға тікелей инвестиция құйған.

Сырттан қаржы тарту қарқыны үдеді

Өткен жұмада Үкіметтің баспасөз алаңында өткен жиында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев осы бағытта атқарылған жұмыстармен таныстырды.

− Бүгінде Қазақстан тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі бойынша Орталық Азияда көш бас­тап отыр. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 320 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. 2018 жылы инвестицияның жалпы ағыны өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға өсіп, 24,3 млрд АҚШ долларын құ­ра­ды, – деді министрдің орынбасары.

Осы ретте ол инвестиция тарту жаңа жұмыс орындарын құрып, қазақстандық кадрлардың әлеуетін арттыратынын, инновациялық тех­но­логиялардың трансфертіне түрткі болатынын, мемлекет бюджетіне салық түсімдерін ұлғайтатынын баса айтты. Сонымен қатар инвестиция тартудың жаңа жүйесінің бұған де­йін қолданыста болған жүйеден айыр­машылығына кеңінен тоқталды.

− Біріншіден, біз шетелдегі мекемелермен өзара іс-қимылды күшейтіп, инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі ретінде аталған инфрақұрылымдарды пайдаланамыз. Яғни, біздің толықтай алғанда шетелде 93 миссиямыз бар. Олардың барлығы да жаңа инвестиция тартумен және экспорттық саясатты үйлестірумен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Біз шетелдік мекеме-орталық-өңір форматында үш деңгейлі жүйе құрдық. Бұл барлық деңгейдегі әрбір инвес­тормен және жобамен нақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай тетік өңірлердің жобалары үшін шетелдік мекемелерге әлеуетті инвестор іздеуге және керісінше тікелей тасымалдауға мүмкіндік береді, – деді Е.Көшербаев.

Белгілі болғандай, әлеуетті инвестор елдерді қамту географиясы кеңейеді. Бұл ретте Қазақстан эконо­ми­касының басым секторына инвести­ция тарту үшін 40-қа жуық инвестиция құюға дайын ел айқындалған. Бұл ретте алдыңғы қатар­лы елдерге, әсіресе АҚШ, Герма­ния және Жапо­нияға баса назар ауда­рылады. Үшін­шіден, инвестиция­лық шаралар ұйым­дастырылмақ. Мәселен, жыл ба­сынан бері 17 инвестициялық шара ұйым­­дас­тырылып, бірқатар ма­ңыз­ды стр­атегиялық құжатқа қол қо­йыл­ған. Бүгінде елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – инвесторларды ел экономикасының маңызды секторларына тарту.

− Ірі жобаларды іске асыруға елеулі қорлары бар басым салалар анықталды. Бұл – азық-түлік өнер­кәсібі, агрохимия, ауыл шаруа­­шылығы машинасын жасау, газ химия­сы, ақпараттық-коммуни­кация­лық технологиялар, тау-кен метал­лургия кешені. Қазіргі таңда «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесіп аталған салаларда жобаларды пысықтап жатыр, – деді Е.Көшербаев.