Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Қолқаны қапқан иістен құтыла ма?

378 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңадан құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысына Ақтөбеде қалыптасқан экологиялық ахуалдың шешімін табу жөнінде тапсырма берді.

Қолқаны қапқан иістен құтыла ма?

Бұл туралы Президент twitter-дегі парақшасында «Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту бойынша гидро­ло­гиялық жұмыстардың дұрыс ойлас­тырылмағанынан экологиялық қауіпті жағдай қалыптасып отыр. Мәселені шұғыл түрде шешу керек. Бұл жаңадан құрылған минист­рлік­тің басшысына алғашқы тапсыр­ма», деп жазған-ды. Бұдан бұрын Ақ­төбедегі жағымсыз иіс туралы ел Пре­зи­­дентінің аталған өңірге іс­сапары ке­зін­де де айтылған. Мем­лекет басшысы жағымсыз иіс, Елек, Жайық өзендерінің ластануы, кәріз суын тазалау нысандарын салу жұ­мысын Үкімет пен әкімдікке тап­сырған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында министр Мағзұм Мырзағалиев бастаған жұмыс тобы Ақтөбе су қоймасы мен Қарғалы, Елек өзендерінің жағдайымен таныс­ты. Сондай-ақ жергілікті жобалаушылармен, мамандармен жүзбе-жүз кездесіп, зейнеттегі эко­лог­тардың пікірін тыңдады. Ми­нистр­дің жұмыс сапарынан соң Ақтөбедегі өзен арнасын кеңей­ту жұмыстары тоқтатыл­ды. М.Мыр­зағалиев өз сөзінде құрамы­на қала бел­­сенділері мен сарапшылары, әкім­дік өкілдері енетін жұ­мыс тобы жағ­дайды жіті зерде­лей­тінін, әзірге мә­селенің шешімі табыл­ғанша кеңейту жұмыстары тоқтатылатынын жеткізді. Министр облыс әкімімен сөйлесіп, бұл жерде шамамен 65 мың тұрғын тұратынын, сондықтан кез келген қауіптің алдын алу маңызды екенін, ал арнаны кеңейту жұмыстары қандай бағытта жалғасатыны қарастырылып жат­қанын атап өтті.

Әлбетте, Ақтөбедегі экология­лық ахуалға тоқталғанда, Алға қала­сын­дағы химия зауытының қалдығы, кәріз суы қондырғысынан шыққан жағым­сыз иіс, өзен су­лары­ның тартылуы және Көкжиде су қоры мәселелері алдымыздан шы­ғады. Әрине, химиялық зауы­т­тың қалдығын залалсыздандыру жұмысы бірнеше жыл бойы көте­ріліп келеді. Мүлікті түгендеу ке­зін­де 17 нысанның иесі бар екені анықталды. Олардың кейбірі мүлікті жалға алып отыр. Жекенің қолында барлығы 7 жер телімі тіркелген. Ескі өндірістік қалдық жинақтағышында 15 миллион тонна, жаңасында 11 миллион тонна қалдық бар. Ал Алға химиялық зауытында 730 мың тоннадан астам өндірістік, химиялық қал­дық қордаланған. Зауыт орнын за­лал­сыздандыруға 7 миллиард тең­ге қажет. Осы туралы әзірленген жоба­лық-сметалық құжат Энергетика ми­нистр­лігінде қаралды. Химиялық зауыт­тың орнына Алға индустриялық ай­ма­ғы салынады деп те жоспарланды. Алайда арада жылдар өткенімен, химия­лық зауыттың мәселесі сол күйі қалып отыр.

Былтыр ақтөбелік еріктілердің ша­ғымы күшейіп, арнайы топ жер­гілікті әкімдікпен жұмыс істеді. Бұл ретте экологтар ауа ластануының себеп­терін нақты атап отыр. «Біріншіден, кәріз суы. Тіпті ыдыс жууға арналған сұ­йық­тықтар да аса зиянды, иіс шығару­ды  күшейтеді. Екіншіден, спирт зауы­тынан қалған қалдықтар. Өткен жылдан бері «Экополис» компани­ясымен жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде 30 па­­йызы залалсыздандырылды», дейді об­лыстық экология департаменті бас­шы­сының орынбасары Ерболат Қожықов.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы тұрғындарының қолқасын қапқан иісті толық жою үшін кәріз құбырын тазалау құрылғысын қайта жөндеуге 16 миллиард теңге қажет. «Күнделікті мониторинг жүргізіледі. Таяуда рұқсат етілген шекті концентрация 12-ге жетті. Мұндай иіс таңда немесе түнде болады. Кейде нормадан аспайды. Негізі 12-ге жетсе, адамдарға зия­ны бар, тыныс алу нашарлайды», деді Е.Қожықов. Үшіншіден, аталған экологиялық мәселелер қатарына өзен арнасын кеңейту кезінде судың тартылуы қосылды. Бау-бақша сусыз қалып, еріктілер өз күштерімен демалыс күндері бұлақ көздерін ашумен шұғылдана бастады.

«2018-2019 жылдары су қойма­сына аз су жиналды. Ал су тасқыны болған 2017 жылы қоймада 168 миллион текше метр су болып, тағы 68 миллион текше метр жиналды. Су қоймасы толып қалған соң 266 миллион текше метр су жіберілді. Мұнда барлығы бес шлюз бар. Оның біреуін ашып, күніне 200-600 текше метрін жіберіп отырдық. Ақтөбе қаласына келетін судың 69 пайызы бақылауда, яғни, су қоймаларымен басқарылады. Қалған жеті кішкентай өзен көктем кезінде қадағалаусыз қалып, тасқынға себеп болып тұр», дейді «Қарсушар» РМК облыстық филиалының директоры Әділжан Ализақ.

Ал зейнеткер геолог Петр Котик өзендердің арнасын тазарту жобасын көре алмай отырғанын, бұлақ көздерінің жабылуы жергілікті тұрғындардың сусыз қалуына апаратынын айтады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Қарғалы, Жаман Қарғалы, Сазды, Бұтақ, Елек, Тамды, Песчанка өзендерінің арнасын төрт компания кеңейтіп жатыр. Бәрінің де бұл салада тәжірибесі бар. Республикалық бюджеттен 6,7 миллиард теңге бөлінген. Қазір тазарту әрі қарай жалғаса ма деген мәселе бар. Егер жалғасса, талдарды кесу де жалғасады. Ағаш кесу және бұлақ көздерін жапты деген ой наразылық тудырып жатыр.

Осы орайда өзен жағасында тұратын тұрғындар өзеннің тасымайтынына қуанса, табиғат жанашырлары жағалаудағы талдарды сақтап қалуды қолдайды. Қазіргі кезде техникалық негіздеме бойынша өзеннің ені 15 метрден 50 метрге дейін кеңейтілуде.

Кеңейту жобасының авторы Еркін Тәжіғалиевтің айтуынша, өзен арнасын тазарту технологиясы дұрыс. Алайда оған тұрғындар күмәнмен қарап отыр. «Кеше құрғақ болды, бүгін су жіберіп, өзен ағып жатыр. Біз жобаға қарсы емеспіз, бірақ технологиясын дұрыс сақтамай отыр. Саз бар, жағаны бекіткен құмы талапқа сай келмейді», дейді Ольга Евтушенко. Министрмен кездесуде эколог Александр Мандрыкин Көкжиде су кен орнын сақтап қалуды да сұрады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлығын бақылап отыр. Сон­дықтан арнайы комиссия құрылып, Ақтөбеге келді. Мұнда жоспарланған және жоспарланбаған, табиғат жанашырлары айтқан нысандар қаралды», деді министр М.Мырзағалиев. Ал­дағы екі аптада жұмыс тобы мүше­лері Ақтөбе экологиясын және 8 өзеннің жағасын бекіту мен кеңейту жұмыстарын қарамақ.

 

АҚТӨБЕ