Қоғам • 25 Маусым, 2019

Сабыр түбі – сары алтын

459 реткөрсетілді

Халқымыздың басына тағы бір сынақ түсті. Ауыр сынақ. Арыстағы оқ-дәрілер сақталатын қоймада жарылыс болып, ол өртке ұласты. Отқа қызған оқ-дәрілердің тарс-тұрс етіп атылып жатқанын да әлеуметтік желілерге салынған түсірілімдерден бәріміз білдік. Қауіпті жерден қашқан халықты да көрдік.

Осындайда сабыр керек. Сабырды Алланың бір аты деп жатады, демек, ол да адамның бойындағы асыл қасиеттің бірі. Алыпқашпа үрей мен айғай-сүреңді дүрбелеңге салынбай, сабырды жүрекке түйіп, қауіпсіз жерлерге жылжыған дұрыс. Ешкім де ешкімге қасақана қастандық жасаған жоқ, ал пәле-жала айтып келмейді, аяқ астынан болады. Оған кінәлілер әлі анықталып, тиісті жазасын алатыны күмәнсіз.

Алайда, мұндайда кейбіреулер дүр­белеңге дем беріп, халықтың басына түскен қиындықтың өзінен ұпай жинап, «атың шықпаса жер өртенің» қимылын жасап қалуға тырысады. Ондайлар түрлі өсек-аяң таратып, басына онсыз да күн туған халықты абыржытып, түрлі қауіпті болжалдап, айғай-шу тудырып, әлекке салады. Мұндайды халық «жынның ісі» деп бағалайды. Халықты адамгершілік жолдан адастырып, айғай мен ойбайға шақырып, біреулерге кектенуді, кімнің ісі екенін анық білмесе де жалғанды жаппай жазғыруды тудыру – осындай әрекеттердің салдары. Тіпті «машинасына мінгізбей кетті, алмай кетті, не сұмдық, не деген қайырымсыздық, не деген қатыгездік» деген сияқты байбаламдарды да жаны ашығансып үдететін, ойбайды ұштай түсетіндер жетіп-артылады. Әркімнің өз жағдайы бар-ау дегенді ондайлар әсте ойламайды. Адам алдымен өз баласын, өз отбасын құтқаруға асыққанын сезсе де ондайлар тырнақ астынан кір іздеп, әйтеуір біреуді жазғырып, халықтың ашу-ызасын тудыратын жол іздейді. Отқа май құятындар да табылып, кейде онсыз да ауыр жағдайды ушықтырып жібереді.

Бірақ... Иншалла, біздің халқымыздың көбінің бойында ата-бабамыздан, асыл дінімізден қанымызға сіңірген ардақты қасиетіміз – сабыр бар. Сабыр сақтасақ, бәрінің де арты қайыр болады. Ең бастысы, адам шығыны болмасын. «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген даналықты халқымыз ғасырлар бойы бойына сақтап келеді...

Мұндай асыл қасиет бізден басқа да кейбір Азия халықтарының бойында бар екен. Мысалы, жоғары дамыған ұлттардың бірі – жапон халқы да сондай көрінеді. 2011 жылы Жапонияда теңіз бойындағы 200 шақырым жерді шарпыған тоғыз балдық сұрапыл жер сілкінісі болғаны есімізде. Соның кесірінен 20 мыңнан астам адам қаза болып, 300 мыңнан астам адам бас­панасыз қалды. Цунамидің кесірінен АЭС жарылып, халыққа орасан зор залал келтірілді. Соның бәрін теледидардан көрдік. Алайда бірде-бір адамның айғай-ұйғай салғанын, жылау мен жоқтауға жол бергенін байқамадық. Алланың басқа салғанын бәрі де сабырмен тосып алды. Тіпті, АЭС-ті жөндеу жұмыстарына да үй-іші, отбасымен мәңгіге қоштасып, құтқару жұмыстарына қаптап жазылған еріктілерді де көрсетті... Міне, нағыз үлгі алатын жағдай.

Ал Арыстағы оқыс оқиғаға оралатын болсақ, орталық билік те, жергілікті билік те қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Президент Қ.Тоқаев жарылыстың зардаптарын жою туралы бірден тапсырма берді. Кейде билік мұндайды көзге ілмей, халықты дүрбелеңге салдырма­йын деген пиғылмен назар аудартпауға тырысатын әрекеттер де болатын. Жоқ, олай емес, Президентіміз бірден нақты тапсырма берді. Болған жағдайды өз көзімен көру үшін Түркістанға баратыны да белгілі болды. Қорғаныс министрі ұшып барып, оқиға орнында жүр. Түркістан облысының әкімі бірден оқиғаның бел ортасына кіріп кетті. Ол халықтың жағдайымен танысып, инфрақұрылымдық нысандарды тексеруде. Әзірге, Қорғаныс министрлігі Алматыдан 500 әскери қызметшіні жіберіп, өрт сөндіруге және оның зардабын жоюға жұмылдырған. Осындай әрекеттер күннен-күнге көбейе түсері анық.

Ең бастысы, халықтың тыныштығы бұзылмасын, орынсыз дүрбелең тумасын деп тілейік. Сонда бәрі де ептеп қалпына келетін болды.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Оңды қыз Ольга

Аймақтар • Кеше

Ақшағылдың Ерболы

Аймақтар • Кеше

Қолбасшы

Саясат • Кеше

Сабақтастықтың жүз күні

Президент • Кеше

Ұқсас жаңалықтар