Полиция қызметі жариялы болуы керек
Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:23
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз. Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді.
Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:23
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз. Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл – мемлекетті нығайтудың маңызды қадамы» деп атап көрсеткені белгілі. Елбасы тапсырмасымен құқық қорғау құрылымдары жұмысының арқауы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді.
Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаевпен өзі басқарған саладағы атқарылған һәм атқарылар жұмыстар төңірегінде әңгімелескен едік.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында 2013 жылдан бастап ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керектігі туралы міндет жүктеді, – деп бастады әңгімесін генерал Жаманбаев. – Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден, жарқын жүзді адамдардан басталады, деген болатын Елбасы осы Жолдауында. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында «Қауіпсіз аула» бағдарламасын енгіздік. Осы бағдарлама нәтижесінде жалға берілетін барлық пәтерлер және оларда тұратын адамдар туралы толық мәлімет жинадық. Подъездердің тазалығы, балалар алаңдарының бақылауға алынуы, ауланы көгалдандыру жұмыстары сияқты шаруалар өз нәтижесін берді. Кейін сарапқа салып көрсек, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы кезінде бірде бір қылмыс немесе заң бұзушылық орын алмапты.
– Мейірхан Сағынбекұлы, жасыратыны жоқ, қоғамымызда полиция қызметкеріне деген сенімсіздік көзқарас қалыптасқан. Жұрттың пікірі түгелдей солай демегенмен, көпшілігінің қызыл жағалыларға сене бермейтіні рас. Осыған байланысты сіз не айтар едіңіз?
– Қоғамда қалыптасқан мұндай пікірдің барын мен де білемін. Бірақ мәселенің екінші жағына келейік; кез келген адам, кез келген азамат басына іс түссе, өміріне қауіп төнсе, ең алдымен, кімге жүгінеді? Полицияға. Кімнен жәрдем сұрайды? Полициядан. Елбасы өз Жолдауында: «Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді», деген болатын. Ұсақ құқық бұзушылық болсын, бұзақылық болсын, тіпті мәдениетсіздік болсын, бәрімен күресуіміз керек. Бұл күрес полицияға жүктеліп отыр.
Менің есімде, ертеректе көшеде жатқан маскүнемді айықтырғышқа апаратынбыз. Себебі, есін арақ алған адам қылмыс жасауы мүмкін немесе басқа біреу оны тонап, әлде өлтіріп кетуі мүмкін. Полицияның міндеті сол адамды сондай кездейсоқ жағдайдан құтқару болатын. Сол міндетіңді атқарып жүріп, әлгі маскүнемнен сөз естисің. Тұла бойың түршігетіндей сөз естисің. Бірақ шыдайсың. Себебі, өз міндетіңді атқарып жүрсің.
Немесе мынадай бір жағдай; ерлі-зайыпты екеуі жанжалдасып қалады. Әйелі полиция шақырады. Әлгі әйелдің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр. Лексиконда жоқ сөздер. Қарғыстың неше түрі. Бұл сөздер полиция қызметкеріне арналмағанымен, оның жүйкесіне әсер етпейді деп ойлайсың ба?
Полиция қызметіне деген қоғамдағы әлгі бір пікірдің қалыптасуының тағы бір себебі – біздің қызметіміздегі жариялылықтың кемшіндігі. Полиция қызметі жариялы болуы керек. Қоғамнан ештеңені жасыруға болмайды. Жасырдың екен, онда түрлі алыпқашпа әңгімелердің астында қаласың. Күмән де, күдік те болады.
Жақында облысқа жаңадан тағайындалған әкім Алик Серікұлымен ел аралауға бірге шықтым. Жұртшылықпен кездестік. Ашық пікіралысулар болды. Сонда қай жерде болсын осындай кездесулерде жасы үлкен ақсақалдар: «Бұрын-соңды генерал тұрмақ жай полиция қызметкерімен мұндай кездесу болмаған еді, сізге рахмет», деп алғыстарын да айтты.
– Сіз облыстық ішкі істер департаментінің алқа мәжілісінде оқыстау бір мәлімдеме жасадыңыз. Кейбір полиция қызметкерлерінің басқа облыстарға қызмет ауыстырғысы келетінін, бірақ ешкімді ешқайда жібермейтініңізді кесіп айттыңыз. Бұл олардың құқығын шектеу емес пе?
– Ешкімнің құқығын шектеу ойымда жоқ. Бірақ мына мәселеге көңіл аударып көрейік. Кейбір облыстарда полицияға қызметке тұру оңай емес. Ал бізде оңай. Сондықтан сол жақтың жігіттері өз облысында қызметке тұра алмағандықтан бізге келіп, жұмысқа орналасып, оң-солын түгендеп болғаннан кейін дайын полиция қызметкері ретінде ауылына тартып отырғысы келеді. Сонда мен не, басқа өңірге кадр дайындап берушімін бе? Ол алғаш қызметке келгенде келісім-шарт жасайды. Белгілі бір мерзімге дейін жұмыс істейтінін міндетіне алады. Жұмысқа тұрып алғаннан кейін, басқа әуенге басады. Ал мен болсам кадр жағынан тапшылыққа ұшыраймын. Сонда әділеттік кім жағында?
Рас, бізде қызметкерлер үшін тұрғын үй мәселесі шешімін күтіп тұрған проблеманың бірі. Дегенмен, бұл мәселе де рет-ретімен шешімін тауып жатыр. Мәселен, Ақтау қаласында ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған 120 пәтерлік тұрғын үй салынды. Жаңаөзен қаласында ішкі істер қызметкерлеріне арнап 100 және 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға тапсырыс берілді. Егер осы мәселелер шешілсе, кадрдың тұрақтауына әсері болады ғой деп ойлаймын.
– Уақытында Ішкі істер министрлігіне азаматтық тұлға, яғни полицияға қатысы жоқ адам басшылық жасады. Осы орайда, кәсіби полиция қызметкері ретінде өз пікіріңізді білсек деп едік…
– Зауытбек Тұрысбековті айтып отырсың ғой. Оның министрлікке басшылық жасаған тұсында учаскелік полицейлердің жалақысын көтеріп, жағдайын жақсартты. Сондай-ақ, жедел басқару орталықтарына баса көңіл аударылды. Бұған дейін бұл мәселелерді ешбір министр шеше алмаған болатын. Ол шешті. Бұл оның үлкен еңбегі деп бағалауға болады. Дегенмен, азаматтық тұлғаның аты азаматтық тұлға. Ол полиция қызметінің ішкі иірімдерін біле бермеуі мүмкін. Ал кәсіби полиция қызметкерінен болған министрдің жөні бөлек. Ол бұл саланың қыры мен сырын, бүгесі мен шігесін жақсы біледі.
Әңгімелескен
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».