Ымырасыз күрес
Жұма, 1 наурыз 2013 8:05
Кеше елордада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен «Ұлттың жаңа саяси бағыты: мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеті» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның жұмысына Парламент депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, еліміздегі бірқатар саяси партиялардың жетекшілері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
Жұма, 1 наурыз 2013 8:05
Кеше елордада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен «Ұлттың жаңа саяси бағыты: мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеті» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның жұмысына Парламент депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, еліміздегі бірқатар саяси партиялардың жетекшілері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
Конференцияда негізінен «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл құжат жобасы «Нұр Отан» партиясының фракциясы депутаттарының бастамасымен және Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаппай құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік қоғамын құру тапсырмасы бойынша әзірленген.
Жиынды ашып, оған төрағалық еткен «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек алдымен Мемлекет басшысының конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтауын оқып берді.
Бұдан кейін ол аталған заң жобасының маңызына тоқталды. «Президент атап өткендей, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен дайындалған бұл заң жобасы Жаппай құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік қоғамын құруға ықпал етеді, – деді Бауыржан Байбек. – Сонымен бірге, құжат мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде превентивті шараларды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар мен сараптаулар, жемқорлық тәуекелі мен мониторингті енгізу есебінен сыбайлас жемқорлықтың жүйелі түрде алдын алуға негіз қалайды».
Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров сыбайлас жемқорлықпен күрес бүкіл әлем елдерінде өзекті мәселеге айналып отырғанын сөз ете келіп, онымен күрес жүргізуде елімізде жүзеге асырылып жатқан кешенді іс-шараларға назар аударды. Қайрат Қожамжаровтың атап өтуінше, сыбайлас жемқорлықпен күрес Қазақстан саясатындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Өткен үш айдың ішінде аса маңызды бірқатар қоғамдық-саяси жағдайлар болды. Олардың барлығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Бұлар Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Үкіметте әкімдердің қатысуымен өткен кеңес және құқық қорғау органдарының жетекшілерімен болған кеңес, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы. – Осы жиындарда Елбасымыз сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға қатысты нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр».
ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы Орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер біздің еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күресу барысына тоқталды. Дипломаттың сөзіне қарағанда, Қазақстанда жемқорлық сипатындағы қылмыс түрлерімен ойдағыдай күрес жүргізіліп келеді. Сыбайлас жемқорлық кез келген мемлекеттің экономикасына, шағын және орта бизнеске, өзге де салаларға, жалпы, қоғамға шығын келтіреді. Оның үстінде ол елдердің шетел инвестицияларын тартуына да кері әсер етіп, олардың сенімін төмендетеді. «Бүгінгі сіздер өткізіп отырған конференцияның маңызы ерекше, – деді ол. – Бұл өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген мәселелерді жүзеге асыруға үлес қосатын болады».
Конференцияда елімізде жемқорлықтың алдын алу және ескертуге бағытталған «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттері жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы да талқыланды. Бұл жөнінде «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімов баяндама жасады.
Баяндамада атап өтілгендей, ел Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өзінің қызметін жетілдіріп келеді. Кеңес құрылғалы бері тұрғындардың оған деген сенімі арта түсті. «Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық қана емес, ұлттық қауіпсіздігімізге де қауіпті екендігі атап көрсетілген, – деді Қоғамдық кеңес төрағасы. – Алдымызға жемқорлықпен аянбай күресу туралы стратегиялық міндет қойылып отыр. Осыған байланысты біздер жемқорлықпен күресудің жаңа басымдықтарын, жаңа тиімді механизмдерін нақтылауымыз қажет».
Бұдан кейін баяндамашы қатысушыларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған бағдарлама жобасымен таныстырды. Құжаттың басты мақсаты мен міндеті – «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және тұрғындармен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне қарсы іс-әрекет ету. Сенатор бағдарлама жобасындағы негізгі бағыттарды да атап өтті. Олар – сыбайлас жемқорлықпен күресті заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, экономика және мемлекеттік басқару салаларына бақылауды күшейту, тағы басқалар. «Қазақстан 2020 жылға қарай сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен алғашқы 60 мемлекеттің қатарына кіруі тиіс», – деді Оралбай Әбдікәрімов.
Жиында сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының тұсаукесері де болды. Онымен Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров таныстырды. Депутаттың атап өткеніндей, бұл құжат жобасының мәтінін дайындаумен Сенат депутаты Оралбай Әбдікәрімов, Мәжіліс депутаттары Светлана Бычкова, Рамазан Сәрпеков, Айгүл Соловьева айналысқан. Оның алғашқы нұсқасы еліміздің барлық өңірлерінде таныстырылған. Талқылауға сарапшылармен қатар, тұрғындар да қатысқан екен. «Осы жылдың 8 ақпанындағы «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің кеңейтілген отырысында құжат жобасының мәтінін сараптық талқылау өтті, – деді таныстырылымдағы сөзінде Нұрлан Әбдіров. – Талқылауға Парламент депутаттары, ғалымдар мен мүдделі мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты. Болашақта біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа құқықтық архитектураны құратын боламыз».
Депутат сондай-ақ осы заң жобасы қабылданған жағдайда, онымен тығыз байланысты «Ақпараттарға қолжетімділік туралы» және «Қоғамдық бақылау туралы» заңдарды қабылдауға тура келетінінен хабардар етті. Қазіргі кезде аталған құжаттар бойынша «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары жұмыс істеп жатыр екен. «Осы жылдың сәуірінде халықаралық сарапшылар мен қазақстандық тәжірибелі мамандардың қатысуымен заң жобасының толықтырылған мәтініне қатысты кезекті талқылау өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол сөзінің соңында.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов сөзін «Бүкіл әлемде мемлекеттік қызметкерлердің қатарын тазалау жөніндегі күрес сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың алдыңғы шебі саналатынын ескеру қажет, – деп бастады. – Осыған байланысты үстіміздегі жылдың 26 наурызында тәртіптік және этикалық бақылауды, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды күшейтуді, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласында негізсіз «командалық ауысулар» тәжірибесін көздейтін «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қолданысқа енетінін атап өткім келеді. Өздеріңіз білетіндей, қазір мемлекеттік қызметтің түйінді мәселелерінің бірі – ол мемлекеттік органның бірінші басшысы ауысқан кезде орын алатын «командалық ауысулар».
Агенттік басшысының айтуынша, жаңа заң ауыстыру тәртібімен конкурстан тыс тағайындаулар үшін мүмкіндіктерді қысқартады. Қалған барлық тағайындаулар тек конкурстық негізінде жүргізілетін болады. Шешен сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру шараларын күшейту мақсатында мемлекеттік қызметшіге өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық жағдайларын немесе оны жемқорлық жасауға үгіттеу туралы өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығына хабарлау міндеті енгізілетінінен де хабардар етті.
Мемлекеттік орган басшылығы мұндай мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарына, заңды мүдделеріне және одан кейінгі қызметіне теріс ықпалын тигізетін қуғындаудан қорғау жөнінде шара қабылдауға міндетті болады, – деді Әлихан Байменов әрі қарай. – Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспарының мемлекеттік қызмет сапасына қатысты негізгі ұсыныстарының басым көпшілігі ескерілген. Олар Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді».
Жиын қорытындысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту жұмыстарын кеңейту, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заңды қабылдау, Жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны дайындау бойынша мемлекеттік органдарға арналған ұсыныстар қабылданды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».