«Арыстағы қайғылы оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады. Барлық алматылықтардың атынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамын, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Түркістандық әріптестерден сағат сайын хабар алып отырмыз. Жуық уақытта цемент, есік-терезе сынды қажетті құрылыс материалдары тиелген алғашқы жүк көліктері Арысқа аттанады», - делінген әкімнің жазбасында.
Алматы қаласы әкімдігі қызметкерлері, қаладағы бірқатар кәсіпорындар мен жекелеген ұжымдар бір күндік жалақысын аударды. «Мен Алматылықпын» еріктілер қозғалысының белсенділері киім-кешек пен азық-түлік, басқа да керек-жарақтармен көмек көрсетуде белсенділік танытуда. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының бастамасымен зардап шеккендерге қайырымдылық акциясы басталды. Шаһар кәсіпкерлері де өз бірліктерін көрсетіп, күш жұмылдырды.