Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Фариза Оңғарсыноваға арналған республикалық мүшәйра мәреге жетті

1389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың туғанына биыл 80 жыл. Поэзия падишасының тойы туған жері Атырауда басталды. Ақын құрметіне «Жыр - менің жалғыз тарланым» атты республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылып, жүлдегерлер марапатталды.

Фариза Оңғарсыноваға арналған республикалық мүшәйра мәреге жетті

Махамбет сыйлығының иегері,  белгілі ақын Светқали Нұржан бастаған қазылар алқасы мүшәйраға түскен 100-ге жуық өлеңге баға берді. Жыр додасының қорытындысында жүлделі үшінші орынды Тоқтарәлі Таңжарық,  Динара Мәлік,  Жанерке Ғинаят иеленді.  Екінші орынның тұғырынан Батырхан Сәрсенхан, Асыланбек Шығыров көрінді. Бірінші жүлдені Қалқаман Сарин еншіледі.  Фариза Оңғарсынованың отбасы атынан ұлы Алмас Оңғарсынов пен немересі Алан Айварұлы жас ақын Арайлым Жақсылыққа арнайы жүлде тапсырды.

Мүшәйраның бас жүлдегері - Мирас Асанға марапатты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тапсырды.

- Бүгінгі өлеңнің тойы – ақын тойы Атырау еліндегі шымылдығын ашқалы отыр. Қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген жақсы сөз бар. Жазба поэзия өкілдерінің қатысуымен өткен бұл байқау шын мәнісіндегі талантты жастардың келешегіне қанат бітіреді деген ойдамыз. Аса күрделі, жұмбақ, асқақ ақынның өлеңдегі бейнесін жасауға талпыныс білдірген 100 – ге тарта үміткердің арасынан озық шыққандар бүгін Фариза Оңғарсынқызы туған жерге келіп отыр. Фариза апамыз жүздеген жас талантты қанатының астына алған қамқор ұстаз болды. Ол тұсауын кескен көптеген жастар бүгінде қазақ әдебиетінің белгілі өкілдеріне айналып үлгерді - деп атап өтті аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалы, «Руханият» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған республикалық мүшәйра Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын дәріптеуді, жас таланттарға қолдау көрсетіп, жаңа есімдерді шығаруды мақсат етті.

Мүшәйраның бас жүлдесін иеленген белгілі ақын, «Егемен Қазақстанның» бөлім меңгерушісі Мирас Асанды әріптестері атынан құттықтап, биік белестерді бағындыра беруін тілейміз.

Соңғы жаңалықтар