Жапония, Аустрия Түркия, Қытай су асты мұралары археологиясы жағынан көш басында тұрса, Ресейде бұл мәселе енді қолға алына бастапты. Осы жиында сөз сөйлеген Париждегі Сарбонна-1 пантеонының өкілі Артуро Рэй Сильва мырза ЮНЕСКО-ның Каспий аймағындағы елдердің су асты мәдени мұраларын зерттеуге техникалық жағынан көмек көрсететін конвенциясы бар екенін, оған Қазақстанның да қол қойғанын еске түсіріп өтті. Осы бағдарлама шеңберінде зерттеу жұмыстарын жүргізген елдер бұл саланы туризм көзіне айналдырып үлгіргенін жиынға қатысқан спикерлердің сөзінен білдік.
ЮНЕСКО Су асты мәдени мұраларын қорғау конвенциясының маманы Чихиро Нишикава Каспий аймағында орналасқан елдерге тиесілі су асты мұралары әлемде құпиясын ашпаған таңғажайыптар қоймасы екенін тілге тиек етті. Қолда бар деректер бойынша мұнда 80-нен астам кеме және соған ұқсайтын құрылғылар су түбіне шөгіп жатыр екен. «Каспий теңізін, оның жағалауын археология жағынан зерделеу дамымаған. Қолдағы деректер су асты мәдени мұралары туралы толыққанды ақпарат беруге мүмкіндік бермейді», –деп атап өтті Чихиро Нишикава.
Су асты мәдени мұралары дегенде біздің көз алдымызға қазақтың тоғыз ханының ақырет мекені болған ортағасырлық Сарайшық қаласы еске түседі. Тарихи деректер ежелгі қаланың 40 пайызы Жайықтың астында қалғанын тілге тиек етеді.
«Сарайшықтың су астында қалған бөлігіндегі мәдени мұралардың құндылықтарын қалай зерделеп жүрміз, оларды зерттейтін су асты археологтары бізде бар ма?» деген сауалды біз осы жиынға қатысып көкейкесті мәселе көтерген, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар мырзаға қойдық.
Музейдегі ең басты жаңалық ежелгі қала туралы әлемнің төрт тарабына шашылып кеткен деректерді жинастыру қолға алыныпты. Қазір ол деректер бойынша Сарайшық, сол арқылы қазақ тарихының әлемдік өркениетке ықпалын зерттеу қолға алынды.
– 2017 жылы Атырау облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі Ресей мұрағаттарынан Сарайшықтың 1861 жылы орыс топографы П.В.Алексеевтің өз қолымен сызған картасын тапты. Бұл карта Сарайшықтың қай ғасырдағы келбетін бейнелейді?
– Картаның бүгінге дейін бар екендігі айтылып келгенімен, ешкімнің қолына түспеген болатын. Сол картаға қарайтын болсақ, қаланың басым бөлігі сақталғандай. Мұның өзі ғылым үшін жаңалық. Ендігі мақсат – осы төңіректе зерттеу жүргізген, дерек іздеп, архивтерді сүзген ғалымдарды тоғыстырып, зерттеулерді жалғастыру. Біз бұрын Сарайшыққа қатысты тек Ресей құжаттарымен жұмыс істеп келдік. Енді Қытай, Түркия, Иранның мұрағаттарына көз сала бастадық. Ираннан, Түркиядағы орта ғасырдағы челебилердің, мемлекеттік қызметшілердің жазбаларынан Сарайшық туралы деректер белгілі болып отыр. Олардың көшірмесін елге алдыру жайлы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне жоба-ұсынысымызды енгіздік. Бұдан өзге қаржылай қолдау болса Жошы ұлысы – Алтын Ордаға қатысты 2019 жылы халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Жошы ұлысы Алтайдан бастап Дунайға дейінгі жерді өзіне қаратты. Демек, бұл фактор Сарайшықтың географиялық аумағы бізге белгілі көлеммен шектеліп қалмағандығын айтып тұр..
– Жошы ұлысының үш астанасы болды: Сарай Бату – Астраханьда, Сарай-Берке – Волгоградта, Сарайшық – Қазақстанда. Тарихи деректерге көз жүгіртер болсақ, Әбілғазы баһадүр өз еңбегінде Сарайшық қалашығын Шыңғыс ханның Жошыдан тарайтын немересі Батый хан салды дейді. Ол 1227-1255 жылдары Жошы ұлысы – Алтын Орданы биледі. Әбілғазы баһадүр бұл еңбегін ХVІІ ғасырдың ортасында жазған. Мұнда Алтын орданың хандары мен Қазақ хандығының аталары жатыр. Біз бұл туралы Шынияз ақынның «Сарайшықта бар дейді, жеті ханның моласы» деген жыр жолдарынан білеміз.
– Ноғайлы дәуірін зерттеген екі ғалымды білемін, оның бірі – қазақстандық Амантай Исин, екіншісі – ресейлік В.В. Трепавлов...
– Екеуі де Мәскеудің көне архивімен жұмыс жасаған ғалымдар. Олар Сарайшықтың Қазақ хандығының астанасы болғанын дәлелдеді. В.В.Трепавловтың еңбегінде 1471 жылы Бұрындық хан Сарайшықты бағындырып, Қазақ хандығының астанасы етті деген дерек бар. Ал Қасым хан Сарайшықтың аумағын кеңейтті, осы жерде қазақ халқының санын бір миллионға, әскерін 100 000-ға жеткізді. Сарайшықты қазір Қазақ хандығының пантеоны деп жүрміз ғой. Бұл қазақ хандарының аталары жатқан пантеон. Яғни Тәуекел ханның, Есім ханның, Жәңгір ханның, Тәуке ханның, Әбілқайыр ханның, Әбілмәмбет ханның, Абылай ханның, Кенесары ханның, Жәңгір ханның аталарының пантеоны Сарайшық. Мұнда тікелей Жошы ханның ұрпақтары, Қазақ хандығының аталары жатыр.
Сарайшық қазақ хандығының астанасы болды дедіңіз бе? Расында бүгінге дейін астанамыз болған қала жетерлік. Ал Сарайшықтың Қазақ хандығының алғашқы астаналарының қатарында болғандығын архив деректері дәлелдеп отыр. Тарихи деректердегі «1511 жылы Қасым хан Сарайшықты Қазақ хандығының астанасы деп жариялағандығын» білеміз. Яғни ресми түрде жарияланған. Бүгінгі біз ежелгі Қазақ хандығының орнында оны жеке мемлекет ретінде сақтап қалған мұрагерміз. 1999 жылы Сарайшық қаласының тарихына арналған «Хан ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды. Мұнда, әсіресе «Хандар пантеоны» ерекше көз тартады. Биіктігі 17 метр етіп салынған 8 қабырғалы пантеонның осы қабырғаларына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап құлпытастар қойылған. Олар неге осы жерге жерленген? Өйткені бұл – астана! Саяси да, экономикалық та, тарихи да, рухани да, әулиелік те тұрғыдан алғандағы Қазақ елінің ежелгі астаналарының бірегейі.
Мұнда жерленген жетінші хан, ол – Қасым хан. Әнес Сарай бұл жерде Қасым ханның баласы Мамаш хан өлтірілген екен деп айтты. Бұл сегізінші хан. Сондықтан бұл деректер нақтыланып, дәлелдену үшін зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілуі керек. Біздің Қасым ханға ескерткіш орнату туралы ұсынысымызды Атырау облысының әкімдігі, зиялылары қолдады. Енді қай жерде орнатылатыны туралы мәселе талқыланып жатыр.
– Әлемнің ірі қалаларында, мысалы Қытайда су асты музейлері бар. Олар бір кездері өркениет шыңына көтеріліп, кейін су астында қалған қалалардың тарихын бүгінгі технология тілімен қалыпқа келтірген. Сіз жиында екі мәселе көтердіңіз. Бірі маман кадрлар даярлау, екіншісі материалдық-техникалық базаны жақсарту. Оның су асты археологиясына қандай қатысы бар?
– Бірер жылдан бері Сарайшық еңсесін түзей бастады. Бірақ назар аударатын фактор – Жайық ағысы қатты өзен. Су түбіне шөгіп қалған су асты мұраларын ағыспен бізге қарасты аймақтан әлдеқашан алыстатып, бізден шалғай жатқан теңіздерге әкетуі әбден мүмкін. Бізде су асты мәдени мұраларын зерттейтін мамандар жоқ. Оларды оқытып даярлау аса маңызды. Міне, сондықтан осы жиында Ресей, Түркия мамандарымен кездесіп пікір алмастық. Түркиялықтар Қазақстан жағы шәкірттердің шәкіртақысы мен жолақысын көтерсе, мамандар дайындап беруге дайын отыр. Түркия, өзіңіз білесіз, су түбінде шөгіп жатқан қара тасты да сөйлетіп, туризмнің тартылыс нүктесіне айналдырып отыр. Ал біз 30 пайызы су астында қалған Сарайшықтың мұраларын жан-жаққа шашыратып алдық. Балқаш пен Аралдың түбінде не шөгіп жатқанын білмейміз. Тіпті Алматының іргесіндегі Қапшағай су қоймасы ежелгі қаланың орнына салынған. Қазаққа су асты археологиясы маманын дайындауды кешіктіруге болмайды.
Әңгімелескен Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ