Жалпы, қаржы орталығын құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылдың желтоқсан айында қол қойылған. Мақсат – халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. Сөйтіп ТМД елдері кеңістігінде алғаш рет ағылшын құқығы қағидаттары енгізілді.
АХҚО-ның міндеті қаржы қызметі саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, отандық бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету. Сақтандыру, банк қызметтері және исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға да ниетті.
Былтыр қаңтар айында қаржы орталығының барлық органдары мен ұйымдарының жұмысы ресми түрде іске қосылды. Бахрейн Банк ісі және қаржы институтымен және Бағалы қағаздар мен инвестициялар жөніндегі институтпен ынтымақтасып, ислам қаржысы бойынша сертификаттау бағдарламасын ұйымдастырды. Ислам банктері мен қаржы институттары бас кеңесінің (CIBAFI) мүшесі атанды. Жұмыс істей бастағаннан кейін көп ұзамай Қазақстанның астанасы алғаш рет Қаржы орталықтарының жаһандық индексіне (GFCI 23) кіріп, әлемнің 96 қаржы орталығының арасынан 88-ші орынға ие болғанын айта кетейік. Ал қыркүйек айында 61-орынға көтерілді.
2018 жылы сәуірде Astana Finance Days (AFD) халықаралық конференциясын ұйымдастырып, алқалы жиын барысында жаһандық қаржы, капитал нарықтары, ислам экономикасы, жасыл өсу, құқықтық мәселелер және Жібек жолы елдері, Ислам даму банкі Transformers Roadshow (IsDB) бойынша форумдар өтті. Даму банкімен (IsDB) Исламдық қаржыландыруды дамытудың бас жоспарын әзірлеу грантын алу туралы келісімге қол қойылды. Нұр-Сұлтан шаһары исламдық қаржыландырудың беделді рейтингінде (GIFR 2018) 48 орыннан 24-ші орынға көтерілді. Қаржы орталығы Исламдық қаржы жөніндегі жаһандық сыйлықтың (GIFA 2018) аясында үш жүлдеге ие болды.
Былтыр қараша айында АХҚО Биржасында Тұңғыш Президент – Елбасының қатысуымен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының IPO-сы – сауда-саттық ресми түрде басталды. Биржада Қаржы министрлігінің еурооблигацияларын алғашқы орналастыру іске асты.
Соңғы жылдары әлем елдерінде кеңінен таралған «жасыл энергия», «жасыл технология» сынды жаңа ұғымдардың қатарында «жасыл облигация», «жасыл қаржы» деген терминдер де бар. Бұл үрдістен Қазақстан да тыс қалмақ емес, «жасыл» қаржыландыруды дамыту «Астана» халықаралық қаржы орталығының стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.
Өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, дүние жүзі бойынша «жасыл облигациялардың шығарылымы» 155 миллиард доллардан асып түсіпті. Яғни, аса жоғары сұранысқа ие деуге болады. «Жасыл облигацияның» басқаларынан басты айырмашылығы – түскен қаражат толықтай экологиялық жобаларға, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалады. Көмірсутегі, көмір сынды дәстүрлі энергия көздерінен бөлек балама энергия көздерін дамыту, экологиялық таза көліктер өндірісі сынды ірі жобалардың барлығы осы қатарда.
Бүгінгі таңда дүние жүзі бойынша нарыққа «жасыл қаржы» тарту ісінде Қытайдың алдына түсетін ел жоқ. 2016 жылы 23 миллиард доллар облигацияны сатылымға шығарған көршіміз мұндай жоғары көрсеткішке көміртегі газын шығаруды азайту саясатының нәтижесінде қол жеткізді. Әйгілі Apple компаниясы да былтыр 1 миллиард доллар кірісті «жасыл облигация» сатудан түсіріпті. Оған Ислам қаржы институттары да қызығушылық танытуда. Қазақстанға да біртіндеп еніп келеді. 2025 жылға дейін еліміз «жасыл қаржы» саласы бойынша Орталық Азия аймағында көшбасшы атануды көздеп отыр. Осы мақсатты бағындыруға ықпал ететін басты ұйым – «Астана» ХҚО.
Елордадағы Қаржы орталығының «Жасыл қаржы» департаментінің директоры Әсел Нұрахметованың айтуынша, бұл бағытта дүние жүзінде атқарылып жатқан жұмыстар әлем экономикасына тың серпін береді.
– «Жасыл облигациялар» – су, энергия, жылу және тағы да басқаларын тұтыну көрсеткіштерін төмендетуге, қоршаған ортаны ластаудың алдын алуға жұмсалатын өте қуатты қаржылық құрал. Қолданысқа енгеніне көп уақыт өте қоймаса да, оның аясы қазірдің өзінде өте кең. Адамзат үшін экология қашанда өзекті болып қала беретінін ескерсек, болашақта маңызы арта береді деуге болады, – дейді ол.
Қазіргі таңда біз инвесторлардың Қазақстан нарығына келуіне қолайлы жағдай жасап, тиісті құралдар әзірленуде. Инвесторлар үшін Қазақстанда тартымды жобалар ретінде таза көлік, қалаларды жарықтандыру, Астанаға газ тарту сынды жұмыстарды айтуға болады. Сарапшылардың пайымдауынша, болашақта Қазақстанның «жасыл нарығын» қарышты дамытуға мүмкіндік жеткілікті.
«Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов айтқандай, елордада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі «жасыл» технологиялар саласындағы зерттеулерге, жаңашыл жобаларға қажетті инфрақұрылым ұсынды. Ендігі кезекте қаржы орталығы оның қаржылық бөлігін толықтыруға тиіс. Қалай болғанда да, «жасыл облигацияларды» нарыққа шығару Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді деуге болады. Ал осы саладағы стартап жобалар табысты жүзеге асырылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық салаларға да тиімді ықпал етеді.
2019 жылдың ақпан айында АХҚО соты және ХТО Орталық Азия аймағы үшін бірінші болып eJustice электронды сот төрелігінің жаңа жүйесін ресми түрде іске қосқан болатын. Бүгінде eJustice онлайн-порталы тараптарға АХҚО соты мен ХТО электрондық түрде әлемнің кез келген нүктесінен талап арыз беруге мүмкіндік береді. Заң құжаттарын электронды өңдеу процесін басқаруға және сот өндірісі мен төрелікті әкімшілендіруге көмектеседі. Бұл заңды және іскерлік топтар үшін АХҚО сотының және ХТО қызметтеріне қолайлылық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ судьялар мен төрешілерге қолдау көрсетіп, ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес коммерциялық дауларды тез әрі үнемді шешуді қамтамасыз ете отырып, іс жүргізу мәселелерін шешуге көмектеседі.
Азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін Англияда және Уэльсте сот медиациясын қолданудың табысты тәжірибесін назарға ала отырып, 2019 жылдың маусымынан бастап АХҚО соты дәстүрлі сот ісін жүргізудің баламасы ретінде сот медиациясын енгізгенін айта кетейік. Егер екі тарап АХҚО сотына жүгініп, осы қызметті таңдаса, судья медиатордың рөлін өзіне алып, тараптарға дауды шешуге қол жеткізуге көмектеседі. АХҚО соты жаһандық бизнестің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін икемді мүмкіндіктер береді.
Былтыр биржалық операциялар қызметі іске қосылғанын жоғарыда айтып өттік. Елдің қор нарығы үшін жаңа заманауи инфрақұрылымды дамыту шеңберінде құрылған АХҚО Биржасы ашықтықты, сенімділікті және инвесторларды қорғауды қамтамасыз ететін, халықаралық аренада танылған нормативтік-құқықтық базаға негізделген. Оның серіктестері – Goldman Sachs, Жібек жолы қоры, Шанхай қор биржасы және өз кезегінде АХҚО Биржасына сауда-саттыққа және нарықты зерделеуге арналған ең озық технологиялармен қамтамасыз еткен америкалық Nasdaq биржасы. Шанхай қор биржасымен серіктестік нарықтағы өтімділіктің артуына ықпал етеді және «Бір белдеу, бір жол» Қытай бастамасы шеңберінде АХҚО алаңының қатысуына негіз болды.
Былтыр қараша айында Тұңғыш Президент – Елбасы АХҚО Биржасының алаңында бағалы қағаздардың алғашқы саудасын – әлемдегі ең ірі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы IPO-сын ресми түрде іске қосты. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұлттық компанияларын IPO/SPO-ға шығару бойынша белсенді бірлескен жұмыс жүргізілуде.
АХҚО Биржасы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға арналған алаңды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Осы мақсат үшін АХҚО Биржасында «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында түрлі жобаларды қаржыландыру үшін қор нарығының әртүрлі тетіктерін ұсынуға бағытталған нарықтың арнайы секторы құрылды. АХҚО әлемнің 123 елін, 29 халықаралық ұйымды, жалпы халқының саны 4 миллиардтан астам адамнан тұратын әлемнің 60 елін қамтитын осы бастаманың өңірлік орталығына айналуға тиіс.
Былтыр АХҚО Биржасының алаңында Қаржы министрлігінің еурооблигациялары, Қазатомөнеркәсіптің қарапайым акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттары және «Қазақстан темір жолы» компаниясының корпоративтік облигациялары эмитенттердің бағалы қағаздары листинг рәсімінен өтті, Қазақтелекомның купондық облигацияларын шығарылуын қоса алғанда, төрт компания АХҚО Биржасында борыштық бағалы қағаздарды жеке орналастыруды жүзеге асырды. Бұдан басқа, «Шұбаркөл көмір» және «Қазхром» компанияларының бағалы қағаздары Pre-IPO санатына енгізілді.
2019 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша 18 компания АХҚО Биржасының мүшелері атанып отыр, олардың ішінде ҚХР-дың екі ірі брокері және Wood & Co. – дамушы нарықтардағы жетекші инвестициялық банк бар. Екі кастодиан банк – Сбербанк пен БанкЦентрКредит АХҚО Биржасы Бағалы қағаздар орталық депозитариінің мүшесі атанды. 2018 жылы Орталық депозитарий 60 мыңнан астам инвесторға есепшот ашты.
Таяуда «Астана» халықаралық қаржы орталығының Үздіксіз кәсіби білім беру бюросы қаржы саласы бойынша арнайы курстар өткізіп, сынақтан сүрінбей өткендерге тиісті сертификат тапсырған болатын. Қаржы орталығы сертификатының беделі өте жоғары саналады, себебі ол халықаралық деңгейдегі білікті маман атануға жол ашады.
АХҚО академиялық қаржы саласының түрлі бағыттары бойынша бөлген гранттарының біріне қол жеткізген талапты жастардың бірі – алматылық Әділбек Рысқұлов. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің түлегі, қаржы саласына да маманданып, Ұлттық банктің магистратурасын тәмамдаған.
– «Алматы» өңірлік қаржы орталығында исламдық қаржыны дамыту басқармасында жұмыс істеп жүріп, үшінші мамандық ретінде Пәкістандағы Al-Huda Center of Islamic Banking and Finance университетін тәмамдадым,– дейді Ә.Рысқұлов.
Қаржы саласында біраз тәжірибе жинаған, сарапшы ретінде де танылып қалған маманның халықаралық сертификатқа не үшін қызығушылық танытқанын сұраған едік.
– Ұлттық банк магистратурасының түлегі болғандықтан, халықаралық кәсіби сертификаттардың қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Былтыр АХҚО бюросы жайлы естіп, ойланбастан оқуға өтінім жаздым. Қазір 2 бағдарламаны: Ислам қаржысының тиімділігі (IFQ) мен Қаржылық тәуекелдер менеджментін (FRM) тәмамдадым, – дейді.
Қаржыгер Ислам банктерінің барлық принциптері шариғатқа сай келетінін айтады. Онда бірінші кезекте өсімқорлыққа тыйым салынған.
– Шариғатта кез келген қарыздың міндеттемелері оған қатысы бар талаптар тарапынан толық орындалуы тиіс. Егер клиенттердің бірі қандай да бір себеппен берешегін өтей алмаса, ислам компаниялары оның жағдайына түсіністікпен қарауға міндетті. Алайда, клиент жағдайы бола тұрып несиені өтемесе, бас сауғалауға тырысса, алаяқтық әрекеттер жасаса, онда компания сол елдегі заңнамалар мен шариғаттың негізінде сотқа жүгінуге, берешекті толығымен қайтарып алуға құқылы. Тағы бір айта кетерлігі, басқа банктер клиенттерге салынатын айыппұлдың неғұрлым көлемдірек болғанына мүдделі, себебі оны табыстың бір көзі ретінде қарастырады. Ал ислам банктері үшін айыппұл салу қарапайым тәртіптік шара саналады, оны банк қайырымдылық мақсатқа жұмсауға міндетті, – дейді ол.
АХҚО Үзіліссіз кәсіби даму бюросының жұмысы адам капиталын дамытуға бағытталған. Бюро жергілікті мамандарды кәсіби тұрғыда дамытып, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік бере отырып, өңірдегі жоғары білікті және білімді мамандардың тобын қалыптастыруды көздейді. Кәсіби дамыту орталығы АХҚО-ның негізгі стратегиялық бағыттары бойынша, соның ішінде капитал нарығы, ислам және «жасыл қаржы», қаржылық технологиялар, сондай-ақ активтер мен жеке тұлғалардың дәулетін басқару сияқты инвестициялық және қаржылық сауаттылық бағдарламалары аясында 2020 жылдың соңына дейін 5 мыңнан астам жергілікті мамандарды қайта даярлауды жоспарлап отыр.