Руханият • 26 Маусым, 2019

Өткінші дүние

2425 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Дүние – жалған», «өмір – өткінші» деп жатады атам қазақ. «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық, алды – ойын, арт жағы мұңға жуық», дейді данышпан Абай атамыз. «Дүние қарап тұрсам, шолақ екен, Жас күнде ақыл-қайрат мол-ақ екен. Отыз бес, жиырма бес пен қайран он бес, Үшеуі үш күн қонған қонақ екен» дейді халық өлеңінде.

Өткінші дүние

Қарап тұрсаңыз, әркімді өкінтіп өте шығар қамшының сабындай қысқа ғұмырда өзін жолаушы, қонақ секілді санайтын адамның өзі де өткізгіш секілді өмір сүреді екен. Ол еш нәрсені өз бойында ұзақ уақыт бойы сақтап қалмауы тиіс екен. Ішкен су, жеген тамағын да, солар арқылы пайда болған бойындағы артық қуатты да.

Міне, осы тұрғыдан алғанда адам бо­йында пайда болған қозғалысқа түсу еңбек ету қасиетінің өзі оның тамағын асырап, тіршілік құруы үшін ғана емес, өз бойында қалыптасқан ескі артық қуатты шығарып, оның орнына жаңа қуат жинау үшін қажет екен. Демек, тірі ағзаның иесі саналатын биологиялық тұрғыдан да, атадан туып, өзі де ұрпақ жалғастыратын аралық буын ретінде де адам баласына берілген осы өткізгіштік қасиет, біздің ойымызша, оның өмір сүруінің негізгі заңдылықтарының бірі. Осы қасиеті арқылы адам тәнінде зат алмасу процесі жүреді. Жаны тазарады. Жылдың төрт мезгілі секілді жаңару процесін бастан өткереді.

Енді осы ойымызға белгілі бір деңгейде ғана түсініктеме бере кететін болсақ. О бас­та топырақтан жаралған адам баласы бүкіл өмірінде тонналап тамақ жейді, тонналап су ішеді. Бірақ оның ешқайсысын бойында сақтап тұрмайды. Осылардың бәрін бойынан өткізіп барып, ақыры өзі де топыраққа айналады. Бұдан ішкен-жегенінің бәрі адамға қуат көзі ретінде қызмет ететіндігін аңғаруға болады.

Адамның қуат өткізгіш, энергия тасы­малдағыш секілді осы қасиетін Абай атамыз философиялық тұрғыда былай деп әдемі кестелеген: «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боласың өлсең тағы. Мені мен сен тең бе деп мақтанасың, Білімсіздік белгісі – ол баяғы. Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа, Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа. Адамды сүй, алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?!» дейді.

Демек, әрбір адам –  биологиялық өткізгіш. Оның бұл қасиетін сым темірдің энергия өткізгіштік қасиетімен де салыстыруға болады. Егер сіз бойынан электр қуатын өткізіп тұрған сым темірдің басын екінші бір сым темірмен тұйықтай қойсаңыз, ол міндетті түрде үзіліп түседі. Сол секілді адам баласы да бойынан қуат өткізгіштік қабілеті жойылған кезде немесе оның осы қасиеті әлдененің әсерімен, мәселен, кенет пайда болған аурудан тоқтайтын болса, ол өледі. Адамға артық ішкен астың харам болатыны да осыдан шығар бәлкім. Осыған сәйкес, қарттықтың өзі адамға оның бойындағы қуат өткізгіштік қабілеті азайған кезде келеді деп есептейміз. Демек, қарттық дегеніміз – адамның биологиялық ағза ретінде қуат өткізгіштік қабілетінің төмендеуінің белгісі.

Менің ойымша, адамның бойындағы осы өткізгіштік қасиетті түсінудің маңызы зор. Мәселен, дәрігерлер неге адамдарға қазіргі күні көп су ішу жөнінде кеңес беріп жүр? Бір оқулықтан «Егер сіз күн сайын 5 мың қадам жүрсеңіз, ауырмайтын боласыз. Күн сайын жақсылап бір күлсеңіз, өміріңіз тамаша бола түседі. Ал күн сайын 2 литр су ішсеңіз, онда жастық шағыңызды ұзартасыз» деген қағиданы оқығаным бар еді. Міне, осының барлығы да, яғни қимыл-қозғалыс та, күлкі де, су да адам бойында жинақталған артық қуат пен оның қалдықтарының шығып кетуіне, дененің тазаруына ықпал ететін дүниелер ғой.

Демек, өмірдің өтпелі, дүниенің жалған екендігі рас болса, адам да жер бетіндегі барлық тіршілік иелері секілді өз бойында, тәні мен ағзасында, тіпті жан дүниесінде жүретін түрлі құбылыстар мен үдерістерді бойында сақтап қалмауы керек. Өйткені ол да өтпелі дүние мен өмірдің өзі секілді бүкіл жаратылыстың шағын бөлшегі. Бүкіл жаратылысқа тән дүниелер оған да тән. Тіпті, басқаны былай қойғанда ауа райының құбылысы да оған тән. Мәселен, адам көңілі де оның жан дүниесіне әсер ететін түрлі жайттар арқылы ауа райы секілді құбылып тұратындығы анық.

Егер ауа райы бұзылған күйі тұрса, аспанды қара бұлт тұмшалап алса, бұл жағдай жер бетіндегі бүкіл тіршілікке әсер етер еді. Тіршілік саябыр тартып, ақырында адам көңілін де мұң басар еді. Адам бойындағы ашу-ыза мен өкпе-реніш те осыған ұқсас. Ол ұзақ уақыт бойы кетпей тұрып алса, онда оның адам жанының жарасына айналары анық. Демек ашулансаң, әлденеге ренжісең, оның бәрін бойыңда сақтап тұрмай тездетіп шығарып жіберуге тырс. Әйтпесе, бұл сізге ауру әкеледі.