Аймақтар • 26 Маусым, 2019

Солтүстік Қазақстанда журналистер спартакиадасы өтті

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіби мереке қарсаңында «Динамо» стадионына жиналған республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері бірнеше спорт түрінен өзара күш сынасты.

Солтүстік Қазақстанда журналистер спартакиадасы өтті

Журналистер қауымын облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, Қазақстанның құрметті журналисі Галина Воробьева, облыстық Soltústik Qazaqstan газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы құттықтады.

«Төл мереке қарсаңында байланыс және ақпарат қызметкерлері саламатты өмір салтын насихаттап, жарыс жолына шығуды игі дәстүрге айналдырып келеді. Барлық командаларға жеңіс тілеймін», деді Руслан Қанатханұлы.

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы ұйымдастырған тартысты бәсекеге өткен жылғы спартакиаданың чемпионы Soltústіk Qazaqstan газетінің, Qyzyljar, «МТРК» телеарналарының ұжымдары, республикалық телеарналар мен басылымдардың меншікті тілшілері, ішкі саясат басқармасының өкілдері, «Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалының, аудандық басылымдардың қызметкерлері және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.

Сөз арасында дәстүрлі спорт түрлерімен қатар тұңғыш рет қазақтың ұмыт қалған ұлттық ойыны «Ботай» деген атаумен қайтадан жаңғыртылғанын айта кеткен жөн. Барлық қарсыластарынан басым түскен аудандық газеттер қызметкерлері командасының өкілі Еркебұлан Елубаев топ жарып, алғашқы чемпион атанды. Үстел теннисінен ерлер арасында «Қазтелерадио» АҚ-ның өкілі Александр Станько жеңімпаз атанды. Қыздар арасында облыстық газеттің аға тілшісі Орынбасар Төлепбергенқызы жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Волейболдан бас жүлдені «Soltústіk Qazaqstan» газеті мен аудандық газеттер командалары сарапқа салып, соңғысы әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Арқан тарту сайысында меншікті тілшілер мықтылық танытты. Шағын футбол, шахмат ойындары мен эстафета да қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлады.

Үздік командаларға кубоктар пен  бағалы сыйлықтар табысталды.