13 Наурыз, 2013

Басып кетеді де, қашып кетеді

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Басып кетеді де, қашып кетеді

Сәрсенбі, 13 наурыз 2013 6:59

Әзірге аты-жөні белгісіз бір жүргізуші күні кеше ғана Жамбыл облысында бір әйелді қағып, қашып кетті. Қақса қаққан шығар, абайсызда не болмайды дерсіздер. Бірақ, ол неге қашады? Қашудың орнына зардап шеккен адамға дер кезінде көмек көрсетпей ме? Бірақ, ол өйткен жоқ. Міне, соның салдарынан әлгі әйел жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды. Оқиға Жамбыл ауданына қарасты Түркісіб ауылында орын алды. Қазір аталған іс бойынша облыстық ІІД тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

 

Сәрсенбі, 13 наурыз 2013 6:59

Әзірге аты-жөні белгісіз бір жүргізуші күні кеше ғана Жамбыл облысында бір әйелді қағып, қашып кетті. Қақса қаққан шығар, абайсызда не болмайды дерсіздер. Бірақ, ол неге қашады? Қашудың орнына зардап шеккен адамға дер кезінде көмек көрсетпей ме? Бірақ, ол өйткен жоқ. Міне, соның салдарынан әлгі әйел жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды. Оқиға Жамбыл ауданына қарасты Түркісіб ауылында орын алды. Қазір аталған іс бойынша облыстық ІІД тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Жалпы, облыста жол-көлік оқиғасы соңғы жылдары жиі орын алуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы-Ташкент жолының Меркі ауданы аумағында бір автобус апат болып, бірден 21 адамның көз жұмғанын қабырғамыз қайыса отырып жазғанбыз. Жуырда осы бағыттың Күйік асуында Оң­түстік Қазақстан облысынан шыққан 2 авто­бус жол тазалап жүрген техникаға соқтығысып, тағы да бірнеше адам опат болды. Осы жағдайға алаңдаған облыс әкімі Қ.Бозымбаев, тіпті, Үкімет басшысы С.Ахметовке бірқатар ұсыныспен шықты. Бірақ, апат тиылар емес. Жақында ғана Алматы-Ташкент бағытында тағы да жол-көлік апаты орын алып, адам шығынына жол берілді. Демек, облыс  басшысы бекерге алаңдап отырған жоқ.

Міне, жылдың басталғанына үш ай да толған жоқ. Бірақ осы уақыт ішінде облыста 23 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 бүлдіршін көз жұмса, 25 сәби жарақат алыпты. Ал облыс орталығы – Тараз қаласында 7 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 8 бала жарақат алған. Мәліметке жүгінсек, жол-көлік оқиғасына  тап болған балалардың жасы 10 мен 14 жастың арасында. Ал қаза тапқан балалардың орташа жасы 7-де екен.

Жүргізушілердің тікелей кінәсінен (жайбарақаттық, немкеттілік, салақтық, дөрекілік және т.б.) ересек адамдармен бірге балалардың да көз жұмып, мүгедек болып қалуы алаңдатпай қоймайды. Өткен жылы, мысалы, жол-көлік апатынан 22 бәйкүнә сәби көз жұмса, 177 бала жарақат алған.

Үкімет бүгінде жол-көлік апатын болдырмаудың барлық шараларын жасап жатыр. Оның жүздеген мысалы бар. Соның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі. Біздің жүргізушілердің дөрекілігі мен салақтығынан, міне, осы даңғыраған жолдың өзінде де жол-көлік оқиғасына жиі жол беріле бастады. Жекеменшік автобус иелері мен оның жүргізушілеріне ақша қандай қажет болса, мемлекетімізге адам өмірі де ауадай қажет. Өйткені, елдің ең басты байлығы – адам. Тасымал қызметін мойындарына алды екен, адам тағдырына да басымен жауап бергендері жөн. Мұны неге баса айтып отырмыз? Өйткені, соңғы жылдары жол-көлік апатын жасаған транспорттардың 32-і автобус болып отыр. Сол жол-көлік оқиғасының салдарынан 12 адам шығын болса, 58-і жараланған. Жараланған деген жай сөз, кемтар, мүгедек болып қалулары да мүмкін ғой.

Облыс әкімі Қ. Бозымбаев жақында өткен бір жиында облыстық ІІД бастығы Б.Аймағамбетовке: «Алматы-Ташкент жолының бойымен 300 шақырым жүріп өттім. Сол уақыттың ішінде Алматы облысы аумағынан небары 2 жол полицейін көрсем, ал Қордай маңындағы жолдың азғантай бөлігінен 8 жол полицейін кездестірдім. Олар жылдамдықты бақылайтын бейнекамераны қояды да, өздері тасада тығылып тұрады. Мұны жүргізушілерді бопсалау тәсілі деп бағаламасқа шара жоқ. Айтайын дегенім, жол полицейлерінің міндеті – әйтеуір бір жүргізушіні ұстап алу емес, керісінше жол-көлік апатының алдын алу. Сондықтан, жылдамдық өлшегішті қойса қойсын, бірақ жүргізушілерден жасырынбай, ашық жерде тұрсын», деді.

Түсінетін бас болса, жай айтылғанмен өте ауыр сөз.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

 Жамбыл облысы.