Қазақстан • 27 Маусым, 2019

«Егеменнің» еңбегі еленген күн

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Еге­мен Қазақстан» рес­пуб­ликалық газетінің шығар­машылық ұжымына Қазақстан Президентінің Алғысы жарияланды.

«Егеменнің» еңбегі еленген күн


Бұл марапатты бұқаралық ақпарат құралдары қызмет­кер­лері күні қарсаңында Ақордада өткен Қазақстан Президентінің сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және алғыстарын жариялауға арналған салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге тапсырды. Осы рә­сім барысында ел газеті – «Еге­мен­нің» БАҚ саласына қос­қан елеулі үлесі және биыл басылымның шыға бастағанына 100 жыл толып отырғаны айрықша аталды. 


Күні кеше Мемлекет басшысы тапсырмасының негі­зін­де Үкімет 28 маусымды бұқа­ралық ақпарат құралдары қызмет­керлері күні ретінде ресми бекітіп, қаулы шығарды. Бұл шешім еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпа­рат­тық тұрғыда қамтамасыз ету ісінде өзіндік орны бар жур­налистер қауымына ерекше көзқарастың белгісі болды.

Салтанатты іс-шарада Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің ел өмі­ріндегі рөліне тоқталды.

– Болашақты – саясаткерлер, өткенді – тарихшылар, ал бүгінгіні журналис­тер ойлайды деген қағида бар. Бірақ, меніңше, журналистер болашақты да, өткенді де ойлайтын бірегей қауым деп айтуға болады. Халыққа ел ішіндегі оқиғалар жөнінде хабар таратып, шұғыл әрі шынайы ақпарат беру – сіздердің кәсіби міндеттеріңіздің арқасы, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар журналистердің Арыс қаласында болған төтенше жағдайды еліміздің түкпір-түкпіріне дер кезінде жеткізгенін атап өтті.

– Бұл әрине барша ха­лық­тың жанына батқан оқиға болды. Осындай жауапты сәтте сіздер – отандық БАҚ өкілдері бүкіл Қазақстан жұртшылығы арыс­тық ағайынмен бірге екенін халыққа жоғары деңгейде жет­кізе білдіңіздер. Барлық журна­листерге алғысымды, ризашы­лығымды білдіремін, – деді Президент.

Президент озық технология заманында медиа саланың мүмкіндіктері өте ауқымды екенін жеткізді. Мемлекет басшысы журналистиканың жаңа дәуірінде ғаламтор және әлеуметтік желілердің айрықша рөліне тоқталып, ақпараттың ашық, жедел және қолжетімді болуы жетістіктің басты өлшем­деріне айнал­ғанын айтты.

– Мемлекеттің әлеуетін нығайту, экономиканы дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер. Отандық медиа-қауым­дастықтың сындарлы негізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі жә­не әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табыс­ты жұмыстың негізгі шарттары. Мем­лекет өз тарапынан БАҚ-қа қолдау көр­сете береді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен Мемлекет басшысының Өкіміне сәйкес Қазақстан Президентінің сыйлықтары «Жас Өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбекке, «Комсомольская Правда – Казахстан» газетінің бас редакторы Виктор Кия­ницаға, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға, «Астана» телеарнасының талдаушы-редакторы Жайна Жақсылықоваға тапсырылды. Гранттарға «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Рауан Мыңбаев, «Qazaqstan» телеарнасындағы «Мәселе» талдамалық бағдарламасының жүргізушісі Нартай Сәрсенғалиев, «Қазақстан» теле­радио­корпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының шеф-ре­дак­торы Әсем Сартбаева ие болды. Ал ел Президентінің Алғысы «Егемен Қазақстан» газетімен бірге, «Экспресс К», «Знамя Труда» және «Шалқар» радиосы шығармашылық ұжымдарына берілді.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Алғыс хаттарын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачев, «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Қымбат Досжан және Дана Нұржігіт, «Хабар 24» теле­арна­сының шеф-редакторы Шалқар Қожаев, «Qazaqstan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдар­ла­ма­лар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, «Литер» газеті бас редак­­торының орынбасары Жанна Ойшы­баева, «КТК» телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова, сондай-ақ «Қазақпарат» ХАА және «Жетісу» телеарнасы алды.

Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қы­тай ынтымақтастығын нығайтуға бел­сенді атсалысқаны үшін Бүкілресейлік мем­лекеттік телевизия және радио хабар­ларын тарату компаниясы мен «CCTV» халықаралық телеарнасы Қазақ­стан Президентінің Алғыс хаттары­мен марапатталды.

Мемлекет басшысының атынан елі­міздің барлық өңірлеріне жі­беріл­ген ал­ғыс хаттар үздік журналистерге салтанатты түрде табыс етілетін бо­ла­ды.