Жатбауыр әкелер, жылаған жетімдер
Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:55
Шаңырақ көтерген екен, бала-шағалы болған екен, әр ер азаматтың мерейлі парызы отбасындағы жандарға қамқор болу ғой. Бұл ең қастерлі қасиет. Адалдық, адамшылық, арлылық, ізгілік алдымен содан аңғарылатынын айтпай-ақ қояйық. Осылай болуы қалыпты үрдістей көрінгенімен өкінішке қарай, өмірде кереғар жағдай да баршылық. Мәселен, Қарағанды аймағы бойынша жыл сайын 12 мың жігіт пен қыз отасса, 4 мыңының жұбы ұзаққа жетпей үзіліп жатады. Мұның аса бір ауыр жағы, ерлі-зайыптылар арасындағы дау мен кикілжіңнің өздері өмірге әкелген перзенттерге кесапат-қиянат тигізуі дер едік.
Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:55
Шаңырақ көтерген екен, бала-шағалы болған екен, әр ер азаматтың мерейлі парызы отбасындағы жандарға қамқор болу ғой. Бұл ең қастерлі қасиет. Адалдық, адамшылық, арлылық, ізгілік алдымен содан аңғарылатынын айтпай-ақ қояйық. Осылай болуы қалыпты үрдістей көрінгенімен өкінішке қарай, өмірде кереғар жағдай да баршылық. Мәселен, Қарағанды аймағы бойынша жыл сайын 12 мың жігіт пен қыз отасса, 4 мыңының жұбы ұзаққа жетпей үзіліп жатады. Мұның аса бір ауыр жағы, ерлі-зайыптылар арасындағы дау мен кикілжіңнің өздері өмірге әкелген перзенттерге кесапат-қиянат тигізуі дер едік.
Әсіресе, балаларына басты асыраушы ретінде алимент төлеу белгіленген әкелердің осы міндеттерін орындаудан қашқақтап, жылдап көмек көрсетпеуі жанға батарлық жайт. Тым болмаса, еріксіз мойынсұндырылған жанашырлыққа иліге ме деп соны күтуден екі көздері төрт болған жалғызілікті ана мен жаутаңдаған жеткіншек тақсыретін олар білмейді емес, біледі. Бірақ, Абай күйінгендей, өз бойынан шыққан ұят болмаған соң не айтарсыз, қалай көндірерсіз.
Дерек көздеріне қарағанда, былтыр облыста бұрыннан тіркелгені, қатар толтырғаны бар ажырасқандардың 22 мың 239-ы алимент төлеп тұруға тиісті болған. Соның ішінде 9 мыңнан астамына осыған байланысты сот шешімін орындау үшін құжаттар жіберіліп, бақылауға алынған. 5 мыңға жуығының борыштары жұмыс орындарынан аударылса, 4341-і ерікті түрде төлеуге келіскен. Ал ұдайы қашып-пысып, ұстатпауға дағдыланған 10 мыңдайынан алимент өндіру тым ұзаққа созылып келеді. Одан қасақана жалтарушылардың жалпы борышы 87 миллион теңгеден асады. Бұлар жылдар бойы жинақталған, әлі де қашан өтелері белгісіз берешек. Өзге емес, өз балаларының ешкімнен кем қалмай, замандастары қатарынан қалыспай, алаңсыз оқып, үлгілі тәрбиелеуіне сүйеу боларлық көмектің болмайтындығын қайтіп айтпассыз. Күнін әзер көріп жүргендер болса бір сәрі, шық бермес Шығайбайлардың арасында тұрақты жұмысы, тіпті, табысы мол кәсіпкерлер бары таңдандырады. Борышкерлер тізімінен бірнеше таныс, танымал есімдер кездеседі. Сенгісіздей болғанымен бұл нақты айғақ,бұлтартпас дәлел. Борыштары белден асқан сондайлардың 46-сы былтыр ақыры әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 10-ы одан да ауырлау жаза қолдану қаупі төнгенде ғана «міндетінен» құтылуға мәжбүр болыпты.
Амал не, сот шешімін орындаушылардың жұмысындағы үлкен қиындықтың бірі алиментшілер мәселесі. Соңғы уақытта талап та, жауапкершілік те күшейтілген бұл қызмет буыны біршама ілкімді істермен алименттерді, борыштарды өндіруге сенімді ақтай түсуде. Дегенмен, оған да қолдау керек болып тұр. Ұйымдар мен мекемелердегі, кәсіпорындар мен коммерциялық құрылымдардағы бухгалтериялар тарапынан алименттік төлемдерге талап әлі де төмен. Ниеттестік танытылуға қажетті іс-шараларға ықылас әлсіз. «Шахтинск» шахтасы бухгалтериясының алиментшілерге бейқамдығы сияқты жайлар аймақта жетіп артылады. Болса болмасын қаптаған базарларда саудамен айналысушылардың борыштарын өтеуіне талап шамалы. Ізделудегі 122, таптырмаудағы 96 алиментші осындай салғырттықты жамылып жүр. Олардың мойнындағы 7 миллион теңге тиесілі жандарға қаншалықты қажет десеңізші.
Былтырдан бері алимент төлеу мөлшері өзгергені мәлім. Бір ғажабы, әрине, әкелік парызына адалдыққа берік еместер қуанышына орай ол әжептәуір жеңілдеді. Енді бір балаға бар болғаны айына 4655 теңгені құрайды. Жыл ішінде 60 мың теңгеге жетпейді. Мұның күннен-күнге өсіп келе жатқан жеткіншек мұқтажына ауыз шайғысыз екені даусыз. Ал осыдан кейінгі деректерге сүйенсек, мұның өзі де алиментшілерге еш әсер етпеген сияқты. Сол бұрынғысынша айласы табылса «артық» жүктен айналып өтуден айнымау қаз-қалпында. Жанары жасқаншақ баланың , шаршап-шалдығулы ананың жылдан-жылға ұлғаюы міне,осының салдары. Түптеп келгенде, бұл қоғамға үлкен кесел. Сонда қайткенде тәртіп орнайды, ар-ұят қалай оңалады?! Ұлыма ие болайын, қызыма пана болайын деп ой кірер күн күтілген әкелер бұған не дейді енді?
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.