Арыс аудандық орталық ауруханасына 24 маусым күні таңғы сағат 8.00 шамасында түскен Кенже Бекасылды 8.30-да Босану бөлімінің акушері Нағима Зорымбаева өз ауысымына қабылдап алады. Негізінде құрсақтағы бала ірі және анасының бүйрегінде ақау болғандықтан Шымкент қаласына апарып босандыру жоспарланған. Бірақ жағдай оған қаратпайды. Өмір мен өлім арасында арпалысқан келіншек енді айтып келмейтін апатқа тап болады.
«Біз аурухана есігінен шыға бергенде қатты жарылыстан жер дүмпіді. Жедел жәрдем көліктерінің барлығы реанимациядағы балаларды тасып кеткен. Акушерім Нағима Зорымбаева мен көмекшісі Ольга Әліпбаева алғашқы көмекке қажетті заттарды салып алды да, мені ертіп әскерилер көрсеткен бағытқа қарай беттеді. Шынын айтсам, менде тек қорқыныш болды. Аман қаламын деп үміттенген де жоқпын. Бірақ бағыма қарай қасымнан тек жақсы адамдар табылып отырды. Бір сағаттай жаяу жүрген соң өне бойын өрт шалған сарбаздың көлігіне отырдық. Ол да бізді алысқа апара алмайтынын айтып кері қайтты. Екінші рет мінген көлігіміздің бензині таусылып жолда қалды. Жаяу жалпылап келе жатқанымызда Досмұхамет есімді баланың машинасы кез болды. Ол бізді Монтайтас ауылының медпунктіне апармақшы болған. Алайда жан-жақтың бәрі түтін, ештеңе көрінбейді. Қырмен жүйткітіп келеміз. Жол жоқ. Адасып Қазығұрттың тас жолынан бірақ шығыппыз», деп оқиғаны еске алды келіншек.
«Біз ауруханадан сағат 9.30 шамасында шықтық. Маңайдағы ешбір ауылдың ауруханасы төтенше жағдайға байланысты жұмыс істемейді. Барлығы сыртқа қашып жатыр. Сағат 12-ден асты. Кенженің толғағы жиілей бастады. Жол кептеліс. Досмұхамет көліктен басын шығарып, босанғалы жатқан келіншек бар екенін айтып алып шықты. Жоғары жылдамдықпен құйғытып бөтен ауылдағы бейтаныс кісінің үйіне түстік. Ақтас деген ауыл екенін кейін білдік. Үй иесі Гүлмира есімді апай бізге бір бөлмесін босатып беріп, кем заттарымыздың барлығын зыр жүгіріп толықтады. Көлікте бізден басқа Арысқа ҰБТ өткізуге келген Білім және ғылым министрлігінің үш өкілі болған. Босандыруға олар да көмектесті. Сағат 12.58-де салмағы 4,2 кило қыз бала дүниеге келді», дейді акушер Н.Зорымбаева.
Кенженің айтуынша, бала кіндігіне оралып тұншығып қалған. Соған қарамастан, 25 жылдан аса тәжірибесі бар маман Нағима Зұлбықарқызы тәуекелге бел буған көрінеді. «Әлім құрып кеткендіктен босанатын кезде талып қала бердім. Бала туылғанда көгеріп кеткен, дыбысы шықпайды. Массаж жасап, үстіне су шашып жүріп оятты. Осындай қиын жағдайда біздің аман қалуымызға бірден-бір себеп болған Нағима апайдың біліктілігі деп есептеймін. Кәсібіне деген неткен адалдық?! Көмекшісі екеуі жол бойы өз бала-шағасынан хабар алмастан, менің қасымнан бір елі алыстамады. Досмұхамет те бізді уақтылы жеткізген. Сәл кешіккенде не боларын елестеткім де келмейді. Ризашылығымды жеткізу үшін қызымның есімін Досмұхаметтің анасының атымен Кәмила деп қойдық. Қызымның кіндігін кескен Білім және ғылым министрлігінің өкілі, атыраулық Балбөпе апай кіндік шеше атанды. Бізге барын алдымызға тосқан, немересінің бар киімі мен жаялығын дайындап берген Ақтастағы Гүлмира апаға алғысым шексіз. Қазір есіме алып, Аллаға шүкіршілік етіп отырмын», дейді босанған ана.
Біз қиын-қыстау сәтте өз бастарына төнген қатерге қарамастан, жұдырықтай жұмылған жанашыр жандардың барлығына хабарласуға тырыстық. 24 жастағы Досмұхамет Өміртаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді екен. Бүгінде Арыста жұмысын жалғастырып жатқан ол бұл істерін азаматтық борышы деп біледі. «Жол бойы қырқынан шықпаған нәрестесін көтеріп, екі баласын ерткен әйелді және таяққа сүйенген қарт әжені көлігіме отырғызып алдым. Оларды көрші ауылға – қауіпсіз жерге жеткіздім. Кейіннен БҒМ-ның үш қызметкерін алдым. Сосын осы толғатқан анаға тап болдым. Ақтаста ол кісі босанған соң жедел жәрдем шақырып, салып жібердім де, ҰБТ өткізуге келген қызметкерлерді Мекемтастағы мектепке апарып, директорына тапсырдым», дейді Досмұхамет. Жедел жәрдем Кенжені Қазығұрт орталық ауруханасына жеткізген. Бүгінде ана мен баланың жағдайы жақсы. Екінші қызын құшағына алған ана бүгін отбасымен қауышатынын айтып қуанды.
Кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жас әйелді босандыруға көмектескен Атырау мұнай және газ университеті Өндірісті автоматтандыру және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті Балбөпе Утенова, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті Экология және қоршаған ортаны қорғау кафедрасының меңгерушісі Жанат Нұржұманова, Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің аға оқытушысы Шайза Доскееваға министрліктің Құрмет грамотасын табыстап, ерліктерін жоғары бағалады. Жұмыс бабымен жолдары Арыста түйіскен Атырау мен Алтайдың педагогтарының апаттағы жанкештілігі кімге болса да үлгі. «ҰБТ кезінде ЖОО қызметкерлері министрлік өкілдері ретінде әр жаққа бөлініп тест аламыз. Биыл 12 адам Арыс қаласына бардық. 22-23 маусым күндері екі лекпен ҰБТ қабылдадық. Үшінші күні, яғни 24 маусым күні мектепте апелляция өткізіп жатқан кезде жарылыс басталды. Ештеңеге қарауға шамамыз болған жоқ. Жанат, Шайза үшеуіміз тобымыздан адасып, халық беттеген жаққа қарай жүгіре бердік. 10 метрдей жерге кеп снарядтар түсіп, жарылып жатты. Ұзақ жүргеннен кейін Досмұхаметке кезіктік...», дейді Балбөпе Утенова.
«Балапан басына, тұрымтай тұсына» болса-дағы, алапат апат арасында кез келген жан үшін басын бәйгеге тігетін адамдардың аз емес екенін осы бір оқиғаның өзі көрсетіп тұрған жоқ па?!. Иә, асыл қасиеттен айнымаған адамдар арамызда!
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»