Аймақтар • 27 Маусым, 2019

Әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды

654 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Қырым­бек Көшербаев халыққа және мемлекет­тік қызметке ыңғайлы әрі тиімді болу үшін Қазалы ауданында бір-бірімен қойындасып жатқан Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын бір жерге шоғырландыру мәселесін көтерген еді.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды

Бүгінде Әйтеке би кентінде екі қабатты 12 тұрғын үй құрылысы, 250 орындық аудандық аурухана, 600 орындық мәдениет үйі мен басқа да әлеуметтік нысандарды салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ бұл аумақта алдағы уақытта 24 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, автомобиль жолы қайта жаңартылады. Қазірдің өзінде көпқабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде жалпы құны 889,7 млн теңге болатын мекемелер үйінің құрылысы басталып кетті. Аталған жобаны іске асыру бір ғи­ма­рат­та әкімдік пен аудандық бөлімдерді шо­ғыр­­­ландыруға мүмкіндік береді. Олар қазіргі уақыт­та елді мекеннің әр аумағында орналасқан.

– Қазір аудандық әкімдік пен бөлімдер бөлек ғимараттарда орналасқан. Бұл тұрғындар үшін өте қолайсыз. Оның үстіне, қазіргі аудан әкімдігі ғимаратының іргетасы 1963 жылы қаланған. Елу жылдан астам уақыт тұрған нысан әбден ескірген. Жаңа аудан орталығының жоспарына сәйкес, облыстық мекемелер үйінің, халыққа қызмет көрсету орталығының, мектептер мен ауруханалардың, сондай-ақ сот пен мәдениет үйлерінің ғимараттары халыққа ыңғайлы болу үшін бір-біріне жақын орналастырылады. Ауданда соңғы екі жылда инфрақұрылым­дық және басқа да нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Себебі Қазалы ауданы инфрақұрылыммен аз қамтылған аудандардың бірі саналады, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Ауданда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына басымдық берілген. Себебі бұл Қазалы ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады.

Аймақта 2013 жылдан бастап 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілген екен. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандары бар. Апатты жағдайдағы 57 денсаулық сақтау нысанының орнына жаңадан 49 ғимарат бой көтерген. Қалғаны 2019 жылы салынатын болады. Сол сияқты, 2018 жылы Қызылорда облысы үшін рекордтық көрсеткіш орнап 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өңірде үш ауысымда оқыту мәселесі мен «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын шешіліп, 3-6 жас ара­лығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбие және біліммен 100% қамтылды. 2017 жылы облыста апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешімін тапты. 2013 жылы жарамсыз деп танылған 37 білім ұясы болған еді. 2013 жылдан бері апатты үйде тұрып келген 645 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Қазіргі таңда облыс аумағында 1747 пәтерлік 69 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сөз ыңғайында айтар болсақ, 2013-2016 жылдары Қызылорда облысында 2008 жылдан бері аяқталмай, құрылысы ұзаққа созылып келген 34 нысанның мәселесі шешілді. Аймақ әлеуметтік мәселелерді шешуде республикада алдыңғы қатарда келеді.

 

Қызылорда облысы