Қоғам • 27 Маусым, 2019

«Хат қоржын» (27.06.2019)

4877 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (27.06.2019)

...әсерімен бөліседі

Қарымды қаламгерге құрмет көрсетілді

Амангелді аудандық орталық балалар кітапханасының ұйымдасты­руымен Сәкен Жүнісовтің 80 жылдығына орай «Сәкен Жүнісов – жан-жақты парасатты, өнердің әрбір саласынан өзін танытқан тұлға» атты кітап көрмесі таныстырылып, оқырмандарға шолу жасалды.

С.Жүнісовтің қаламынан туған таңдаулы шығармалары – қазақ әдебие­тінің алтын қорынан берік орын алған құнды дүниелер.

Ол өз замандастарының арасында ауқымды шығармашылық қарымы­мен де, біртуар азаматтық болмысымен де ерекшеленетін. Туған халқы талантты перзентін сан қырлы өнері үшін Сәкен сері атап, аялап еркелетті.

Аяулы азамат, үлкен қаламгер Сәкен Жүнісовтің жарқын бейнесі әрдайым ел жүрегінде сақталады. Оның озық туындылары халқының ру­хани қазынасына айналып, болашақ ұрпақтармен бірге жасай береді.

Шолу барысында кітапханашылар оқырмандарды жазушының атақты «Ақан сері» романының 1-2 томдығы, «Жапандағы жалғыз үй» романы, «Аманай мен Заманай» повестері мен «Ажар мен ажал», «Тұт­қындар», «Қызым, саған айтам...», «Жаралы гүлдер», «Қос анар», «Әр үйдің еркесі», т.б. пьесалары жинақталған екі томдық кітаптары­мен таныстырып, «Қылмыскерлер» драмасының мазмұнына тоқталды.

Зарина АМАНТАЙҚЫЗЫ,

аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы

 

...ризашылық білдіреді

Келелі іс тиянақталды

Кеңестік кезеңде көршілес аудандардың социалистік жарысқа түсулері дәстүр болып қалыптасқан еді. Осыған орай өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бастапқы кезеңінде біздің Қызылқоға ауданының делегациясы Индер ауданына барып тәжірибе алмасты. Сол жолғы аралап, саралап көрудің нәтижесінде «Сапарда туған сыр» атты жолжазба очерк жазып, «Индер» басылымының екі нөміріне, яғни 1972 жылғы маусымның 29-ы және шілденің 1-і күндергі сандарында бөліп жарияладым. Мен бір нөмірін алдым да, ал екіншісін осы кезге дейін қолыма түсіре алмаған едім. Өзімде тұпнұсқасы сақталмағандықтан, «Дендер» газетінің редакциясынан қанша сұратсам да тауып бере алмады.

Өткен жылдың аяқ жағында «Атырау-Ақпарат» ЖШС-ның баспасөз клубында әдеттегідей емес, ерекше шара өткізілді. Ол Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сақтау қорынан «Дендер» газетінің 1937 жылдан бергі барлық санын сұраныс беру арқылы толық тауып, электронды нұс­қаларын жасатып, кейін қағазға түсіріп, тігінді жасатып, көпшілік көз­айымына айналдыру сәті еді. Газеттің осылайша тарихы түгелге дерлік тия­­нақталып жинақталуы индерлік редакция атқарған аса келелі іс болды.

Сол қордан әкелінген газеттің ішінен менің жоғым да табылып, редакцияның игі ісінің арқасында өз мұрағатымның жоғалған бір бөлшегін таптым. Ал «Дендер» газетінің ұжымы табанды­лықтарының, ізденістерінің, өз басылымының тарихын түгендеуге зор жауапкершілікпен қарауларының нәтижесінде газеттің 82 жылдық тарихын түгел қолға түсіріп, аса маңызды, қажетті істі орайлы тындырғандарына өз басым ерекше тәнті болдым.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Атырау облысы

 

...ой қозғайды

Кей енелер кімге үлгі болмақ?

Бір күні дүкенге жасы 50-дің шамасындағы әйел келіп, келінін жамандай бастады. «Күнде үйді жинай береді, жинай берме деп ұрысқан едім, қойдай жуас болып жүретін келінім маған сөз қайтарды», дейді. «Әпке, сіздікі мүлдем қызық екен. Кей енелер келіндеріне үй жинамайсың деп ренжиді ғой. Келінім басында жуас еді дейсіз, басында жуас екен деп басынып, төбесіне мініп аласыздар. Содан соң әртүрлі сөз айтып, тірлігіне айып тағасыздар. Шыдамның да шегі бар ғой, қашанға дейін сіздердің айтқандарыңыздан шықпай жүре бермек? Оның да жұртпен араласқысы келеді емес пе? Барды барында бағалай білу керек қой. Сізге тәрбиесі нашар, дөрекі келін жолыққанда қайтер едіңіз?», деген едім, ұялып дүкеннен үнсіз шығып кетті.

Айтайын дегенім, «қазіргі келіндер ондай», «қазіргі келіндер мұндай» деп жамандай бермей, енелер бірінші өздері үлгі боларлықтай тірлік істесе екен деймін. Шалбар киіп, шашын қызылға бояған енелерден қандай тәрбие болмақ? Одан қалса балағаттап сөйлейді, шарап ішетіндері бар. Бұрынғы енелерімізде өнеге-үлгі көп болған ғой. Басындағы орамалдарын ешқашан шешпеген. Ер кісіге қарсы сөйлеу былай тұрсын, алдын кесіп өтпеген. Бүгінде келінін қызындай көріп жүргендер бар болғанмен, саусақпен санарлық ғана қалды. Бұлай кете берсек болашақ ұрпағымыздың күні не болмақ?

Р.ӨМІРЖАНҚЫЗЫ

Жамбыл облысы

 

...үлгі тұтады

Нағыз жігіттер топ жарды

Маңғыстау аудандық жастар орталығы және аудандық білім бөлімінің қолдауымен «Нағыз жігіт-2019» байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – қатысушы жігіттердің қарым-қабілеттерін саралап, жүзден жүйрік шыққанға «Нағыз жігіт» атағын беру. «Мен қазақтың баласы» бөлімінде қатысушылар өздерін таныстырса, «Өнерлі жігіт – ел ырысы» бөлімінде жиналған қауымға өнерлерін көрсетті. «Ақылды ер – елдің қамын жер» бөлімінде жастардың зияткерлік сұрақтар арқылы білімі тексерілді. Ал соңғы «Ата салтым – ұраным» бөлімінде салт-дәстүрге арналған сұрақтар қойылып, ұлттық құндылықтар бағаланды. Өнер бөлімінде бірі қара сөз оқып, енді бірі ән айтып, биін биледі.

Әр бөлімге қойылған талап та жоғары деңгейде болды. Үміткерлерге өздерін әр қырынан көрсете білуі үшін 3 минут қана берілген. Төрт бөлімде де сыннан сүрінбей өткен мықты нағыз жігіт анықталды. Ол Шайыр ауылының тумасы «Нағыз жігіт» байқауының бірінші орын иегері Нұрғиса Қалдыбекұлы атанды. Ал жүлделі екінші орынды Жармыш ауылының тумасы Жақсылық Ақбердиев, үшінші орынды Маңғыстау техникалық колледжінің 1 курс студенті Аян Мейрамбекұлы иеленді. Қалған қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы